Удан тазар, қазағым!
Улы насыбай және ұлт болашағы
Жасыратыны жоқ, кейбір оқушылар қорқор мен темекі шегуге әуестеніп, насыбай қолдануды әдетке айналдырған. Насыбай – шегілмейтін темекінің түрі. Насыбай атудың ауызда, ас қорыту жүйелерінде қатерлі ісік тудыру оқиғалары барлығы туралы халықаралық мәліметтер бар. Десек те, бұл мәліметтер де, деректер де тіпті заң да насыбай қолданушыларды тоқтатар емес. Қазақстан насыбай атудың таралуы бойынша елдердің алдыңғы қатарына кіреді екен. Еураазиялық экономика¬лық одаққа мүше елдің өкілдері де адам денсаулығына зиянды әрі өте қатерлі насыбайды қолдануға жол бермеу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр.
2015 жылдан бастап елімізде «насыбай сатылымнан мүлде алынып тасталсын» деген заң қабыланды. Үкімет насыбайды есірткі деп танып, оны таратуға, тұтынуға тыйым салды. Заң арқылы осы жаман әдетке түбегейлі тыйым салынса да, бес жыл өткенмен насыбай саудасы толастаған жоқ. Мұндай шектеудің заңдық тұрғыдан қабылдануын ең алдымен дәрігерлер қауымы айрықша ықыласпен қабыл алып отыр. Насыбайдың адам ағзасына тигізетін зиянын жан-жақты зерделеген ғалым-дәрігерлер қауымдастығы елімізде тұрғындардың насыбайды қол¬дануына шектеу қою қажеттігін ел Үкіметі мен Парламенті алдында сан мәрте көтеріпті. Насыбайдың құрамында нитрозамин мен ауыр металдар жеткілікті. Мұның себебі, насыбай құрамының санитарлық нормасы мүлде сақталмаған. Сондықтан мұндағы улы заттардың адам ағзасына тигізетін зияны шаш етектен. Мамандардың зерттеуінше насыбай Шымкент пен Қырғызстанда, Өзбекстан мен Тәжікстанда дайындалады екен. Ал 2008 жылдан бастап Түрікменстанда насыбай сатуға және қолдануға заң жүзінде тыйым салыныпты
Насыбай арзан – дерт қымбат
Насыбай арзан және барлық жерде сатыла береді. Бағасы арзан деп, өз денсаулығын аямайтындар ақыр соңында жазылмас дертке шалдығып, сан соғып жатады. 2014 жылы Шығысқазақстандық нарколог дәрiгерлер есiрткiге тәуелдi және насыбайдан обыр дертiне шалдыққан жасөспiрiмдердiң саны артқанын айтып дабыл қаққан. 2013 жылы қауiптi топ санатына 268 жасөспiрiм тiркелген. 2011 жылы 13 жасар Марат есімді жасөспірім бiр жарым жыл насыбай атқан. Кейiн ауыз қуысының обырына шалдыққан. Дәрiгерлерге оның ернiн, жақ асты бұлшықеттерiн алып тастауға тура келдi. Салдарынан ондаған мың долларға пластикалық операциялар жасалды. Бiрақ адамдар насыбайдың бұндай зиянын бiле бермейдi. Жасөспiрiмдер насыбайды көп атқаннан өкпеде құрт шығатынын да қаперге алмайды. Насыбайдың құрамында махорка немесе табак бар, оған әктің суын, түйенің тезегін немесе тауықтың саңғырығын, қара ағаштың смоласын және түрлі ағаштардың күлін қосады. Түсі көк, иісі тауық қорадан шыққан иіс сияқты. Бұлардың қай-қайсысы да зиянды. Тіпті, жай ғана тауықтың саңғырығын жеп қойған қойлар да бір сағаттың ішінде өліп қалғандығы өмірде болған. Қара ағаштың смоласының зияны да тауықтың саңғырығының уынан кем емес. Соған қарамастан, кәрі де, жас та насыбайды еріннің астына салып атады. Сол себепті насыбай ататындардың 80% ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі ісікке ұшырап ауырады. Әуелі қызық үшін насыбай ататындар кейін үйреніп кетеді де оны атпаса басы ауырып айналады. Тамаққа зауқы соқпайды. Сөйтіп, насыбайға тәуелді болып қалады.
