Теңдессіз кешен — Тектұрмас

Тектұрмас кесенесі – Тараз қаласының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан XIV ғасырдың сәулет ескерткіші. Өңірдің діни ескерткіштерінің бірі. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған, күмбезді төртбұрышты ғимарат. Сүйір аркалы кіреберіс батысқа, Тараз қаласына қарап тұр. Енді бабамызға қатысты аңыз деректерге тоқталсақ, Тектұрмас Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген, сол кезеңдегі даңқты қолбасшы, батыр және ислам дінін уағыздаушы болған. Өз заманындағы шариғат-ілімдерді терең игерген, парасатты адамдар қатарынан. Бұл кісінің шын есімі – Сұлтанмахмұт Шах, ал Тектұрмас – халықтың қойған лақап аты. Тектұрмас деп қойылуының өзіндік тарихы бар, Сұлтанмахмұт ел басқарған тұсында үнемі бәрін өзінің бақылауында, қарауында, жиі тексеріс жасап қадағалап отырады екен. Кішкентай елді мекеннен бастап, үлкен қалаларға дейін қатаң тәртіп орнатқан, текке жүрмей, көп жұмыс бітірген. Содан халық әне, тағы да тек тұрмайтын Тектұрмас келе жатыр деп, сол теңеуден ел арасында осы есіммен аталып кеткен.
Бізге жеткен екінші аңыз бойынша, әулие Ұлы Жібек жолы торабында жатыр. Көне замандарда бұл орын сауда керуендері өтетін тоғыз жолдың торабы, тіршіліктің қызған ортасы болған деседі. Бір қызығы керуен жолаушылары осы жерден өткен кезде, тылсым күштер оянып, керуендер өз межесіне жете алмай, тоқтап қала бергенге ұқсайды. Тек қана құран оқытып, дұға бағыштағаннан соң ғана көпестер ары қарай жолын жалғастырып отырған. «Тектұрмас» атануының тағы бір бұлтарпас дәлелі жоғарыда айтылып кеткен жайттарға да байланысты деп санаймын, яғни «текті жер» дегеннен шыққан.
Жүргізілген зерттеу жұмыстары анықтағандай, осы адырдың үстінен меридиан кескіні өтеді . Таңғы намаз уақытында ерекше бір әуендер ойналатын көрінеді. Одан басқа, баба кесенесінің төменгі жерінде үңгір табылған, оның үлкендігі соншалық, екі жылқы сыйып кетеді, ал одан әрі жүрсе 300 жылқы толып кетерліктей алаң бар деседі, ол өз кезегінде ұзыннан-ұзақ дәлізге жалғасады, дәліз Талас өзені арқылы өтіп, қала шетіндегі моншаға апарады. Расында да, «Тектұрмас кесенесі» сан мыңдаған сырды жасырған, көне замандардың куәгері іспетті теңдессіз тарихи кешен. Тарихы тағылымға толы Тараздай шаһарға көрік беріп тұрған бұл кесененің де өзіне тән ерекшеліктері қаншама, шіркін!
Дәл осы 2020 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына байланысты облыс әкімі Асқар Мырхаметовтің қолдауымен «Тектұрмас этно-тарихи кешенінің» әлеуеті тіптен арта түсті, бұрынғыдан бетер көздің жауын алатындай тамаша көрініске ие болды. Тарихи кешенді тамашалау Талас өзені арқылы өтетін көпірден басталады. Көпірге кіре беріс жерде екі үлкен стела тұрғызылған: дөңгелек күн тәрізді тастың бірінші бетінде Ұлы Батыс түркі қағандарының таңбасы бейнеленсе, екінші бетінде түркі халықтарының наным-сеніміндегі тәңір құсы Самұрықтың бейнесі көрсетілген.

Көпір аяқталатын жерінің екі жағында түркі халықтарының негізгі айбарлы белгісіне айналған биіктігі 4 метрлік, салмағы 3 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған, түр келбеті қазба жұмыстары кезінде табылған артефакт образы бойынша жасалған екі арыстанның мүсіндік бейнесі орнатылған. Ежелгі мифологияда аңдардың патшасы арыстан өз аумағы мен өз үйірін қорғайтын, билік пен байлықтың белгісі болып есептелген.
Кесенеге кіре берістен-ақ айбатын арттырып тұрған – «Көне Тараз» қақпасы. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі 10 метр, ені 14 метрді құрайды. Қақпаның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралар тұрғызылған, ортасындағы қаспеттері әр түрлі ою-өрнектермен безендірілген. Айталық, бірінші беті «Тектұрмас этно-тарихи кешені» деген сөздермен әшекейленсе, екінші бетінде «Тарих – тектіліктің белгісі» деген жазба менмұндалап тұр. Мұнаралардың алдыңғы жағында бойы 2 метр, ал салмағы 300 келі найза мен қылышпен жасақтанған сауытты екі жауынгердің мүсіндік бейнелері керемет үйлеседі. Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар ішіндегі жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Баспалдақтың екі жағындағы петроглифтермен әшекейленген арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан тұлғалар – он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері, билік еткен ғасырлары қашалып таңбаланған.

Аружан РАҚЫШ, жас тілші, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жиенбет мектебінің 9-сынып оқушысы.

ПІКІР ЖАЗУ