ЭКОЛОГИЯ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛУЫ КЕРЕК ПЕ?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырған болатын. Осы орайда Facebook-тегі KUN.KZ ашық медиа платформада экологиялық білімге қатысты онлайн конференция өтті. Онлайн конференция барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева: «Бүгінгі конференцияда қозғалатын тақырып өте өзекті. Экология қазіргі таңда «соғыс», «апат» деген сөздермен қатар қолданылып келе жатқан ұғымға айналды. Өйткені табиғат – тіршіліктің көзі ғана емес, өмірдің өзі. Сол себепті ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, оған қатысты әрбір келеңсіз жағдай үшін жаны ауырып, ел-жұртты экологиялық мәдениетке, қоршаған ортаны құрметтеуге, табиғатты аялауға шақырды. Осы үндеудің ізін суытпай біздің министрлік жақында ғана «Экологиялық сауаттылық» тақырыбында танымал экологтардың, білікті сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Нәтиже біз күткеннен әлдеқайда жақсы болды»,- деді. Біз мақаламызда балалар үшін экологиялық сауаттылық деген не деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
Экологиялық сауаттылық дегеніміз не?
Көптеген балалар экология сөзін естігенімен, оның мағынасына терең мән бермеуі мүмкін. Сондықтан алдымен экология дегеніміз тірі ағзалардың бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін биология ғылымының саласы екенін еске салғымыз келеді. Қазіргі кезде барлық дәстүрлі ғылымдар экологияландырылып, экологиялық мәселелер де түрленіп, яғни әлеуметтік-экономикалық, техникалық, технологиялық проблемаларды психологиялық, педагогикалық жағынан зерттеу барысында бірнеше жаңа ұғымдар қалыптасты. Олар «экологиялық білім», «экологиялық сауаттылық», «экологиялық мәдениет», «экологиялық этика», «экологиялық сана», «экологиялық ойлау», «табиғатқа экологиялық қатынасы» деп тарамданып кете береді. Бұлардың мазмұндарына қарай ортақ құрамдас түсініктер, бір-бірімен байланысқан, бірі екіншісінің салдары болып табылатын сабақтас ұғымдар екенін естен шығармау керек.
Осылар оқушылардың көзқарастарында, мінез-құлқында, табиғатқа қатынастарында қандай орын алады? Соның мазмұнын анықтау үшін аталған ұғымдарға қысқаша мінездеме берсек.
Экологиялық сана – қоғамдық және жеке адам санасының бір бөлігі, адамның табиғатқа өзара қатынасындағы білімі, сенімі және дағдысының жиынтығы.
Экологиялық ойлау – табиғаттағы алуан түрлі өзгерістердің бір-бірімен экологиялық факторлар мен себеп-салдар байланысын ашып түсіну. Ойлау арқылы экологиялық заңдылықтар жүйесі және оның құрылысының күрделі анықталып, жаңа заңдылықтарды игеруге жол ашады.
Экологиялық сауаттылық – жасөспірімдерді табиғатты қорғаудың ғылыми негіздерімен қаруландыру. Бұл мәселе 1970 жылдардан бастап барлық пәндерді оқытуда, солардың ішінде биологияны оқыту процесінде қолданылып келеді.
Экологиялық этика – айналадағы табиғи ортамен қарым-қатынастағы мінез-құлық нормалары мен ерекшеліктерін білу және оны сақтау.
Экологиялық мәдениет – экологияның білім беру жүйесінің міндетті бір бөлігі, адамның материалдық және рухани тіршілігін қамтиды. Екіншіден, экологиялық мәдениет – табиғатты танып білу, пайдалану және жаңартумен байланысты, іс-әрекет түрлерінің негізі.
Жеке адамның экологиялық мәдениеті дегеніміз – табиғатты аялау талабына сай келетін білім, іскерлік және дағдысы, іс-әрекетке әзірлігі мен оны жүзеге асыруы жатады.
Ал экологиялық мәдениет пен этиканың құрамына: табиғатты қорғау қажеттілігін түсіну, табиғатқа тигізетін өзінің пайдасын болжамай білу, табиғатпен қарым-қатынасында заңды, ережелерді сақтау жатады.
Сонымен анықтамада берілген ұғымдар экологиялық сана, ойлауы, сауаттылығы, этикасы және мәдениеттілігі экологиялық тәрбиенің нәтижесінде оқушылардың мінез-құлықтарында қалыптасады.
Экологиялық сауаттылық пәнін мектепте оқытқан дұрыс па?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектепте экологиялық сауаттылық пәнін оқытуды қолдап отыр. Сондықтан экологиялық сауаттылық пәні жасөспірімдер санасына табиғатты, қоршаған ортаны қалай қорғап, аялау керектігі туралы терең тәрбиені сіңіруі керек. Экологиялық сауаттылық – табиғатқа деген жанашырлықты адам бойына сіңіру. Ендеше оқушылардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын қалыптастыру мақсатымен әрбір сыныптың қабілетін ескере оқытудың барынша жаңаша әдістері мен тәсілдерін таңдау сабақ арқылы экологиялық тәрбие беру ісін сыныптан тыс жұмыстарымен тығыз байланыстыра оқушылардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын жүйелі түрде қалыптастыра, әрбір сабақтың білімділік, тәрбиелік, дамушылық міндеттерін шеше отырып, оқытудың нәтижесінде тәрбие берудің адамгершілік эстетикалық сипатын арттырады.
Экологиялық тәрбие беру ісі тәрбиенің басқа салаларымен өзара бірлікте және бірін-бірі толықтыру бағытында жүргізілді. Әрбір оқушының жеке басы және жас ерекшелігін ескере отырып, оқушылардың мектептегі қоғамдық ұйымдар іс-әрекетінің табиғи бірлігінің қамтамасыз етілуі, әртүрлі пән мұғалімдерінің арасындағы байланыстың сақталуы экологиялық тәрбиеліліктің нәтижесін айқындайтын болады.
Тілекгүл Есдәулет