Сынаққа толы жылдың сындарлы жемісі
Біз ғана емес әлем халықтары үшін де сынаққа толы болған жылдың аяқталар тұсы да таяп қалды. Осы орайда жамбылдықтар да қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Алайда, дамудың даңғыл жолынан таймадық. Өңірде талай-талай табысты жобалар мен ілкімді істер қолға алынған. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік коммуникациялар алаңында берген брифингінде жан-жақты баяндап берді. Енді солардың негізгілеріне тоқталып өтсек.
Инвестиция игілігі
Бердібек Машбекұлының айтуынша инвестициялық жобалардың арқасында үнемі энергия тапшылығын көріп отырған аймақтың энергетикалық тәуелсіздігі арта түспек. Жыл басынан бері өңірде құны 25,7 миллиард теңгені құрайтын жеті инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішіндегі екі жоба – жалпы қуаты 9 МВт болатын «Wind Power city» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Wind Electricity» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жел электр станцияларының құрылысы.
– Жалпы алғанда, осы жылы облыста қуаты 133,8 МВт болатын, құны 54,5 миллиард теңгені құрайтын баламалы электр қуатын өндіретін төрт жоба жүзеге асырылуда. Жобалар аяқталғаннан кейін жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 403,65 МВт-ты құрайды. Нәтижесінде олардың үлесі өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінің 30 пайызына дейін артады, — деді аймақ басшысы.
Электр энергиясын өндіруді арттыру – бұл өнеркәсіптік өндіріс пен тауарлық кәсіпкерлікті дамытуға қарқын қосып, алға ұмтылып жатқан аймақ экономикасының маңызды құрамдас бөлігі. Мәселен, тек «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 73 миллиард теңгенің 147 жобасы мақұлданды және 49,1 миллиард теңгеге 136 жоба несиелендірілді.
– Биыл 368 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған, есепті кезең бойынша 255 миллиард теңге тартылды, – деді облыс әкімі.
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімі 102,1 пайызды құрады.
Спикер сондай-ақ Жамбыл облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша қарқынды өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Айталық, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 пайызға (408,2 миллиард теңге), ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға (332,6 миллиард теңге), құрылыс 39,5 пайызға (129,7 миллиард теңге), тұрғын үй пайдалануға беру 7 пайызға (460,3 мың шаршы метр) өсті.
Дәрі-дәрмектен тапшылық болмайды
Сонымен қатар облыста жыл басынан бері фармацевтикалық кәсіпорындар өнімінің көлемі 10 есеге өсіп, шамамен 2 млрд теңгені құраған.
– «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев фармацевтика саласын аяққа тұрғызатын кез келгенін ерекше атап көрсеткен еді. Аймақта өндіріс көлемі ұлғайып, импортты алмастыру бағытына аяқ басты. Ірі жобалардың бірі – Гвардейский ауылында отандық иммундық дәрі-дәрмектер шығаратын зауыт құрылысы, — деп атап өтті ол.
Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастайды деп жоспарланған. Мұнда әлемдік GMP стандарттарына сәйкес иммунобиологиялық препараттар шығарылады, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, терінің ісінуіне және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы қазақстандық вакциналар бар. Жыл сайын 60 миллион дозаға дейін биологиялық өнім шығару жоспарланып отыр.
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері үшін 60 пәтерлік тұрғын үй салынуда. Одан бөлек тағы екі үйдің құрылысы жоспарланған.
Сонымен қатар Таразда «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік кешенінің құрылысы аяқталғалы тұр. Жылына 15 миллион, оның ішінде коронавируске, А, В, С гепатиттеріне, есірткі заттарының болуына және тағы басқаларына арналған экспресс-тест шығару жоспарлануда. Өндірістік қоймаларда дәрі-дәрмектің алты айлық қорын сақтауға болады.
