Ақерке Тәжібаева: Қобыздың қоңыр үнімен менің болмысым ұқсас
Жақында қазақтың дәстүрлі көне аспаптарының бірі – қылқобыз шалу шеберлігін меңгерген өнер иесі Ақерке Тәжібаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Журналымыздың негізгі аудиториясы балалар болғандықтан, алдымен сіздің балалық шағыңызға тоқталсақ. Бала Ақерке қандай болды?– Журналымыздың негізгі аудиториясы балалар болғандықтан, алдымен сіздің балалық шағыңызға тоқталсақ. Бала Ақерке қандай болды?
– Анам үнемі «бала Ақерке – өте пысық, өнерге жақын, арманшыл әрі зерек болған» деп айтып отыратын. Оған кішкентайымнан, нақтырақ 3 жасымнан ән шырқап, 5 жасымнан сахнада қорықпай өнер көрсетуіммен қатар балабақшада қиын тақпақтарды тез жаттап алуым да себеп болар.Бала кезімдегі бір қызық сәт есіме түсіп отыр. Бір күні анамның құрбысы үйге келгенінде мен ол кісінің бетіне ұзақ уақыт қадала қараппын. Содан анам екеуіңе «Таптым, таптым!» деп қуаныштан айғайлағаным есімде. Олар таңдана «не таптың?» деп сұрағанда мен «Бағанадан бері құрбыңыздың үстіндегі сұр көйлекке не себепті жасыл түйреуіш тағып қойған деп ойласам, жасыл түс көзінің реңіне сәйкестігінен екен ғой» деп мәз боп жауап қатыппын.
– Қазақ халқының төл аспабы «қылқобызды» серік етуге не түрткі болды? Қобызды алғаш қолыңызға алған сәтте бойыңызды қандай сезім биледі
– Көп аспаптардың ішінен қылқобызды таңдауымның басты себебі: оның қоңыр үні мен менің болмысымның ұқсастығы. Тек ол ғана емес, тұла бойымдағы қазақи мінезді қосқанда бір-бірімізбен біте қайнасып жатқандаймыз. Өзімді аспабыма теңеймін. Оның қою дыбысы, қыл ішектен төгілген мұңды үні, тұлғасы менің жүрегімді жаулап, өзіне баурап әкетеді.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?– Бос уақытымда кітап оқимын, караокемен ән айтып, қызыммен ойнаймын. Қызым Айкөркемнің инстаграм парақшасын жүргіземін
– Сіз – қазақтың ұлттық өнерін өскелең ұрпаққа өнеге ретінде танытып, үйретіп, дәріптеп жүрген білікті ұстазсыз. Бүгінде жастар арасында дәстүрлі өнерге деген қызығушылық артуда ма?
– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қызмет атқарып жүргенде шәкірт тәрбиеледім. Тұрмыс құрған соң, еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына жұмысқа орналастым. Қазіргі уақытта «Халық қазынасы» бөлімінің солистімін. Жақында тыңдармандар назарына менің репертуарымдағы жаңа «Менің әлемім» атты бейнебаяным ұсынылды. Ол көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын. Заман ағымына сай түсірілген бейнебаян жастардың аспапқа деген қызығушылығын арттыруға әрі қобыз аспабын насихаттауға арналды. Менің инстапарақшама қылқобызға қызығушылық танытып жүрген жастар көп жазады. Бұған себеп аспаппен заманауи форматта түсірілген видеоларым мен жазылған шығармаларым деп ойлаймын.
– Гастрольдік сапарларыңыз жайлы баяндасаңыз. Қобыз үнін әлемнің қай елдері естіді және шетелдіктердің бұл аспапқа көзқарасы қандай?
– Мен өзімді ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді шет елдерге насихаттаушы орындаушы ретінде есептеймін. Жаныма жақын аспаптың арқасында талай жерді аралап, өнеріммен қазақтың мәдениетін насихаттап келемін. Осы уақытқа дейін 54 елде өнер көрсеттім. Оның ішінде: Венгрия, Молдова, Германия, Австрия, Франция, Индия, Литва, Қытай, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Жапония, Иордания Италия, Швейцария, Аргентина, Монако, Бельгия, Түркия, Хашимиттік Корольдігінде, Араб әмірлігінде, Испания корольдігінде, Мексика құрама штаттарында қобыз өнерін насихаттап, қазақ өнерінің дамуына өз үлесімді қосып жүрмін деп айтар едім. Түркі әлеміндегі халықтар қобызды көнеден келе жатқан Қорқыт бабамыздың аспабы деп санаса, шетелдік, еуропалық халықтар экзотикалық аспап ретінде қарап, ысқышты аспаптың ата тегі деп ойлайды. Жылына бірнеше рет шет мемлекеттерге шығып, қылқобызды орындау барысында көптеген мәдени іс-шараларға белсене қатысамын. Тыңдарман мен көрермен болғаннан кейін бұл өнерге деген сұраныс бар деп есептеймін.
– Болашақта өзіңіздей қылқобызды серік етуді армандайтын «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандарына қандай кеңес бересіз?
– Мен оқушы кезімде «Мөлдір бұлақ» журналының штаттан тыс тілшісі қызметін атқарған едім. Өнер адамдарынан сұхбат алып, мақалалар жазатынмын. Басылым оқырмандарына армандаған асуларына жетуін, ал оған жету үшін көп еңбектенулеріне кеңес беремін. «Өнерлі ұрпақ – өмір жалғасы» демекші, еліміздің келешегі сендерге байланысты болғандықтан, әрбір бастаған істерің сәтті, оқуларың жемісті, өмірлерің мәнді болуына тілектеспін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан – Ақнар Қазезова