Мен қай мамандықты таңдадым?
Мамандық – қызметкерлердің кәсіп шегіндегі қызметтің нақты саласы. Дұрыс мамандық таңдау – өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау… Барлық мектеп түлектері ҰБТ сынағын тапсырып, енді өзіне сай келетін мамандықты қарастырып жатқан болар. Бұл –өміріңдегі ең маңызды таңдаулардың бірі. Себебі сенің өмірің сол уақыттан бастап, өзің таңдаған мамандықпен тығыз байланысты болады. Сондықтан да өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалауға талпын!
Әр мектеп түлегінің басынан өтетін уайым менде де болды. ҰБТ-ны қалай тапсырамын? Одан кейін не болады? Шектік балл жинай алмай қалсам не істемекпін? Осы сынды сұрақтар мені жиі мазалайтын. Алайда сонша күткен бұл тестілеу төрт сағатта-ақ өте шықты. Он бір жылғы білімнің қорытындысын бір-ақ күнгі сынақпен шеше салды. Жоғарғы нәтиже көрсеткендер де бар, сүрінгендер де болды. Не болса да бұл барша тест тапсырушылардың болашаққа жасаған тағы бір қадамы деп есептейміз. Бұл шақ – олардың үлкен өмірге аяқ басып, қанатын кең жаяр уақыты. Бастысы – өзіңе әрдайым сене білу. Тек сонда ғана адам кез-келген жетістікке жете алады.
Тест тапсырғаннан кейін тағы бір уайым қосылады. Қай оқу орнын таңдаймын? Қай мамандық саласын таңдасам екен? Менің ойымша, әрдайым өз жүрегіңді тыңдау керек, қайсысын қалап тұрсың, сол мамандыққа түсу керек. Себебі кез-келген адам өзінің жұмысын шынайы махаббатпен, қызығушылықпен істеуі керек.
Мен таңдаған мамандық – журналистика. Неге? Журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті, қажымас қайратты, ақыл мен білімді талап ететін сала. Менің ойымша, журналист еңбекқор болуымен қатар, жауапкершілігі мол тіл жанашыры болуы тиіс. Бұл – бүгін де, ертең де құндылығын жоғалтпайтын мамандық. Осы саланы таңдаған болсаңыз, жұмысыңызға адал болу керектігін естен шығармаған жөн. Себебі біздің нақты жұмысымыз: болған оқиғаны дәлме-дәл, боямасыз жеткізу, халықтың сенімін жерге таптамау. Мен журналист мамандарды құрмет тұтамын. Ол –сөзге шешен, ұтқыр ойлы, жан-дүниесі әсем, кез-келген адаммен тіл табыса алатын, қарапайым, білімді адам. Бір қағаз бен қаламның арқасында қорғансызға пана болып, әділеттілікке қол жеткізіп, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың құдіретін сезінуге болады.
Мен осы мамандық арқылы әлемді өзгерткім келеді, өзгерісті алдымен өзімнен бастау керек. Егер әр адам осылай ойласа, әлемге деген, адамдарға деген, жалпы қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертсе, нұр үстіне нұр болмақ. Бұқаралық құралдар – тәрбие көзі. Сол тәрбиені де дұрыс жағынан беруге тырысу қажет.
Журналист – қарапайым адам мен қоғам арасындағы көпір. Бұл мамандықтың қоғамдағы рөлі зор. Журналистика – күш, ашық пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарас анық көрінетін мамандық. Қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қорғайтын салалардың маңыздысы болып табылады. Оны қоғамның «төртінші билігі» деп атайтыны содан болар.
Анель НАРЫМБАЕВА, жас тілші, Алматы облысы, Талғар ауданы