Тың жоба табысқа кенелтуде

Былтыр Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмысын арттыруды көздеген тың жоба қолға алынған болатын. Ол туралы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндаған.

 

Ауылды жердегі халықты жаппай жұмыспен қамтудың бірден бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту деген шешімге келген басшылық арнайы жұмысшы топ құрып, өңірдегі барлық аудан, ауылдық елдімекендерге арнайы барып, 138 мың аула толық зерделенген еді.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, салыстырмалы түрде тұрғындар қосалқы шаруашылықты тиісті ұйымдастыру жұмыстарының жоқтығынан тиімді табыс көзіне айналдыра алмай отыр деген қорытындыға келген-ді. Осы зерделеу барысында тұрғындардың ұсыныстарымен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған 5 бағыт қарастырылды. Олар: үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы (пайлық) жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды жемісті жүргізуге қолбайлау-мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру.
Бұл 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру көзделді. Нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылып, 68 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады деп жоспарланған.
Сол секілді, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34 пайызға ұлғайып, Сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 30 пайызға артуы есептелген. Бұл әлбетте жалпы жұмыстың түпкі табысына айналмақ.
Әйтсе де, әу бастан пилоттық жобаның жемістілігіне көз жеткізу үшін әрі жұмыстың үлгі-бастауы ретінде облыстың он ауылдық округі таңдалып алынды. Бұл – жоспарлы жұмыстың алғашқы кезеңі. Он ауылдық округ бойынша 7 мыңнан астам аула қамтылады десек, онда 1117 гектар үй іргесіндегі жерлер бар. Бау-бақшалықтың тиімділігін еселеуде жылыжайлардың, мал шаруашылығын көтеруде кооперативтердің маңыздылығы ескерілген. Сондай-ақ, ол үшін сапалы тұқым, көшет, тыңайтқыштарды тауып, жеткізіп беру, тіпті, тапшы техника мен қажетті мамандармен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады.
Қысқасы, жамбылдықтар ұсынған жаңа жобаға үкімет қолдау білдіріп, қаржы бөлді. «Барлығымыз Жамбыл облысының экономикасын жақсы білеміз, дотациялық өңір. Халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың ең көбі де осы Жамбыл өңірінде. Оның ішінде тұрақты табысы жоқ ауылда тұратындардың да 60 пайызы Жамбыл өңірінде екен. Сондықтан ұсынылған жоба өте дұрыс. Ең негізгісі ауылда тұратындардың өзін-өзі асырап, тұрмысын жақсартуға үлкен септігін тигізеді» деп баға берген үкімет басшысының сол кездегі орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына әкім болып келгенде де аталған жобаның ары қарай жалғасын табуына күш салды. Бүгінде Бердібек Мәшбекұлының басшылығымен аталған жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 8471 млн. теңге несие қаражаты игерілді, оның ішінде «Тараз» ӘКК» АҚ-ы арқылы 7 200 млн. теңгеге 2,5 пайызбен 2489 өтінім қаржыландырылды. «Тараз» МҚҰ» ЖШС-гі арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларына 1271 млн. теңге несие қаражаты 5 пайызбен қаржыландырылды. Жоба барысында 10 ауданнан 11 пилоттық ауылдық округ, 25 елді мекеннен 8564 аула 2478 тұрғын мен 11 кооператив несиеленді.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтан осынау бес бағыттан тұратын жобаның жүзеге асырылу барысын сұрадық. Берік Болатұлы аталған жобаның жай-жапсарын жетік білетін екі адам болса бірі, біреу болса соның өзі. Себебі, өткен жылы ауылшаруашылық басқармасының басшысы ретінде жобаны жасауға атсалысса, бүгінде облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары. Берік Болатұлының айтуынша, жобаның үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану жөніндегі бірінші бағыты бойынша 11 кооператив125,9 млн. 16 жылыжай 138,1 млн. теңге несие алған. Бұл бағытқа жалпы пилоттық ауылдық округтердегі 8 337 жері бар аулалардың 7 856 ауласы қатысуда (қамтылуы 94 пайыз). Бүгінгі күні осы аулалардың үй іргесіндегі игерілетін – 932 гектар жер жоспарға сәйкес игерілді. Екінші бағыт – аулада мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту бойынша 6905 млн. теңге 44850 бас мал сатып алынды. Сатып алынған барлық ауыл шаруашылығы жануарлары қажетті ветеринариялық бақылаудан өткен және АШЖБ дерек қорына тіркелген.Үшінші бағыт – тұрғындардың ауыл сыртындағы жерлерін тиімді пайдалану бойынша 230,1 млн. теңгеге 10325 гектар ауыл сыртындағы егістік жер игерілді. Төртінші бағыт – ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар лизинг жүйесімен сатып алу бойынша 1006,4 млн. теңгеге 191 дана техника алынды. Алынған ауыл шаруашылығы техникалары бүгінгі күні толығымен көктемгі дала жұмыстары мен егін орағына қатысып өз қызметтерін шағын шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлерге келісім шартпен ұсынуда.
