Баланың болмысын тану маңызды

Әрбір бала – жеке әлем. Осындай ойға «Еmpathy academy» балалар орталығымен танысқаннан соң келдік. Орталықтың басшысы, бірнеше педагогикалық кітаптардың авторы Елжас Ертайұлы мен осы орталықтың маманы, балалар психологы Айғаным Қуатқызымен әңгімелесудің реті келді. Мамандардың айтқан сөздерінен біраз үзінді келтіреміз. Ата-аналарға бала тәрбиесінде көмек қолын созатын орталық жайлы журналымызға ақпарат беруді жөн көріп отырмыз.
Редакциядан

 

Елжас Ертайұлы, «Еmpathy academy» орталығының басшысы:
Алматы қаласында 2017 жылдан бері ата-ана мен баланың арасында көпір орнатып, әрбір бала жеке тұлға деп үгіттейтін «Empathy academy» орталығы 4 жылдай жұмыс жасап келе жатыр. Орталықта білікті, орташа есеппен еңбек өтілі 5-6 жылдан астам мамандар: психолог, логопед және дефектолог жұмыс жасайды. Академиядағы барлық қызмет түрлері әрбір бала мен ата-анаға индивидуалды түрде өтеді. Көп жағдайда бізге келетін сауалдардың бірі – «балам мен үшін проблема болып жатыр, не істесем болады?!» Бұл жағдайда біздің жауабымыз: «Бала – ол проблема емес (проблема болу үшін дүниеге келмейді), сондықтан ата-ананың ең басты міндеті, баланы проблема ретінде көрсететін факторлармен жұмыс жасау, ал ол факторларды білу үшін, баланы тану қажет. Осы тұста біз ата-анаға баланы танып, түсінуге көмектесеміз.
Психологияда жиі қолданылатын сөз тіркесі бар: «балалық шағына өкпелеген адам, өмір бойы бақытсыз болады». Яғни, есейген кезде орын алатын барлық проблеманың бастамасы балалық шақтан болады. Расында, бұл тұжырым көптеген зерттеулер арқылы дәлел болып қалыптасты. Біздің тәніміз бен психикамыз бір-бірімен тығыз байланыста. Бұл дегеніміз, кішкентай кезімізде алған жарақатымыз, болашақта физикалық түрде емес, көбіне психологиялық түрде болатынын білдіреді. Сондықтан, түрлі фобиялар, әлеуметтік, психоэмоционалды проблемалармен жұмыс жасау үшін, түпсанамызда балалық шаққа саяхат жасауымыз қажет болады. Қазір қанша жаста болсақ та, бастамамыз балалық шақ. Ешкім балалық шақтан аттап, бірден есейіп кетпеді. Сол себепті, барлығымыз туыла салып, атымыз қойылмастан бұрын, адам тәнінің биологиялық құрылымына сәйкес, оның мінезіндегі ерекшеліктері қалыптасады, кейіннен уақыт өте келе, ол айқын көріне бастайды. Нақты тұрмыстық жағдайларда тұлғаның, белгілі бір іс-әрекетті жасауы оның типтік ерекшеліге сәйкес болады.
«Empathy academy» – тұлғаны дамыту орталығы, бір жастан бастап он жеті жасқа дейінгі балаларға индивидуалды түрде өз қызметін көрсетеді. Әрбір бала жеке тұлға болғандықтан, әрқайсысымен психолог жасына сәйкес жұмыс жасап, баланың қабілетін, ата-анасына айта алмай жүрген проблемасын, мінезіндегі ерекшеліктерін, ақпаратты қабылдау каналын, есте сақтау қабілетін, қызығушылығын, кішкентай кезінен бастап өз мамандығын анықтауға әсер ететін факторлармен жұмыс жасауын, күшті және әлсіз жақтарын, белгілі бір жағдайда көрсететін іс-әрекетінің анықтамасын береді. Қысқаша айтатын болсақ, медициалық диагностика арқылы тәнімізге қатысты ақпарат алатын болсақ, біздің диагностика арқылы балаңыздың психоэмоционалды жағдайын толық біліп шығасыз. Ешқандай ата-ана баласына қасақана жамандық жасаймын деп ойламайды. Бірақ, өз баласын толық немесе жартылай танымауының кесірінен, көптеген қателіктер жасап жатады. Ең көп кездесетін жағдайдың бірі, баламен ортақ тіл таба алмауы. Үш балам бар, барлығына жеткілікті көңіл бөлемін, үнемі үшеуін сүйіп, құшақтап махаббатымды көрсетемін. Бірақ, бір балам үнемі бөлектеніп тұрады, өзін отбасымызда артық санайды, сезімдерін түсінбеймін деп жатады. Бұл жағдай қалай орын алды, ата-ана балаға махаббатын білдіріп жатыр, бірақ бала тарапынан кері байланыс жоқ, қалайша бұлай болды?! Ең қарапайым түрде айтатын болсақ, өзін артық санайтын балаға тактильді қарым-қатынас (құшақтау, сүю, сипалау және т.б.) түрлері тітіркену \ түршігу сезімін беруі мүмкін. Ол бұл жерде махаббат емес, оған қайшы сезімді сезінеді. Сол үшін де баланың болмысын білу өте маңызды, сырттан келген ақпаратты қалай қабылдайды, ондай балаға үнемі сөз арқылы айтып, махаббат көрсету қажет: Мен сені жақсы көремін, сені мақтап тұтамын, мына қабілетің ұнайды және т.б. тактильді емес, сөйлеу арқылы жүзеге асатын қарым-қатынасты қолдану бала үшін өте тиімді болады. Сонымен қатар, бала өз жасына сай дұрыс дамып келе жатыр ма?! Ол ойлау, қиялдау, сөйлеу, ұсақ және ірі моторикасы (қол және ірі бұлшықеттері), есте сақтау қабілеті, дос табуы, ашық па немесе тұйық па, қорқыныш\фобиялары бар ма, жасөспірім балаларда көп кездесетін: суицидтік ойлар, стресс немесе депрессивті жағдайда болуы, жыныстық жетілу процесі, тек проблемалары емес, күшті жақтары өзіне деген сенімділігі, потенциалы, лидерлік қасиеттері бар ма, ерік жігері, жасына сай жауапкершілік алуы, баланың өміріне қатысты барлық ақпарат анықталады.

