Жастар – заманның қозғаушы күші

Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Мемлекеттің дамуы көбіне санасы ояу, білімі кемел жастардың потенциялын дұрыс бағытта пайдалану және оларды нақты еңбекке араластырумен тікелей байланысты. Экономикалық және саяси жүйе тек заманауи білім мен ғылымның, жаһандық өркениеттің озық үлгілерін жастардың бойына сіңіру арқылы қалыптасады. Отанды қорғау, елге қызмет ету де жастардың патриоттық белсенділігімен өлшенеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады», -деп, бекерден-бекер айтқан жоқ. Бірақ болашақ жастардың қолында деп, тағылымы мол тарих пен ғасырлардан жеткен бабалар аманатын ұмытуға болмайды. Жаңа мен ескінің аражігін жымдастыра, сабақтастық қағидасын басты бағдар ете отырып, жастар санасының жаңашыл әрі ұлттық рухта ұштаса кемелденуі жастайынан берілген тәрбие мен білімнің қайнарына байланысты. Тұңғыш Президентіміз: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас¬тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», — деп жазған болатын. Демек, ел ертеңі жастар ата-бабадан мұра болып келе жатқан құндылықтарды, тарихи дәстүрiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономика мен ғылымды жаһандық кемел үлгіде дамытуға, ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.
Алайда «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» дейді ұлт ұстазы, ағартушы, алаш арысы Ахмет Байтұрсынов. Сондықтан бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – жастардың тәрбиелі және білімді болуы, олардың жұмыспен қамтылып, үкілі үмітінің ақталуы мемлекеттің жүргізген жастар саясатының нақты әрі дұрыстығына сын. Ресми дерек көздеріне сәйкес салыстырмалы түрде жастар қоғамда әлеуметтік жағынан ең аз қамтылған топқа жатады. Сондай-ақ жастар – қоғамның ең күшті әрі ең осал тұсы екенін ұмытпауымыз керек.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің есебі бойынша биыл елімізде жастар саны (14-28 жас) 3 765 383 адамды құрады. 2019 жылы жастар саны 3 830 536 болса, оның ішінде қалада 2 125 065 жас (56,4%), ауылда — 1 640 318 жас (43,6%) болған. 2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындылары бойынша 15 жастан 28 жасқа дейінгі жастардың 2 018,2 мың адам жұмыспен қамтылған. 2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыз жастардың саны 78,9 мың адамды құрап, 3,8% болып отыр. Яғни, елімізде аз да болса, жұмыссыз жастар проблемасы бар. Бірақ әлі өмірлік тәжірбиесі қалыптаса қоймаған және сезімге ерік беретін жастар, көбінесе өзіне ұнаған кез келген бір идеяның соңынан еріп кетуге асықпай, мемлекет ұстанған жастар саясаты аясында өздерін жұмыспен қамтуға, жақсы өмірге ұмтылуы керек.
Қазір ғаламтор ғасыры. Жаһанды алақанында «ойнатқан» интернет жүйесі жақсы мен жаманды бөліп-жармайтын әмбебап орта. «Бал арасы балға, шыбын нәжіске қонады» дегендей ғаламтор негізінен әркімге таңдау құқын ұсынатын бірегей жүйе. Ал саналы ұрпақ ғаламтор бетінен өзіне қажетті, пайдалы дүниені таңдауға ерікті.
«Қазір табиғатта «естественный отбор» жүріп жатыр. Санасында бар бала ғаламтордан пайдалы ақпарат алады. Санасыз бала ғаламторсыз-ақ ақымақтыққа салынады. Саналысы қалады, санасызы кетеді. Сондықтан ерінбей ғаламтор арқылы да білімін толықтырып, ойлаған арманына қол жеткізуге болады», — дегенді бір жерден оқыған едім. Тарлан тарихқа көз жүгіртсек ел тыныштығын бұзатын идеялар жастар арқылы таралатынына да көз жеткізуге болады. Жалпы мемлекет тарапынан жастар саясатын реттеп отыратын министрліктің болуы маңызды. Бүгінде басқаны айтпағанның өзінде қоғамда діни алауыздық асқынып келе жатқанын жасыруға болмайды. Осы орайда, діни сана қалай қалыптасады дегенге келер болсақ, данышпан Абай атамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде. Тәрбие ата-анасы, ұстазы, ортасы арқылы қалыптасады. Жас өсе келе қай ортаны жақсы көрсе, сол ортаның ықпалы жастардың санасына көп ықпал етеді» деген болатын. Ендеше, еліміздегі жастар санасына бүгінгі діни ахуалдың қандай ықпалы барын да естен шығаруға болмайды.
Негізінен мемлекетіміз діни көзқарас тұрғысынан зайырлы құқықтық мемлекет саналатындықтан, азаматтардың діни таңдау құқы шектелмеген. Дегенмен, діни таңдауды «ноқтасыз» жіберуге болмайтынын және әлемдегі аласапырандарға діни алауыздықтың әсері аз болмай отырғанын мойындауға тура келеді. Сондықтан мемлекет жастар тәрбиесінде дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстарын үздіксіз жалғастыруы керек. Алайда бұл бағытта ата-аналардың тәрбие мәселесіне ерекше мән беруі, ар-намыс, адалдық, адамгершілік, отаншылдық, имандылық пен мейірімділік сияқты қағидаларды баланың санасына сіңіре білсе, жастардың игілікті істер идеясымен өмір сүретіні белгілі. Жастарды кітап оқуға, спорт пен өнерге бейімдеу – тәрбиенің алтын қазығы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Болашағы зор азаматтар ел игілігі үшін, экономикамызды дамыту жолында қызмет етуі қажет. Әрине, ең алдымен, біз, оларға қажетті жағдай жасауға тиіспіз. Дарынды жастарға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпей, «алдыңғы қатарлы зияткер мемлекет» қатарына қосылу қиын екенін мойындауымыз керек», — дейді. Ендеше, мемлекеттің жастарды әрдайым әлеуметтік әрі рухани қолдауы, ел ертеңінің кемел, болашағының жарқын болуына кепіл бола алатынына сену керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