Кәдеге асқан мақалдар
Тіршіліктің әрбір жарқын сәттері біздің өмірге риза екендігімізді білдіретін сәттер! Өмірге құштар болу деген ұғымға жан бітіретін ол біздің әлеуметтік тұрғыдан болсын, мемлекеттік тұрғыдан болсын субъектік мәніміз бен ойлау қабілетімізді, әрі ұлт мұрағаты болып қалған сан мыңдаған ғасырлық біздің тарихымызды жоғалтпай, бір қалыпта сақтап тұруға ыңғайландыруымыз. Бізде ата-баба тілі мен дінінен қалған тек қана тарихымыз емес, біздің жадымызға мықтап сіңген, медиен даланың мишығындай көзге түсетін даналық сөздеріміз бен мақал-мәтелдеріміз бар. Бізге ата-баба қанынан сіңген бұл мақалдар бүгінгі күні тұрмысымызда қаншалықты кең ауқымда қолданылады? Мен осы сұраққа жауап табу үшін өз отбасымды бір жеті бақыладым. Әрі қызықты мақалдар да естідім. Ендеше сіздермен бөлісейін.
Сырын білмейтін аттың сыртынан жүр
Бір күні әкем үйге асау жылқы алып келді, айтуынша айғыр екен. Мен сол жылқыға қатты құмарттым, бірақ жанына жолауға жүрексіндім. Жоламауға тырыстым, сол сәтте ойымды түсінгендей әкем: «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүр»,-деп айтып қалды. Содан кейін ол жылқыға әкем тыста жүргенде жақындамауға тырысатын болдым.
Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала
Бұл мақал бізде көбірек қолданылатынын аңғардым, осы тақырыпқа мысал келтіру де қиынға соқпайды, тіпті мағынасын барлығының тура мағынада дәл түсінетіндігіне сенімім мол.
Ат айналып қазығын табар
Негізгі үнемі сабақта жүргенде болмаса, үй ішінде де осы мақалдар жиі айтылады. «Ат айналып қазығын табар», «Қайтқан малда береке бар» десіп жатады. Ал кейбір жағдайларда бұл мақал түрлері әзіл-қалжың ретінде пайдаланылып жатқан кездерін байқаймыз. Әрине, дананың көзіндей мұрағатымыздың қазіргі таңда баланың қалжың құралына айналғанына ішіміз жыли қоймас. Бірақ бір жылт еткен үміт бар, ол – жоқтан жоғары саналып, ұмытылмай қолданылып жүргендігі.
Келісіп пішкен тон келте болмас
Үйде менің анамның көп қолданатын сөз саптауларының бірнешеуі: «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық,
Ерте тұрған еркектің ырысы артық», «Келісіп пішкен тон келте болмас», «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер», «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без». Менің бұл мақалдардан түйгенім өмірлік мәнді ұқтыруға ықтияр беретін, тәрбие мен терең мағынаның қайнар көзі осы мақалдарда екен. Анам неге мақалдатып сөйлейді деген ойлар мазалаған кездер болды. Сөйтсем бір мағынаны ұзартпай қысқа қайырып, әрі тез түсіндіруге мақалдар көп жағдай жасайды екен. Әрине, бір жанұя болғаннан соң, шынымен «келісіп пішкен тон келте болмас». Осыған анық көзім жетті.
Біткен іске сыншы көп
Тағы да бір көпке сын бола қоятын, әркімге де қатысы бар, тәжірибеден өткен бір мақалымыз бар. «Біткен іске сыншы көп». Біткен іске расында сыншы көптеп табылады, ал біліктілікпен сына десең барлығы қаша жөнеледі. Осыған орай бір қызықты оқиға желісін баян етейін:
«Ықылым заманда ұстаз өзінің суретші шәкіртіне сурет салып, оны орталық ел көп жүретін жерге көрме ретінде халыққа ұсын, әрі жанына «қателіктер болса түзетулеріңізді сұраймын», — деп жазып, қызыл бояу қалдыруын сұрайды.
