Әлия Молдағұлова – ұрпаққа үлгі
Ел тағдырын бәрінен биік қойған, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары ел тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни, олар ұлттық тұлға болған. Осы ұлттық тұлға тұғырына көтеріліп, аты аңызға айналған, тарихта есімдері қалған сан мыңдаған батырлар бар. Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған ерліктің, тарихи ерліктің құнын терең қадірлеуіміз қажет.
Ал алдымен сол батырлардың рухын қадірлеуді үйренгеніміз абзал. Өйткені сол заманда болған сұм соғысқа үлкен-кіші демей, ер-қыз демей қатысқан жандар аз емес. Солардың ішінен Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген батыр қыздың есімін ерекше мақтанышпен айта аламын. Әкесі Нұрмұхаммед байдың баласы болғаны үшін сол кездегі саясаттың құрбаны болып, қуғын-сүргінге ұшыраған. Шешесі Маржан да Әлияның алты жасында опат болыпты. Туыстары Әлияның тегін анасының тегімен бірдей етіп «Молдағұлова» етіп ауыстырып алған екен. Молдағұлова Әлия Нұрмұхаммедқызы – адамзат тарихында Отанды қорғау жолында ерлік көрсетіп, есімін қанмен жазып кеткен қазақтың қайсар қызы.
«Қазақ батыры» десек кез-келген адамның көз алдына қасқыр секілді сұсты көзқарастағы ержүрек, мықты, бүркіт сияқты қырағы жігіт елестейтін шығар. Бірақ соғыста әйел адамдардың да ерлік көрсеткенін білеміз. Солардың бірі – батыр атағын арқалаған мерген қызымыз Әлия Молдағұлова.
Оның өмірі мен ерлігі турасында талай тағылымды естеліктер жазылды, жазыла да бермек. Өйткені, ерлік тарихы мәңгілік тақырып. Әлия миллиондаған адамдардың бейбіт өмірі жолында өз өмірін құрбан еткендердің бірі. Кішкене кезінде анасынан айырылған соң, кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған. Ал 1935 жылдан бастап Ленинградтағы Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектепте оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті қойылған. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай «Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері» майданына жіберу туралы өтініш жібереді. Міне, осыдан бастап ер мінезді, өжет, жігерлі қыздың ерлігі бәріне әйгілі бола бастайды. Әлия Молдағұлова өзі сұранып майданға аттанғанында 17 жаста ғана болған.
Қазақтың қайсар қызы майдандағылардың көзіне бірден түсті. Әлия кез келген ұрыста батылдық пен өжеттік танытып, шеберлігін, батылдығын көрсете білді.
Ол қазақ батыры атанып, жанын пида етіп қорғаған қасиетті, кең байтақ қазақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік деп білуге міндеттіміз. Осы апамыздың қаны тамған киелі жеріміздің, сондай-ақ Ақтөбенің қойнауындағы бар байлығымыз – тағы да осы батырымыздың бізге аманат тапсырған қазынасы. Осыны біз бүгін көздің қарашығындай қадіріне жетіп, сақтай білуіміз парыз.
Қазақ батырлары және олардың ел тағдырындағы тарихи орны дегенде, біз біріншіден, олардың тереңнен тамыр тартқан туған жер, Отан туралы идеясын бірінші орынға қоюымыз қажет. Батырлар туралы бірде-бір халық мұрасы бұл идеяны айналып өтпеген. Туған жерді қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы – бізге жеткен барлық тарихи мұралардың алтын арқауы. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сиқты батырлар қашан да қазақ жерінің қорғаушысы ғана емес, елдік пен рухтың жанашырлары да бола білген. Ол ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Батыр Әлия Молдағұлова 1944 жылы Псков облысының Новосокольники ауданына қарасты Казачиха деревнясы үшін болған соғыста ерлікпен қаза тапты. Сол ауданның Монакова ауылында жерленген. Снайпер болған, құралайды көзден атқан мерген ол 91 фашисті жер жастандырыпты. Әлия Молдағұлова жайлы көбірек білгісі келген ұл-қыздарға Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы облыстық музейге баруға кеңес беремін.
Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Осындай ер мінезді әйел адамға тамсана да қызыға қараймын. Неліктен біз «болмасақ та, ұқсап баққанды» жөн көрмейді екенбіз? Елімнің әрбір жасын ержүректік пен ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке шақырғым келеді. Біз – жас, өскелең ұрпақ, еліміздің тірегі, тарихты біліп, бабалар үмітін ақтауға міндеттіміз. Ал ендеше, бүгіннен бастап Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспановалардың ізімен жүріп, ел мен жердің қадірін бағалай білуіміз керек!
Жасмин ЖАНҒАЛИЕВА, Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы, №4 мектептің 8-сынып оқушысы