Егер жасына сай толық білгіңіз келсе:
4,5 жас: Баланың ірі және ұсақ моторикасын (ірі және ұсақ қол бұлшықеттерін) қолдануы, өз жасына сай дұрыс дамып келе жатыр ма?! Көп жағдайда ата-ана баланың жасына сәйкес жасалу қажет процестерден хабары болмағаны үшін, кейбір диагноздарды уақытынан кеш анықтап жатады. Сәйкесінше, қаншалықты кеш анықтаса, соншалықты уақыт бала үшін де, ата-анасы үшін де кері жұмыс жасайды. Балада уақытылы даму болмаса, кері даму процесі іске қосылады. Осы жастағы балалардың сөйлеу мәселесі, өз-өзіне қызмет көрсетуі, нұсқаулықты түсініп, орындауы, агрессия көрсетуі, бауырларынан қызғануы, балабақшаға баруға дайын ба, осы процестердің барлығы анықталып, ата-анасына баламен қалай жұмыс жасау қажет, қай жағына көбірек мән беру және т.б. нұсқаулықтар психологиялық консультация барысында беріледі.
Ал мектеп жасына дейінгі 5-6 жастағы балаларға 2-2,5 сағат, 7-17 жастағы балаларға 3-3,5 сағат көлемінде логикалық, физикалық, эмоционалды түрде шешімін табуы керек тестер мен методикалар психологтың бақылауы арқылы жүзеге асады. Бұл жерде бала мектепке дайын ба?! Яғни көп жағдайда баланың жасы келген үшін мектепке береді, ал ол бала мектепке бару үшін сегіз бағытта жеткілікті дамыған болуына ешкім мән бермейді. Кейіннен осының салдарынан бала мектепте сабақ оқығысы келмейді немесе өз қатарластарынан оқуда, жазуда, есептеуде артта қалып жатады. Дос табуында әлеуметтік проблемалар да туындауы мүмкін. Тіпті бала мектепке барып қойған жағдайдың өзінде, оны қандай үйірмеге беру керек қабілетін дамыту үшін, IQ — интеллект коэфициенті қандай? Баланың зейіні шоғырланған ба, отбасында өзін қалай сезінеді, қарсы реакция білдіреді ме, өзін ұстау процесі және т.б анықталады. Сәйкесінше баланың психоэмоционалды жағдайы анықталғаннан кейін, шешім ретінде ата-анаға консультация беріледі. Осылайша орталықта төрт тілде (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше) барлық ата-ана мен балаға қолжетімді болу үшін диагностика жүреді.
15 пен 25 жас аралығындағы тұлғаларға мамандық таңдау тестері жасалып, ол таңдаған мамандығы баланың өмірлік ұстанымына, мінезіне сәйкес пе, қызығушылығы қаншалықты рөл ойнайды, қандай мамандық сәйкес келетіндігі анықталып, балаға және ата-анаға жеке консультация беріледі.

