Алтын Орда «Қыпшақ ұлысы» ма?
Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі – қыпшақ тілі. Осыған байланысты тарихи әдебиетте «Қыпшақ ұлысы» деген атауға ие. Алтын Орда қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказ жерінде орналасқан. Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтерілді. Өзбек ханның кезінде ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланған. Бастапқыда, көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының нәтижесінде араб жазуы қолданылды.
Қазір 750 жылға артқа шегініп, Алтын Орданың тарихына тоқталатын боламыз. Биыл, бұл Ұлыстың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаны мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде насихаттап, Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттілігін айтқан болатын. Сонымен 750 жыл бұрын қандай оқиға болды? Осыдан тура 750 жыл бұрын Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада, нояндары жиналып, ұлы құрылтай өткізген. Тарихта бұл «Талас құрылтайы» деген атпен белгілі. Талас құрылтайы шешімімен үш ұлыстың шекарасы анықталды. Бараққа Мауереннаһрдың үштен екісі тиесілі болса, үштен бірі Қайду мен Мөңке – Темірдің басшылығына өтті. Салық туралы тәртіппен қоса хандардың жазық жерлерге қоныстануы да осы құрылтайда айтылып өтті. Осылайша, Талас құрылтайында Шыңғыс ханның ұлы империясы ыдырап, орнына үш дербес мемлекет дүниеге келді. Ол Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Моғолстан еді. Дербес мемлекет болып қалануының рәсімдері өткізілді. Сонымен бұл ұлы құрылтай Алтын Орданың (Жошы ұлысы, Ұлық ұлысы) тағдырын шешті. Ақырында, Алтын Орда ресми түрде бөлек мемлекет болып қалыптасты.
ХІV ғасырдың ІІ жартысы – Алтын Орданың ыдырау кезеңі. Осы орайда «Ұлы дүрбелең» кезеңі (1359ж-1379ж) тарихқа оралады. Артынша Тоқтамыс хан Алтын Ордадағы билігін соғыстағы жеңістермен бекіте түспек болып, 1382 жылы Мәскеуді өртеді. Ақсақ Темірдің басқыншылық жоспарларына солтүстік-батыста орналасқан Алтын Орда кедергі жасады. Яғни, осы себеппен ол Алтын Орданы өз жолынан алып ыдыратып жібергісі келді. Содан ол өз жорықтарын бастайды. Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шешуші шайқас 1395 жылы болды. Әмір Темір Алтын Ордаға жойқын соққы жасап, астанасын қиратып кетеді. Қырым сауда қалаларын тонайды, ең шебер қолөнершілерін өз астанасы – Самарқандқа айдап әкетеді. 1440-шы жылдары Ордада тағы бір азамат соғысы бұрқ ете түсті. Осыдан кейін ол бірнеше хандыққа бөлшектеніп кетеді. Олар – Қасым хандығы, Қазан хандығы, Астархан хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы және Қырым хандығы.
Әсем ДҮЙСЕНБЕК, жас тілші,
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жамбыл атындағы мектептің 10-сынып оқушысы