Ол жаман ауруға жол ашады
Аршадан, түрлі емдік өсімдіктерден жасалатын таза, табиғи насыбай қазір жоқ. Бұрынғы кезде әркім өзі қолдан дайындап алатын насыбайдың өзін үлкендер болмаса, жастар қолданбайтын. Насыбай атқан адамды қанын тексеру арқылы оп-оңай анықтауға болады дейді дәрігерлер. Насыбай – құмарлық үшін пайдаланатын, құрамында есірткі бар темекі өсімдігінен жасалатын зат. Насыбай ату – темекі тарту, араққа салыну, нашақорлық тәрізді дер. Оған үйренгендер бір мезет насыбай атпаса, басы ауырып, жүрегі соғып, мазасыз күйге түседі. Насыбай атса жаны жадырап, басының ауырғаны сап тиылады. Насыбай темекіге қарағанда әлдеқайда улы, зиянды, былғаныш. Ол рак ауруына жол ашады. Насыбай ататындардың ауыз қуысы ойылып, жара-жара болып жүреді. Бұл — әктің әсері. Желім де ағзаға зиянды зат. Өзбекстанның онкологиялық орталығы таратқан мәліметтерге қарағанда, ауыз қуысының рак ауруына шалдығатындардың 63 пайызы насыбай ататындар екен. Ауыз қуысының, жұтқыншақтың, кеңірдек пен қолқаның рак ауруы қазақстандық ер-азаматтарда әйелдерге қарағанда 5 есе көп кездеседі. Сондықтан да дәрігерлер, ұстаздар, жалпы жұртшылық болып жастардың, әсіресе, жасөспірімдердің, залалды дағдыдан аулақ болуы үшін аянбай жұмыс жасауда. Насыбай да темекі мен есірткі сияқты бір бастасаң қоя алмайсың. Соған әуес болып, психикалық тәуелді болып шыға келесің. Әуелі қызық үшін насыбай ататындар кейін оған әбден әуестеніп, үйреніп кетеді де, насыбайға тәуелді болып қалады.
Бұл жөнінде дәрігерлер не айтады?
Нарколог дәрігерлердің айтуынша, насыбайды үзбей атқандардың көпшілігі жаман ауруға шалдығып, жандары қиналады. Ауыз сілекейімен ішке кеткен 3-4 грамм насыбай ит пен мысықты өлтіреді екен. Ағзасы әлі толық жетілмеген жасөспірімдер үшін «насыбайдың» қаншалықты зиян әрі қауіпті екендігін осыдан ақ бағамдай беріңіз.
Жалпы, дәрігер мамандардың айтуынша, насыбайдың адам денсаулығына тигізер зияны өте көп. Оның құрамына никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагіне ұшырататын әртүрлі радиоактивті қоспалар бар. Әрі насыбай ату адамның жасын қысқартады. Ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі қатерлі ісігіне ұшырайды. Өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықыласты азайтады. Тыныс алу жолдары қабынады. Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді. Сондықтан насыбайдан аулақ болған жөн.
Кейінгі кезде пайда табуды ғана көздейтін насыбай жасаушылар насыбайға кәдімгі «желімді» қосатындығы айтылып жүр. Мұндағы мақсат насыбайды есірткіге жақындата түсу болуы да ғажап емес. Бұл зат әлдеқайда улы, зиянды, былғаныш. Дәрігерлердің зерттеуінше ауыз қуысына , тіске, иекке, қан құрамына, миға, қимыл – қозғалысқа, ойлау қабілетіне кері әсер ететін улы зат деп бағаланып отыр. Сондықтан да зиянды заттардан бойымызды аулақ ұстап, салауатты
өмір салтын қалыптастыру туралы түсініктеме берілді. Заң бойынша полицейлердің осы заң негізінде сауда орындарында сатылатын насыбайды тәркілеп, оны қолданған немесе сатқан адамды әкімшілік жауапкершілікке тартуға толық құқық беріліп отыр. Насыбай құмарлар насыбайды жасырын түрде қолданып, сатушылар оны құпия сатуы да мүмкін. Әрине, мұндай әрекеттермен полиция да, қоғам мүшелері де батыл күресуі қажет.
Оның құрамында қандай улы заттар бар?
Насыбайдың құра¬мына жан-жақты сараптама жасаған маман-сарапшылар оның құрамында хром, никель, кадмий, қорғасын мен мышьяк тәрізді улы заттар жеткілікті екенін анықтады. Сараптама барысында насыбайдың құрамында никельдің – 1,5 есе, хромның – 17 есе, қорғасынның 38 есе көп екендігін нақты анықтады. Өте улы мышьяктың да насыбай құрамында кездесетіні белгілі болды. Құрамында никотин, синель қышқылы, көмір және сірке қышқылдары, азот, эфир майы және өкпе ісігіне (рак) ұшырататын әртүрлі радиоактивті элементтер бар және оған қосылған заттардың улы қосындылары кездеседі.
Балалардың насыбайға әуестенуінің алдын алу
Балалардың насыбайға әуестенуінің алдын алуды кішкентай кезінен олар бір нәрсені түсіне және сұрақ қоя бастаған кезден бастаған дұрыс. Жасөспірімдердің насыбайға әуестенуінің алдын алудың маңызды қадамы баланың бос уақытын таңдау мен ұйымдастыру болып табылады. Балалардың жақсы көретін нәрсесін анықтауға тырысу қажет. Қызықты демалыс ұйымдастыру.
Кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға насыбай, темекi сатылуға заң жүзінде қатаң тыйым салынуы қажет. Насыбайды пайдаланған немесе сатқан азаматтарға айыппұл салу қажет. Халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана қағидасы әрдайым, әрқайсысымыз жадымыздан шықпайтын биік ұстаным болуға тиіс. «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаған.
Гауһар Тұрсынқожа