Айғаным Қуатқызы, педагогика ғылымдарының магистрі, балалар психологы:
Сонымен қатар, біздің орталық 3 жастан жоғары ерекше балалармен коррекциялық жұмыстар жасайды. Нақты диагнозы қойылған: ЗПР, ЗРР, ЗПРР, Аутизм, Логоневроз, Энурез, СДВГ, Дислексия, Сенсомоторлы алалея, өзіне деген сенімділігі төмен, ойын жеткізе алмайтын, сөз сөйлеуінде, сөйлем құрауында, ақпаратты қабылдауында, агрессия, үнемі қобалжулы күйде болатын болса, эмоциясын басқара алмаған және т.б. проблемалар кезінде біз Франциядан келген Берард (Berard AIT) деп аталатын нейротерапиямызды, Сингапурлық миға дамыту жұмыстарын жасайтын Brain game бағдарламасын, Америкалық ғарышкерлерді дайындайтын «Nasa» технологиясының негізінде жасалған Play Attention құрылғысы, психологиялық коучинг пен авторлық I play деп аталатын ойын терапиялар ұсынылады. Міндетті түрде баланың проблемасына сәйкес мамандар бекітіледі. Ол психолог, логопед немесе дефектолог болады. Терапиялардың ерекшеліктерінің және мамандарымыздың біліктілігінің арқасында, көптеген балаларымызда жақсы өзгерістер болып, оң нәтижелер орын алуда. Ата ана баланың жарқын болашағына үлес қосу мақсатында, Қазақстанның барлық қалаларынан келіп өтіп кетеді. Және біз өз кезегімізде ол кісілермен байланыс үзбейміз. Терапияға сәйкес белгілі бір уақыт көлемінде хабарласып, баланың қал жағдайын біліп тұрамыз. Даму жұмыстары жасалып жатыр ма, ата-ана біз берген нұсқаулықты жасайды ма, соны анықтап отырамыз.
Қазіргі таңда біз Қазақстанның 3 қаласында қызмет көрсетеміз. Олар: Нұр-Сұлтан, Ақтау және Алматы. Әрбір бала психологиялық көмекті міндетті түрде алуы үшін, ата-анасы баласымен қарым-қатынасын жақсартып, тану мақсатында біз барлық қала мен облыстардың мектеп, балабақша, оқу және дамыту орталықтарымен серіктестік жайлы келіссөздер жасап, қосымша тағы серіктес болғысы келетін орталықтар мен баланың болашағын ойлайтын жандарды іздестіріп жатырмыз.
Жанды болсын, жансыз болсын, әрбір зат пен адамның бұл өмірде белгілі бір миссиясы болады. Біз өзіміздің миссиямыз ретінде психологиялық жарақаты жоқ, өзіне сенімді, адамгершілігі мол, таңдау жасау арқылы жауапкершілік ала білетін, саналы, өмірдің кереметін көре де, сезіне де алатын есейген тұлғаны қалыптастырып, қоғамды құраушы элемент жасауды таңдап алдық. Мұндай есейген тұлға болу үшін, балалық шағы дұрыс болуы қажет. Мені де солай тәрбиелеген, балам да сондай болады деген шынжырды үзуіміз керек. Психологиялық сау балаларды қалыптастыру арқылы саналы қоғамды қалыптастыру қажет.

ПІКІР ЖАЗУ