Дана Сүлеймен: УАҚЫТТЫ БАҒАЛА; ҮНЕМІ ІЗДЕНІСТЕ ЖҮР!

Познаньдағы Адам Мицкевич атындағы университет Польша университеттері ішіндегі ең үздік мемлекеттік университеттердің бірі. Осындай алдыңғы қатардағы жоғары оқу орнында өзіміздің отандасымыз Сүлеймен Дана  білім алып жатыр.

Қазіргі таңда 2017 жылдың қазан айынан бастап Польша Республикасы Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінде «Тіл білімі» мамандығы бойынша докторантурада білім алуда.

  • Дана, сұхбат беруге келіскеніңізге үлкен рақмет!  Шет елге түскісі келетін талапкерлерге сіздің берген сұхбатыңыз үлкен көмегін тигізеді деп сенемін. Неліктен Адам Мицкевич университетін таңдадыңыз?
  • Осыдан 5 жыл бұрын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығынында оқып жүріп, ІІ курста магистратурадағы ғылыми тағылымдамадан осы Польшадағы Адам Мицкевич университетінде өттім. Польша бойынша, тіпті Еуропа бойынша өзіндік алар орны бөлек Қазақтану бөлімі осы университетте. Бөлім Түркітану кафедрасына қарайды, ең алғаш ашылуына мұрындық болған белгілі түркітанушы, қазақтанушы ғалым – профессор Хенрик Янковски. 2002 жылы университетте түркі халықтарының тілін,әдебиетін, мәдениетін және тарихын зерттейтін маман жетілдіруді ойлаған ғалым бөлімде түрік тілімен қоса қазақ тілі оқытылуы керек деп Қазақстаннан маман шақыртады. Қазіргі Қазақтану бөлімінің басшысы, доктор Гүлайхан Ақтай әпкеміз қанатымен су сепкен қарлығаштай қазақ тілін поляк студенттерге оқытып, қазақтың бар құндылығымен таныстырып келеді. Бөлім ресми түрде 2009 жылы ашылған. Өткен жылы халықаралық конференция ұйымдастырылып, 10 жылдығын атап өтті. Осы себептерден де мен бұл университетті таңдадым.  
  • Қазіргі кезде қандай мамандық бойынша білім алудасыз?
  • Бакалавриатты да, магистратураны да «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдадым. Жалпы мектеп қабырғасынан «Қазақ тілі мен әдебиеті» бағыты бойынша әртүрлі республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындар алып, ұстаз боламын деген арман жетегінде өстім. Бұл мамандықты таңдау себебім де сол кездегі, тіпті қазір де бар болар , «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен сабақ беретін мұғалімдерді заманнан кері қалып қойғандай менсінбейтін әрі пәнді маңызды деп елемейтін көзқарасты, қоғам көзқарасын өзгерту болды. Университет қабырғасында екі жұмысымды да Шығыс және Орта ғасыр әдебиеті бойынша қорғадым. Ұстазым, шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей, бұл дәуірдегі әдебиетті қайта зерделеп, сонау Кеңес заманында айтылмаған тұсынан қайта қарауға бағыттады, баулыды. Қазір де қолым босай қалса, Низамиді, Сағдиді оқимын. Ал докторантура бойынша оқып жатқан мамандығым – «Тіл білімі». Әдебиет саласында жүріп, Тіл білімі бойынша неге оқып жүрсіз деген заңды сұрақ туындар. Бұның да өз себебі бар.  Мына кезеңде ана тілімізді оқыту, оны зерттеу, таныту, дәрежесін көтеру тақылеттес мәселелер өзекті болып отыр. Польшада поляк студенттеріне сабақ беру барысында тілді үйретуге қатысты бір жүйелі оқулық жоғын байқадым. «Тіл білімі» мамандығына түскеніме қайта қуанамын. «Бір кірпіш болып қалансам» деген арман бар. Ұстазым, профессор Янковски мырзаның жетекшілігімен қазақ тіліне қатысты зерттеу жүргізіп жатырмын.
  • Шет елдік университеттің біздің жоғары оқу орындарынан салыстырмалы түрде айырмашылығы қандай?
