Балаларға базарлық
Жас оқырман! Назарларыңа әдебиеттің бірнеше саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан аталарың, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмұқан Жанұзақұлының балаларға арнап жазған өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Редакциядан
Тұңғыш немерем Шолпанға
Бала келсе өмірге,
Дана келді дегейсің.
Ата-әже тойларын,
Ала келді дегейсің.
Төңерегің толысып,
Қала болды дегейсің.
Шолпан сынды немерем,
Сусын болды дегейсің.
Әкесі мен шешесі,
Туысым болды дегейсің.
Иіскесем маңдайдан,
Шөлімді дереу қандырған.
Мініп алса жотама,
Жорғамды да салдырған.
Көре алмасам жарты күн,
Жанарымды талдырған.
«Атасын» естіп бал тілден,
Көңілім көкте жаңғырған.
Басыма базар орнатып,
Ортамды ұдай даң қылған.
Өте ме шіркін, шіркін-ай,
Адамзатқа мән бұдан?!
Келші! Жүгір, қарғашым,
Жарқыраған маңдайың.
Немерені искеп,
Жібісінші таңдайым!
Иә! Тәңір, бере гөр,
Балаларға балдай күн!
Тырналар қайтып барады
Тырналар қайтты, тыраулап.
Қара балам!
Анасы ертіп өтті ұшып далалардан.
Мойнын созып қарады туған жерге,
Осында туып-өскен паналар маң.
Күз келді.
Ертіп барад балаларын,
Тыраулайды, езеді адам жанын.
Ұшуға баулып барад балаларын,
Баулығаны сияқты аналарың.
Ұя басқан осында, көктем келіп,
Қайтып барад,
Заң солай,
Көктеп, өніп.
Табиғаттың сүйкімді ырғағы ғой,
Құс қайтты деп несіне өкпелелік?
Ажырамай барсын ол анасынан,
Даласынан Қазақтың бағы ашылған.
Сенде азамат боласың, сенде ұшасың,
Ұшақтармен бұлттардың арасынан.
Аспан көрсін, тауды ассын, теңіз көрсін,
Сенімі мен қайраты егіз болсын.
Адамзаттың сендерде бала құсы,
Сенде ұмтыл, әлемді көзің көрсін!
Құлыншағым
«Құлдыр, құлдыр құлыншақ,
Құлыншақты мінде шап».
Қарғып саған мінемін,
Ұят сенен жығылсақ.
Кісінейсің күлдірлеп,
Қарның әлде ашты ма?
Не сөйлейсің былдырлап,
Менімен жасың жасты ма?
Тұяғың болат құлыншақ,
Иіскеші қолымды.
Менде өзіңдей тұлымшақ,
Сипап берем жоныңды.
Күмістен жүген салайын,
Тұлпарға сені санайын.
Көсілте бір шабайын,
Мақтанып елге қарайын!
Үлкен ат бол!Мендағы,
Жігіт болып шығамын.
Ел қорғауға мінемін,
Қанатым деп ұғамын.
Қасқыр соғып аламын,
Қорғаны болам даланың.
Сен боласың тұлпарым,
Мен де батыр боламын!
Ақ шабақтың ерлігі
Тұнық көлге отырмын қармақ салып,
Несібемді қалуға қармап қалып.
Жаратыпты адамды тойымсыз ғып,
Жердің бетін өле ме жалмап барып…
Бір ақ шабақ ілінді,
Жанталасты,
Жанталасты, ажалмен тайталасты.
Қармағымнан бұлқынып қашпақ болды,
Бір кішкентай ауызын айқара ашты.
Ақ шабағым, па, неткен батыр еді,
Ажалменен айқасып жатыр енді.
Жағын жұлып, көліне сүңгіп кетті,
Қан майданға «қас жауын» шақырды енді.
Көлдің бетін тамшы қан бояп тұрды,
Қатыгездікмиым мен құлаққа ұрды.
Содан бастап балыққа құмарлығым,
Тіршілікте бойымнан жырақ тұрды.
Нұрмұқан ЖАНҰЗАҚҰЛЫ, Алматы қаласы