Шәкірт барлығын ұстазы айтқандай жүзеге асырып, ертесіне түн түнегі түрілгенде келіп қараса, салған суреттері қызыл бояумен шимайланған екен, мұны көру шәкіртке ауырлау соғады. Солайша ұстазына келіп мән-жайды түсіндіріп болған соң, «Бұл қалай болғаны?»,-деп іштей қынжылысын білдіреді. Сонда ұстаз шәкіртіне қайта сурет салуды және жанына дәл сол сөзді жазып, бірақ бұл жолы түрлі-түсті бояулар қалдыруы керек екендігін айтады. Шәкірт қайта іске кірісіп, суреттерін қайта жаңғырта отырып салып, дәл ұстазы айтқандай жасайды. Ертесіне тағатсыздана келіп қараса ешкім суретін түртпеген де. Жігіт таңырқай келе ұстазына асыға-үсіге жетіп, ендігі жерде кезекті сұрағын қайта қояды. Сонда ұстазы: «Сен ең бірінші олардан пікір талап еттің, ал олар өздері білсе де, білмесе де бір түзету болсын деп қолдарынан келмесе де қызыл бояумен бір сызық болсын қалдырып кетуге ұмтылды. Ал екінші күні сен олардан шығармашылық талап еттің, жамағатта ондай білім болмағандықтан, біліксіздіктен олар суретіңе тиісуге жүрексінді», — деген екен. Бұл оқиға шын мәнінде біткен іске барлығының сыншы болуға даяр екендігін айқындайды.
Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде
Бұл мақал айрықша бір ерекшелікпен құлағымның түбіне саңқ ете түсті, яғни өте ерекше дыбысталып естілді. Себебі, мен бұл мақалды бұрын естімеген едім. Бізде жел тұрып, дала қалың шаңыт болып, желден табиғат көрінісі топыраққа боялған болатын. Дәл сол күні әжем. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде деген осы ғой», — деп үн қатты.
Атымды адам қылған соң қалайша надан болайын?!
Бұл даналық сөз мақал емес, бірақ ғұлама ақын Абай Құнанбаевтың сөзі. Бұл данадан шыққан дана сөз менің талабыма нұр жауғызды десем артық болмас. Бұл сөз осы Рамазан айында менің берік ұстанымым болды!
Шын жыласа соқыр көзден жас шығар
Иә,қазіргі біздің заман кейбір кесапаттарға толылау секілденіп көрінетіні бар. Қазір шын ниет азайып бара жатқандай. Кез келген нәрсеге зейін қойып, талпынып, рас ниетпен, шын көңілмен ниеттенер болсақ, барлық алынбас биік-биік заңғар шыңдар, алынбас қамалдар оңайға түседі, біз оларды өзіміздің шын ниетімізбен бағындыра аламыз. Мен оған мүлтіксіз сенуге бармын.
Жол – дәм татқызбады
Торапсыз күндердің бірінде, әжем былай деп қалды: «Бүгін Алматы қаласы дәм татқызбады». Мен бұл сөзді естігенде түсінбей қалдым, әжемнен қайта сұрадым. Сонда маған әжем айтты: «Қалаға қарай жолға шығуым керек еді, буынып-түйініп дайын отырғанымда жол жүрмейтін болдық, яғни карантинге байланысты арнайы тосқауылдар бар екен, әрі бұрын менің әжем дәл осылай көрші ауылға жолы түспесе, көрші ауыл дәм татқызбады деп айтатыны бар еді, сол қисынға келтіріп айтқаным ғой, маған да бүгін Алматы қаласы дәм татқызбады», — деп жымиып қана қоя берді.
Иә, жас өрендер, бүгінгі біз талқылаған тақырып легі осындай болды. Ендеше сендерге де күнделікті тұрмыста қызықты әрі есте қаларлық, байырдан келе жатқан мақал-мәтелдермен танысып әрі оны дәріптеп жүрулеріңе тілектеспін. Ата-бабамыз салған дара жолға сызат түсірмейік.
Аяжан ҚҰДАЙБЕРГЕН, жас тілші, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылы, Жамбыл атындағы мектептің 11-сынып оқушысы.