  • Мен салыстырмас едім. Салыстыру үшін екі жақтың оқытуға деген толық мүмкіншілігі деңгейлес әрі кезеңдес болуы керек. Польшаның тарихы тереңде. Ұлттық намысын бермеген халық. Ресми тілі де, ана тілі де – поляк тілі. Бұл – бірінші айырмашылық. Екінші айырмашылық – 100 жылдық тарихы бар тіпті сонау Орта ғасыр кезеңінде негізін қалаған оқу орындары бар. Яғни, біршама електен өткен оқыту жүйесі бар. Үшінші айырмашылық – білімге құрмет және адалдық. Плагиат деген сөз тіпті айтыла бермейді себебі бір бет жазса да өз білгендерін жазады. Білмесе, ақ қағаз тапсырады, көк қағаз емес. Бармақ баспайды, көз қыспайды. Төртінші айырмашылық – студентке мейлінше жеткілікті жағдай жасалған. ҰБТ( полякша Матура) бойынша белгілі межеден ассаңыз, белсенді әрі дарынды болсаңыз оқу тегін. Университет интернеті тегін. Кітапханадағы сканер қызметі тегін. Бесінші айырмашылық – әркім өз орнын біледі әрі ұстаздар білім алушыларға мейлінше көмекші, мысалы, кезекшілік сағаттарында міндетті түрде оқу орнында болып, қосымша кеңес береді. Үйренеріміз көп. Мен бұл арқылы біздің оқу орындарын төмен санап отырған жоқпын, тек өзімізді қамшылайтын тұстарымыз көп. 
  • Польша  елінде білім алу сізге қандай мүмкіндіктер сыйлады?
  • Біріншіден, рухани мүмкіндіктер сыйлады. Мен өз тілімді, дінімді, ұлтымды бұрынғыдан да қатты жақсы көремін. Барға шүкіршілік айту және болашаққа мол құштарлықпен ұмтылу. Білім алу барысында білім жүйесіне қатысты жаңа ойлардың туындауы. Ғылым жолымдағы ізденісіме қанат бітірді. Мейлінше қарапайым болу, білімді бөлісу, уақытты бағалау, үнемі ізденісте болу.
  • Университетке шет елдік студент ретінде түсу кезінде қиындықтар туындады ма?  Егер солай болса, бұл туралы аздап айтып берсеңіз?
  • Қиындықтар туындады. Өзім 25 жасымда алғаш рет ата-анам, елімнен алысқа шықтым. Сағыныш серігім болды әрі маған шамшырақ болды. Сүріндірмеді, ұятқа қалдырмады. Жеке өзімнің емес, қазақ қызының намысы бірінші орында тұрды. Дін бөлек, өйткені поляктар – католик. Тамақ жағынан қиналды, бірақ етсіз тағамдар дайындап, өзге пайдалы, дәруменге бай тағам түрлерін қолдандым. Ал оқуға келер болсам, жоғарыда атап өткен айырмашылықтар мені тәнті етті. Өзім ойлағандай білімге ерекше құрмет көрсетілетін ортаға тап болдым. Қиындық тіл үйрену барысы мен қоғамда адамдармен араласуда туындады. Бірақ 4-5 айдан кейін үйренісіп кеттім.
  • Польша елінде білім алу үшін қандай тілді білу қажет? 
  • Польшада ағылшын тілінде де оқуға болады. Өте жақсы бағдарламалар әрі мамандықтар бар. Бірақ поляк тілінде оқу ақысы арзанырақ. Университетке түсу үшін поляк тілі В2 деңгейінен кем болмауы керек. Сонда ғана оқуды поляк тілінде оқи аласыз. Ал ағылшын тілінде оқу үшін халықаралық талаптарға негізделген тіл білуіңізді растайтын сертификат (IELTS, TOEFL) қажет.
  • Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстандық студенттер қашықтықтан оқу арқылы білім алуда, ал сіздердің оқу орындарыңыздың білім беру жүйесі қандай?
  • Індет кезіндегі оқыту мәселесі тек біздің елде ғана емес, өзге елдерде де бар. Польша мемлекеті де алғашқы ауру меңдеген кезде қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Оффлайн түрде де пайдалануға бола беретін оқыту бағдарламаларын (кітаптар, қосымша дидактикалық құралдар, т.б.) пайдаланды. Яғни бұл бағдарламалар індет басталмағаннан бұрын қолға алынған дүниелер. Қоржындарындағы бар жиған-тергендерін пайдаланып, оқыту қиындығы аса білінбеді.
  • Сіз білім алып жатқан Адам Мицкевич университетіне түсу үшін Қазақстан жастарына қандай кеңес бересіз?
  • Қай тілде оқысаңыз да Польшада өмір сүру үшін, бар мүмкіндіктерді пайдалану үшін поляк тілін білуіңіз қажет. Ғылым мен білімге адал, оқимын деген талап керек. Ағылшын тілін білу арқылы ғылыми ізденісте көп пайдалы ақпарат ала алады. 
  • Дана, үлкен рақмет. Арманыңыз сізге қанат бітіргеніне сенімдімін. Алдағы уақытта Адам Мицкевич университетін үздік аяқтап, phd докторлығыңызды сәтті қорғап,  Қазақстанға еңбегі сіңер ғалым болыңыз! 

          Сұхбаттасқан – Ұлжан ХАСЕН, «Тұран» университетінің 3-курс студенті

 

ПІКІР ЖАЗУ