Бесінші бағыт – ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашуға 64,7 млн. теңгеге 12 жоба қаржыландырылған.
Жалпы іске асырылып отырған 5 бағыт бойынша бүгінгі таңда, үй іргесінен – 7687,1 тонна көкөніс өндірілді, оның ішінде: қызанақ — 1912,2 тн., қияр — 1025,2 тн., сарымсақ – 41,7 тн., картоп — 2101 тн., пияз — 1200 тн., жүгері — 129 тн., қырыққабат – 180,1 тн., сәбіз — 105 тн., қауын — 224 тн., қарбыз — 134,4 тн., асқабақ — 92 тн., жоңышқа — 493 тн. Шағын 16 жылыжайдан 32,1 тонна көлемінде өнім жиналды (қияр мен қызанақ). Мал шаруашылығынан – 826,7 тонна ет, 2312,8 тонна сүт, ауыл сыртындағы жерлерді игеруден – 17988 тонна дәнді дақылдар, оның ішінде: арпа – 5874,8 тонна, бидай – 1253 тонна, көпжылдық шөп – 11195 тонна, жүгері – 1160 тоннаны құраған.
Облыс әкімінің орынбасары Берік Болатұлынан естіген бұл мәліметтеріміз шынында көңілге қуаныш ұялатты. Үкіметтен бөлінген ауқымды қаржы ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеп жатыр екен. Бұған біз Сарысу ауданында болғанымызда да көз жеткіздік. Аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов пилоттық жоба жүзеге асып жатқан Байқадам ауылдық округіне алып барды. Кеңестік кезеңде аудан орталығы болған ауыл кейін тоқсаныншы жылдардың тоқырауында тұрмысы біраз тұралап қалып еді. Соңғы жылдардағы қолдау-көмектің нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, тұрмысы түзеліп қалғаны бірден байқалады. Аудан әкімінің айтуынша 6006 адам тұратын ауылда 984 аула бар екен. Пилоттық жоба бойынша тұрғындарға 2,5 пайызбен 5 жылға жалпы сомасы 915 млн 571 мың тенге несие беріліпті.
«Оның ішінде мал сатып алу үшін 300 адамға 778 млн 311 мың теңге, 1 кооперативке 87 миллион 380 мың теңге, 2 жылыжайға 21 миллион 200 мың теңге, 1 наубайханаға 9 миллион 080 мың теңге, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға 760 мың теңге, ал ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалануға 18 миллион 840 мың теңге қарастырылған.