Медициналық бұйымдар шығаруға мамандандырылған «Супер-фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны өнім түрлерін кеңейтуді көздеп отыр. Компания бір реттік медициналық бетперделер, бір рет қолданылатын төсек жапқыштары, аяқ киімдер, комбинезондар, бас киімдер мен хирургиялық халаттар – барлығы 300-ден астам бұйым шығарады. Лейкопластырь, пластырь, спиртті майлықтар және басқа да өнімдер шығаратын зауыттың екінші кезеңі аяқталды. Келесі жылы серіктестік бір реттік шприцтер, инсулин және туберкулин шприцтерін шығаруды қолға алмақ.
Өнеркәсіпте өрлеу бар
Ал ағымдағы жылдың 10 айында Жамбыл облысының шаруалары 332,6 миллиард теңгенің өнімін өндірген.
«Экономикалық дағдарыс пен коронавирустық пандемияны ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Негізгі міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тамақ өнімдерін импортпен алмастыруға басымдық беру, дәстүрлі емес дақылдар мен тамақ өңдеу өнеркәсібін дамыту», — деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Карантиндік шараларға қарамастан, агроөнеркәсіптік кешенде тұрақты өсім байқалады, көктемгі және күзгі дала жұмыстары уақытында жүргізілді. Егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайтылып, 735 мың гектарды құрады. 817 мың тонна астық жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы дақылдарының барлығында жиын-теріннің өскені байқалады.
–Жамбыл облысы пияз өндірісі бойынша республикада көшбасшы болып тұр. Аймақта елдегі пияздың жалпы көлемінің 75 пайызы өсіріледі. Ағымдағы жылы жиналған өнім 691 мың тоннаны құрады. Оның 41,2 мың тоннасы қазірдің өзінде ТМД елдеріне, Ирак, Австралия, Сербия, Түркия, Пәкістан, Польшаға жөнелтілді. Бізге осы бағытта жұмыс істей беру керек, әсіресе жаңа технологиялар мен сұрып түрлерін енгізіп, көкөніс қоймаларын көбейтуіміз қажет. Бұл көкөніс түрі еліміздің кез келген аймағында өсе бермейді. Сондықтан пияз біздің облыстың бренді бола алады, — дейді Бердібек Сапарбаев.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазір егіс алқаптары әртараптандырылып жатыр. Алғашқы рет 835 гектар алқапқа күзгі рапс егілді. Түркиялық инвестордың қатысуымен таңқурай мен құлпынай отырғызылып, алма бақтарының аумағы кеңейтіліп жатыр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 11,5 мың гектар суармалы алқаптар қалпына келтіріліп, жалпы аумағы 178,5 мың гектарға жеті. Заманауи технологияларды енгізудің арқасында интенсивті бақтардың аумағы 27 пайызға ұлғайтылды. Пайдаланылмай жатқан 72,1 мың гектар ауыл шаруашылық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды, — деді аймақ басшысы.
Аймақта ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, оның ішінде қуаттылығы 148 мың тонна «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қант зауыты, «K-Agro Holding» компаниясының 70 мың тонна картоп фриін шығаратын зауыты, «Алел Агро» ЖШС-нің қуаттылығы 45 мың тонналық құс фабрикасы бар. Бұл жобалардың жалпы құны 167 миллиард теңгені құрайды.
Биліктің қолдауы бизнеске серпін беруде
«Жамбыл облысында 125 мың адам жұмыс істейтін 70 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі. Осы жылдың 10 айында шағын және орта бизнестің өндіретін өнімдері мен көрсететін қызметтерінің көлемі 9,2 пайызға өсіп, 194 миллиард теңгені құрады. Бұған Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қолымыз жетті. Шағын және орта бизнесті қолдауға барлығы 8,3 миллиард теңге бөлінді», — деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Атап айтсақ, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 152 кәсіпкерге 1,2 миллиард теңге төленді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 6,4 мың адам 3,5 миллиард теңге көлемінде жаңа кәсіп көздерін ашып, оны жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз грант алды, 1,2 мың кәсіпкер 3,6 миллиард теңге көлемінде шағын несие алды.
