Жазушы болғың келе ме?

Жазушы деген кім? Оның негізгі мақсаты не? Жаза білген адамның барлығы жазушы емес. Белгілі бір құбылысты, оқиғаны, әңгімені астарлы сөздермен қатар көркемдік тәсілде оқырманның назарына жеткізе білген адамды жазушы деуге келеді. Құдайға шүкір, біздің елде ондай таланттар көптеп кездеседі. Мысалы, «Абай жолын» халыққа ұсынған Мұхтар Әуезов біздің елге ғана емес, әлемдік оқырмандардың ықыласына бөленді. Содан соң Қазақ елі тағы да асқақ жазушы, көрнекті тұлға ретінде Сәбит Мұқановты таныды. Оның қаламынан туған «Аққан жұлдыз», «Балуан Шолақ»сияқты шығармалары қалың оқырманның жүрегіне жетіп қана қоймай, өмірлерін өзгертуге мүмкіндік қалыптастырды…

Ал осы қаламгерлердің ізбасары ретінде қалыптасқан, ер мінезді, биік рухты, кең жүректі тұлғаны біздің халық білді. Ол – Шерхан Мұртаза. Шерхан Мұртаза туралы әңгіме бастасақ таң атып, күн батады…
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келіпті. Балалық шағы сұрапыл соғыспен қатар келгендіктен ерте ер жетуге тура келді. Қиындықты да, қасіретті де қатар көрген ұлы тұлғаны тағдырдың қатал сынағы сындыра алмады. Мектепті бітірген Шерхан Мұртаза Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің журналистика факультетіне оқуға түседі. Оқуын сәтті аяқтаған Шераға «Лениншіл жас» газетінің бас редакторлығына жұмысқа орналасқан. Осы кезде жанына жан-жақтан жастарды шақыртады. Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев сияқты талантты мамандарды қызметке шақыртып, атышулы газетті жандандыра түседі. Оның қаламынан туған «Ай мен Айша», «Соғыстың соңғы жесірі», «Қырық бірінші жылғы келіншек» тәрізді туындылары әлі күнге дейін елдің назарында. Әсіресе, Тұрар Рысқұлов туралы жазған кітабы сол кездегі солақай үкіметтің кесірінен халыққа кеңінен жетпей қалса да, бүгінде елдің сүйікті кітабы. Ол – «Қызыл жебе» атты шығармасы. Осындай талай туындыларды халықтың назарына ұсынған данқты жазушының өмірлік жолы бұнымен аяқтала қойған жоқ. Өйткені елдің сөзін сөйлеу мақсатында, елге пайдасын тигізу үшін депутаттыққа да ұсынылды. Елдің сөзін сөйледі, дәулет жинаған жоқ. Елге пайдасын тигізді, атақ қуған жоқ. Сол үшін де халық жазушыны жақсы көрді, құрметтеді. Және құрметтей де береді! Замандастары көрнекті тұлғаны «Шер» деп атады. Ал кейінгі буын өкілдері «Шераға» деп төбесіне көтерді. Қалай болса да даңқты жазушы осы екі атқа лайықты. Шерхан Мұртаза – даңқты қолбасшы, ұлы тұлға Бауыржан Момышұлының жерлесі. Сол кезде ауылын аралап жүрген Бауыржан батыр анасының етегіне оралып, жылап тұрған 3-4 жасар баланы көріп, ұзақ ойланып: «Жеңеше, мына баладан айрылып қалма, мына баладан бірдеңе шығады»,-деген. Сол кездегі бала дәл осы Шерхан Мұртаза болыпты! Осындай Бауыржан Момышұлының мінезін жастайынан бойына сіңірген Шерхан ата-2018 жылдың 8 қазанында 86 жасында көз жұмды. Міне, дәл осындай кемеңгер тұлға туралы жазылған жазбамның бұл тек қана қысқа ғана түрі. Әйтпесе бұл кісінің ерен еңбегі мен өзінен кейінгі жастарды қалай қызғыштай қорғағаны туралы жазар болсақ, ол үлкен көлемді алады.

Ернар Маратов, жас тілші,
Маңғыстау облысы

ПІКІР ЖАЗУ