Пилоттық жоба бойынша ауылдық округтегі 984 ауланың ішінде 901 аула (92,0%) 118 га гектар үй іргесіндегі егістік жерді пайдаланды. Үй іргесіндегі егіске жарамды 118 га жердің 72 га яғни 40,0 гектар қызанақ және 32,0 гектар қияр өсірілді, қалған 46 га басқа бақша дақылдары. Үй іргесіндегі жерге қызанақ пен қиярдың себу материалдарын алуға «Саудакент 2019» кооперативіне айналым қаражатын толтыруға 760,0 мың теңге беріліп 901 аулаға «Саудакент 2019» кооператив есебінен тұрғындарға 20 000 қызанақ көшеті мен 20 кг қияр ұрығы таратылды. Жалпы 40 га қызанақтан 130 тн өнім жиналып 150 тенгеден аудан тұрғындарына сатылды. Табысы 130 тоннадан 150 тг/кг соммасы 19 млн 500 мың теңгені құрады. 32 га қиярдан 94,6 тн қияр өнім жиналып аудандық, ауылдық округтердегі орталық базарларда сатылды. Табысы 94,6 тоннадан 150 тг/кг сомасы 14 млн 184 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, ауылдық округте екі азамат үй іргесіндегі жерге жылыжай тұрғызуға 21 млн. 200 мың теңге несие алды. Ауыл тұрғыны Утешов Тұрсынбай 15,0 млн тенге мемлекетке кайтарды. Жеке кәсіпкер Б.Сармолдаев, несие соммасы – 6 200 000 тенгеге көлемі – 4 сотық, жылыжай құрылысын жүргізіп қияр өсірді. 2 айда өндірілген өнім көлемі – 4,2 тн 200 теңгеден сатып, 2 айдағы табыс көлемі – 840 мың тенгені құрады.
2021 жылдың ақпан айында 60 түп лимон ағашын егу жоспарлануда. 1 түп лимон ағашынан 15 кг лимон алынады. Округ бойынша мал сатып алуға 300 өтінім түсіп, берілген несие сомасы 778 млн 311 мың теңгені құрады. Пилоттық жоба бойынша алынған малдан 912 бас мүйізді ірі қараның 115 бас бұқа бордақыланды. 797 бас аналық бастан 398 бұзау, 747 бас жылқыдан 373 құлын, 2235 бас майда малдан 1117 бас төлдер алынды. Алынған несие нысаналы мақсатына сәйкес жоспар 101% орындалды. Ауыл тұрғындарының қолда бар малы мен сатып алынған малға азық дайындау үшін, «Саудакент-2019» ауыл шаруашылығы кооперативіне 300,0 гектар тәліми егістік, 2793,0 гектар шабындық және 3811,75 гектар жайылымдық жер берілді. «Саудакент 2019» кооперативі 300,0 гектар жаздық арпа егіп өнімі 195 тн және бірлескен қызмет арқылы «Мұрат» шаруашылығы мен 500 га жаздық арпа егіп, өнімі 325 тн болды. Бірлескен қызмет арқылы «Игілік» ӨК 102 гектар, «Жанторе» ЖШС мен 32 га суармалы егістік алқабына дәндік жүгері егілді. «Саудакент 2019» кооперативі 8 га жүгеріден 48 тн өнім, 8 га көп жылдық шөптерінен 20 тн өнім алынды. Барлығы 950 га жер егістік егілді. Кооперативтерді жабдықтау 5 — адамнан құралған 901 мүшелері сайланды. Жалпы кооперативті қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауға 20 дана техникалар мен қондырғылар 87 млн 380 мың теңгеге лизингке берілді. 1- Комбайн ЕСІЛ, 3 – дана Трактор тиісті тіркемелерімен (тұқым сепкіш, 2- соқа, кун, тырма т.б.) алынды. Президент қолдап, Үкімет мақұлдаған жобаны жұмыла жүзеге асыру мерейлі міндет болса, жауапкершілік жүгі одан да батпан.
Тұрғындардың тұрмысын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар Сарысу ауданындағы Байқадам ауылдық округінде табысты жүзеге асуда. Пилоттық он ауылдық округтің бірі саналатын саудакенттіктер бұл таңдау өздеріне бұйырған бақ деп түсінеді»,-дейді аудан басшысы Бақытжан Жақсылықов.
