Көк түркілерді көтерген Күлтегін
Күлтегін 685 жылы дүниеге келді, әкесі – ел төресі Құтлық қаған. Ол әкесінен 7 жасында жетім қалады. Он жасында сарбаздар қатарына қосылып, өзін ер жүрек те, батыр, қол бастайтын жауынгер ретінде танытады. Ол кезде ақылгөй әрі тәжірбиелі әскербасы Тоныкөк қартайып қалған болатын, сондықтан әскерді ханзада Күлтегін бастады. Күлтегін қолбасшы көптеген шайқастарға қатысты, көп елдер мен қалаларды жаулап алды, жеңіліс тапқан кезі болмады. Тарихи құжаттардың куәлігіне жүгінсек, оның әскерінде миллионға жуық салт атты сарбаз болған. Жас кезінен қарына садақ іліп, қолына желкілдеген найза ұстап, жорыққа аттанған Күлтегіннің қалған саналы өмірінің барлығы аттың жалында елі үшін еңіреп өтті. Ол атақ-даңққа, таққа да құмартпады. Көк түркілердің ордасын әлденеше рет ыдырап кетуден, қайтадан құлдыққа бас ұрудан сақтап қалған да осы Күлтегін болатын. Арадағы ұсақ-ұсақ қақтығыстарды қоспағанда, Күлтегін өзінің ұлы жорығының бірі, қалың шүршіттің тұрақты және ең сенімді армия-
сына 706-жылы аттанады. Бұл шайқас туралы ғұлама тарихшы Лев Гумилев былай дейді: «Осы айқаста үш рет шабуылға шыққан қарулы, әбден машықтанған атты әскердің артықшылығы тағы да дәлелденді. Бұл шайқаста қытайлар 10 мың әскерінен айырылды, соған қарап-ақ айқастың нәтижесі туралы пікір түйіндеуге болады».
…Қапаған қаған өзінің қаперсіздігінен байырқылармен болған ұрыста қаза табады. Оның ұлдары орданы бөлшектеп, үлкен және кіші қағандыққа ыдыратты. Ұсақ-ұсақ ұлыстарға бөліну деген сөз – түркі жұртының азып-тозып, ақырында өзге елдің боданына айналып, құрып кетумен пара-пар еді. Бұдан әрі қырқысқа жол берсе, онсыз да күйзелген елдің күлі көкке ұшатынына көзі жеткен Күлтегін қатал да қажетті тәуекелге бел байлады. Ол өзіне қарасты жасақтарды жиып алды да, алауыз боп өзара қырқысып жатқан мұрагерлерді де, ханымды да қолға түсіріп, өлімге кеседі. Жорықта жүрген ағасы Білгені суыт сарайға шақыртып, «Сен заңды мұрагерсің. Ақылың да, батылдығың да бар. Қаған бол! Ал мен өмір бойы семсерімді қынабыма салмай, қағанат үшін күресіп өтуге әзірмін. Тоныкөк абызды шақыртып, ақылшың етіп ал. Сонда ел соңынан ереді», — дейді Күлтегін. Шынында да, Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін сияқты елі үшін еңіреген үш ұлы дана басқарған 15 жылдың ішінде түркі қағанаты өзінің ең бақытты, мейманасы тасыған, айбыны асқан дәуірін басынан кешті. Араға 15 жыл салып барып, 47 жасында Күлтегін оғлан дүние салды. Білге қағанның ғана емес, исі түркі халқының айбарлы алтын діңгегі құлады. Ұлы дала күңіреніп, төрткүл дүниеден түгел елші келіп, Күлтегіннің құдіретіне тағзым етіп, арулап көмді. Бауырының қазасына қабырғасы сөгілген Білге қаған оны мәңгі есте қалдыру үшін құлпытасқа түркі елінің тарихын, Күлтегіннің ерлігін ойып жаздырды.