Барлығы 14,1 мың кәсіпкерлік субъектісі жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге салықтық жеңілдіктерге ілініп, 740 субъектінің 3,9 миллиард теңге көлеміндегі несиелерін өтеуі кейінге қалдырылды. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21 пайызға дейін өсіп, 361 миллиард теңгені құрайды.
Шағын және орта бизнесті қаржылық қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы жоспарда жаңа жұмыс орындарын ашу шаралары да қамтылған.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына барлығы 73 мыңға жуық адам қатысты. Есепті кезеңде 30,6 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 19,1 мыңы тұрақты.
Жақсы нәтижеге Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асырудың арқасында қол жетті. Жалпы сомасы 64,2 миллиард теңгеге 809 жоба аясында 20 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы жобалардың нәтижесінде апатты және үш ауысымды мектептер саны азайды, 1346 шақырым жолға асфальт төселді, әлеуметтік нысандар жөнделді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жаңартылды.
Әлеуметтің әлеуетіне ерекше назар
Ағымдағы жылы Жамбыл облысының тұрғындарына әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетуге 44,6 миллиард теңге қарастырылыпты. Айталық, «Biz birgemiz» акциясы аясында еріктілер 24 мыңға жуық отбасына азық-түлік себеттерін жеткізді, 39 мыңға жуық адам 50 мың теңгеден төлем алды.
Атаулы әлеуметтік көмекпен 62,1 мың адам немесе 11,5 мың отбасы қамтылып, оларға 3,5 миллиард теңге жұмсалды.
Халықтың әлеуметтік осал топтары арасынан 83,2 мың адамға жалпы 1,6 миллиард теңге көлеміндегі азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтары үшін төлем берілді. Бір жастан алты жасқа дейінгі 13,5 мың бала 700 миллион теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен, 14,7 мың азамат жалпы 1,1 миллиард теңге болатын басқа да әлеуметтік төлемдермен қамтылды.
Өңірдің 82 мың тұрғынының 2,4 миллиард теңге сомасындағы коммуналдық төлемдер шығындары өтелді.
42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдерге пандемия кезеңінде табыссыз қалған 185 мың азамат қол жеткізді. Оларға барлығы 11,9 миллиард теңге қарастырылды. 44,1 мың адамға кепілдендірілмеген тұтынушылық несиелер бойынша 21,5 миллиард теңге қарызын төлеуге көмек көрсетілді.
Баспана – бақыт шамы
Сондай-ақ, биыл Жамбыл облысында 615 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 10 айында 460 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді десек, бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті пайызға көп.
«Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылысына 33,2 миллиард теңге бағытталған. Нәтижесінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2,5 мың жер учаскесіне инженерлік коммуникациялар жүргізу жоспарлануда.
«Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында 3766 пәтерлік 65 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 945 пәтерлі 17 тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерді, нәтижесінде кезекте тұрған 530 отбасы баспаналы болды. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
Жыл соңына дейін ауданы 115 мың шаршы метрді құрайтын тағы 38 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Осылайша, 2236 отбасының баспана мәселелері шешілмек.
Сонымен қатар, өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ежелгі асар дәстүрі жаңғыртылуда. «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты – ауылдастарының ортақ күшімен мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көп балалы отбасылар секілді көршілеріне тұрғын үй салып беру болып табылады.
Бұл ретте бірінші кезекте кімге көмек көрсету керектігін жергілікті ақсақалдар кеңесінің мақұлдауымен тұрғындардың өздері шешеді. Жер учаскесін бөлу мен құрылыс материалдарымен қамтуда жергілікті атқарушы органдар да игі іске атсалысады.
Биыл көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі «Асар» бастамасы аясында облыс бойынша 117 үйдің құрылысы қолға алынса, оның 45-і аяқталған. Жыл соңына дейін тағы 56 үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.