Ал пилоттық жоба бойынша несие алып, жылқы бордақылап отырған Алтай Нұрманов: «Қазіргі таңда Саудакент ауылына несие беріліп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту пилоттық жобасы жүріп жатыр. Мен де осы жобаға қатысып, жеке иелігімдегі тұрғын үйімді кепілге қою арқылы несие алдым. 4 бас жылқы алдым. Алдағы уақытта төрт түлік мал аламын деп жоспарлап отырмын»,-деді.
Қасиетті Сарысу жеріне де тропикалық жеміс – лимон өсіруге болатынын дәлелдеуге кіріскендердің бірі саудакенттік кәсіпкер Бақытжан Сарымолдаев. Оның арманы ауданымызда тұңғыш рет лимон жылыжайын жайқалтып, өнімдерімен тұтынушыларын тәнті ету. Бақытжан аға лимон түрлерін іздестіріп, соңғы таңдауы Өзбекстанда өсірілетін «Мир» атты сұрыпқа тірелді. Лимонның дәл осы сұрпына жергілікті климаттық ерекшелік пен топырақтың құрамы қолайлы көрінеді. Қазір ол үй маңындағы алқапқа 60 түп лимонның осы түрін егуді жоспарлап отыр.
«Бұл субтропикалық ағаштың қысқы күтіміне ерекше мән берілуі керек. Қатал қыстан жақсы шығу үшін лимон бағы құрастырмалы жылыжай жабдықтарымен қапталуы қажет. Өткен жылы пилоттық жоба аясында алты миллион екі жүз мың теңге несие алдым. «Мир» атты лимонның бір түбін 9 мың теңгеден алып жатырмын. Сәтін салса, келер көктемде алғаш рет гүлдейді. Мамандардың айтуынша әрбір ағаш 20-30 дана лимон беруі тиіс. Лимон ағашы мықты болып өсуі үшін онда көп жемісті қалдырмау керек. Келесі жылдан бастап әрбір ағаштан – 15 келі, төрт жылдан кейін 150 келіге дейін өнім алынбақ. Жылыжай күн сәулесімен қоса, пешпен жылытылады. Тамшылатып суару жүйесін де енгізіп жатырмын. Соның арқасында аз жерден көп өнім алуға мүмкіндік бар. «Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын.
Сәуір айында толығымен құрылыс жұмыстары біту жоспарланған болатын. Бүгінгі күнде сыртқы құрылыс жұмыстарын ауылдың азаматтары жасап жатыр. Карантин біткеннен кейін ішкі жұмыстарына арнайы мамандарды шақыртамын. Мамыр айында жылыжайға қияр егемін. Одан кейін барып күз айында 60 түп лимон көшетін отырғызамын. Рас, қазір бұл жемісті сарысулықтар базардан нарықтық бағамен сатып алуға мәжбүр. Құны тым қымбат болғанымен, сұраныс жоғары. Өйткені, адам денсаулығы үшін аса пайдалы лимонды күнделікті өмірімізде, ас мәзірінде жиі пайдаланамыз. Бізде сатылатын лимонның барлығы сырттан әкелінеді, тиісінше бағасы да қымбат. Менің есептеуімше, біз өсіретін лимон екі жылда салады. Сондықтан, жергілікті лимондар таяу арада импорттық өніммен бәсекелесе алатынына сенімдімін.
Лимон – қандай ауруға шалдықсаңыз да көмектесетін жеміс түрі. Өйткені, оның құрамында дәрумендер, пайдалы элементтер көптеп кездеседі. Тамағымыз, ішіміз, тіпті бауырымыз ауырса да лимонды пайдаланамыз. Жүрек-қан тамырлары жүйесінің, артериялық қысымның төмендеуі сияқты сырқаттарға да лимоннан шипа табасыз. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой», -дейді кәсіпкер.
Саялы мекен Сарысуға табан тірегенімізде Байқадамдағы осынау бір байыпты іске куә болдық. Ауылдағы ағайынның алақан жаймай, жер тырмалап егін егіп, мал басын көбейтіп, кәсібін дөгелетіп жатқаны қуантты.

Бекнұр Сатыбалдиев,
Жамбыл облысы

ПІКІР ЖАЗУ