Балабақша – баланы қалыптастыру ошағы
Балаларға 50% тәрбиеші, 50% ата-ана тәрбие беру керек
«Мөлдір бұлақ» осы жолы «№134 жалпы коммуналдық мемлекеттік қазыналы кәсіпорнына» барып, балабақша өміріндегі тамаша сәттің куәгері болды. Бөбекжай тәрбиешілері қызметтеріне бар жан-тәнімен берілгендігін байқатты. Мекеме меңгерушісі Ұлтай Аманжаева балабақша өмірі жайлы журнал оқырмандарына сыр шертті. Сұхбат барысында өз ісінің хас шебері екендігін сөйлеген сөзімен-ақ дәлелдегендей. Ол бала тәрбиесіне қатысты тұщымды пікір айтып, әрдайым ашуға емес, ақылға жүгінуді баса назарда ұстауды ұсынды.
– Ұлтай ханым, балабақша жұмысын қашан бастады?
– Балабақша алғаш жұмысын 2015 жылдың 15 сәуірінде бастаған. Жалпы мекеме елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету» «Балапан» бағдарламасымен ашылған еді. Бұл – алты топтық таза қазақ балабақшасы.
Балабақшаның негізгі міндеті: баланы қалыптастыру, ерекшеліктерін дамыту.
– Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлін тәрбиеші алмастыра ала ма?
Бүгінгі барлық тәрбиешілердің алдына қойған мақсаты бір: қазақи салт-дәстүрді қалыптастыру, таза қазақша сөйлеу, сонымен қатар ата-аналармен де тығыз байланыс орнату. Тәрбие екі жақты болады. Бала тәрбиесіне тәрбиеші ғана қатысып, ата-ана қалыс қалмау керек. Яғни бүлдіршіндерге 50% тәрбиеші, 50% ата-ана тәрбие беру керек. Тәрбиеші берген тәрбиені ата-ана жалғастырып, жаңғыртып отыруға міндетті. Сонда ғана бала, ата-ана және тәрбиеші деген «үштік» пайда болады.
– Бақшаның ішкі асханасына тоқталсаңыз.
– Бақшамыз ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге жетіп жүр. Бөбекжайымызда жоғары білімді, білікті мамандар жұмыс істейді. Балалар бұл жерде дене шынықтыру, психология, ағылшын тілі мамандарынан сабақ алады. Қазірде бала саны – 145. Барлық стандарттарға сәйкес медбике бөлмесі бар. Ол жерде бүлдіршіндерге медициналық көмек көрсетіледі. Балабақшамызда 2 жастан 6 жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді.
Жалпы балабақшамыз заманауи технологиялардан кенде қалмаған. Айта кетерлігі балғындарға арналған «қысқы бақ» бөлмесі бар. Яғни «қысқы бақта» балалар табиғат аясында дем алады, далада қыс мезгілі қаһар көрсетіп тұрғанда бұл бақта олар жаздың жылы лебін сезеді. Бұл – шетелдік жобамен жасалған бақ.
– Ата-ана тарапынан тәрбиешілер жұмысына көңіл толмаушылық, түсінбестік туындай ма?
– Туындайтыны рас. Қазір кейбір ғаламтордағы ақпараттарды көрген ата-ана санасын сенімсіздік пен үрей жаулаған. Олар – талапшыл. Үйінде екі баласына қарай алмайтын ата-ана балаларының қолдарына ұялы телефонды ұстата салып, оларға көңіл бөлуді, олармен сырласуды жөніне қояды. Балаларын смартфон арқылы тыныштандырады. Соған әуес болып алған. 35 жылдық тәжірибемде небір ата-аналарды көрдім.
Қазіргі таңда барлық жағдайда мемлекет те, басқасы да ата-ананың шашбауын көтереді. Яғни «ата-ананың айтқаны дұрыс» деген қатаң қағида қалыптасып қалған. Бірақ үйінде 2 баласына ие бола алмайтын аналардың 20 балаға бас-көз боп жүрген тәрбиешіге мін айтқаны кей кезде «орынсыз қылық» санатына жатады.
Қазақтың өзі таза педагогика
– Сөзіңізде бала тәрбиесінің ошағында 35 жыл қызмет етіп жатқаныңызды айтып өттіңіз. Кеңестік кезеңнің балалары мен қазіргі балалардың тәрбиесінде қандай айырмашылық байқалады?
– Салыстыру мүмкін емес, иә, мен жұмысымды алғаш 21 жасымда, яғни кеңестік кезеңде бастағанмын. Қазір, міне, осы саланың жілігін шағып, майын ішкеніме 35 жыл.
Ол кезде тәрбиешіні тыңдау керек деген қатаң қағида болатын. Мен мәселен, балалардың ортасында бір ертегіні оқығанда олар соны ұйып тыңдайтын, тыңдай білетін. Ертегі немен аяқталар екен деп мұқият қадағалап отыратын.
Ал қазіргі балабақшалар бала тәрбиесінде шетелдің әдіс-тәсілдерін қолданады. Яғни баланы еркіндікке баулуды (бала жатып, отырып тыңдау керек) ұсынады. Сондықтан балаларда «тыңдау» жоқ, қалыптаспаған. Баланы өз еркімен өсіру керек, өз еркіне жіберу керек деген шетелдік тәсілдерге сүйеніп жүрміз, ол – дұрыс емес. Өз басым бұған қарсымын «Өз еркі» ертеңгі күні қайда апарып соғарын білмейміз де. Бала осы тәсілге мойынбұрып, кей кезде әке-шеше ақылын тыңдамай жатады. Меңінше, бала «болады» мен «болмайдыны» ажырата білуі қажет.
Тағы бір мысал, тәрбиешілер балаларға сабақ үйрету барысында бүлдіршіндердің бірі отыра қалып құлақ түрсе, енді бірі тыңдамай, тұрып кетіп жатады. Осының өзі үйдегі «өз еркінің» көрсеткіші. Балаларға үйдің ішінде қатаң бір тәртіп болуы керек. Тәртіп болмай, білім болмайды, тыныштық болмайды. Қазіргі отбасындағы балаларда тұрақтылық жоқ, зейінділік жоқ, тыңдау жоқ, бала жыласа телефонмен жұбататын заман болды ғой. «Бала телефонды ермек қылса екен, бастысы, мазамды алмаса болды» деген ой ата-ана көкейінде тұралап қалған.
Балада тәртіп болу керек. Ол өзін мәдениетті, тәртіпті, салмақты ұстай білуі қажет. Тәртіппен отырған бала ғана мұқият тыңдай алады. Тәжірибеме қарап, тәртіп болған жерде ғана білім болатынына анық көзім жетті. Біздің міндетіміз: балаларды мектепке дайындау, яғни оларды оқушы ретінде қалыптастыру. Өйткені біз – баланы қалыптастыратын қалыппыз.
Қазақ халқы «тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Қазақтың өзі – таза педагогика. Адамда бала кезден тәртіп, тұрақтылық қалыптасса, еліміздің нағыз азаматтары шығатыны сөзсіз.
Осы орайда мекеме әдіскері Үміт Батырханқызы да бақша жайында өз ойын білдірді: «Балабақшамызда зерек балалар өте көп. Соның ішінде Амина, Айсұлтан, Нұрай атты балалар шығармашылықтың қайсыбірін алсақ та оза шауып, бәйге алатын балғындар. Олар түрлі байқаулардан жүлдегер атанып келеді».
Гүліміз – бала, бағбанымыз – тәрбиеші
Абай атамыз «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» дегендей, бала тәрбиесі қашан да өзекті мәселелердің қатарында тұратыны анық.
– Балалар адвокаты Елжас Ертайұлының «Баланы жазасыз тәрбиеле» атты кітабында ата-аналардың 75%-ы «баланы үйде ұрып-соғуға болады» деген қағиданы ұстанатындығы сауалнама барысында дәлелденген. Осыған байланысты ана ретінде, тәрбиеші ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Жоқ, балаға қол көтеру менің табиғатыма жат әрекет. Ұрып-соғу арқылы балаға тәрбие беріп жатқан ата-ана болашақта қатыгез адамды өмірге дайындайтындығы өтірік емес. Тәрбиені саналы түрде жүргізсек, Абай атамыз айтқандай, сөзбен ұқтырып, әдет-ғұрыпты бала бойына қалыптастыра отырып, тәрбиелеу қажет. Сондай-ақ дауыс ырғағымен де тәрбиелеуге болады. Ал енді жанын ауыртып, етін ауыртып ұрып-соққанда бүлдіршін әлсіздігінен сол тәрбиеге көнеді, бірақ көкірегінде қатыгездік пайда болады. Бала өскен кезде қатыгездік те бірге өседі. Ондай баланы ата-ана қолдан жасап шығарады, себебі бала жауыз болып туылмайды. Оның ертеңі темір торға тоғытылуымен де аяқталуы ғажап емес.
Мамандық таңдауда тәрбиешілік күрделі мамандықтардың бірі. Мен сол мамандықтың шыңына шықтым деп айта аламын. Басқа мамандықпен салыстырғанда тәрбиешінің екі түрі болады. Олар: тума талантты тәрбиешілер, диплом қағазын құшақтап амалдың жоғынан болып жүрген тәрбиешілер. Тума талантты тәрбиешілер Алланың қасиетімен келетін дүние, ол кез келген баламен, ата-анамен тіл табыса алады, тәрбиені бір жүйеге түсіре алады, оларға кеңес бере алады. Тәрбиешілікке жүректі, мықты адамдар келеді.
Ізденген адам биік шыңға шыға алады. Әрбір мамандықтың өз қиындығы болады, ізденген адам, көрген адам сол мамандықтың биік шыңында жұлдызы жарқырайды. Сондықтан да бүгінгі тәрбиешілерге қанаттарын қатайтып, еңбегінің жемісін жеп, тәрбиешілікті кеудені көкке көтеріп айтарлықтай мамандық ретінде бағалауға кеңес беремін. Тек балабақшада емес, кез келген ортада тәрбиешіліктің шоқтығы биік болуы керек. Мысалы, он қыз тұрса сол он қыздың ортасынан «көз қырағы» дегендей, тәрбиешіні жұрт бірден байқау қажет. Ол оның сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан сол мезетте анық көрінуі тиіс.
Жалпы тәрбиешілер қауымы – болашақты тәрбиелейтін жандар. Сондықтан олар адам қызығатындай, еліктейтіндей маман болулары керек.
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тәрбиешілерге көңіл дұрыс бөліне ме? Еңбек бағаланып жатыр ма?
– Шүкір, бағаланып жатыр. Кешегі күні кәсіподақтар ұйымында «Педагогтар мәртебесі» заңының енгізілуіне байланысты талдау жүргізілді. Бұл жерде «педагогтарға жан-жақты жағдай жасалынуы» тиіс деген мәселе көтерілді. Баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне байланысты да толықтырулар мен өзгерістер енгізілген. Бұл – барлық жас тәрбиешілер үшін қуанышты жайт.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан —
Ақнар Мәуленқызы