Хоу Идің күнді садақпен атуы

Қиырдағы Шығыс теңізінің аралдарының бірінде орналасқан Күн алқабында алып фу-сан ағашы өскен екен. Биіктігіне көз жетпейін ағаштың жоғарғы ұшында Аспан әміршісі мен Ши Хы әйел құдайының он ұлы – он күн өмір сүрген-мыс.
Олар күн сайын бірін-бірі алмастырып, аспанға кезекпен шығатын: біреуі үйіне жетсе, дереу екіншісі көкке көтерілетін еді.
Әр күні, таң арайлап атқан кезде, фу-сан ағашының төбесінде отыратын Яшма әтеші жаңа күннің басталуынан хабар берген. Оның шақырғанына теңіз де толқып, жарық және ашық күн асықпай шыға келген.
Демек, алты айдаһар жегілген күйме арбасымен Ши Хы әйел құдайы мен оның күн-ұлы аспанды серуендеп шықты деген сөз. Олар арайлы шуағын шашқан таң сәріден, жұлдыздары жымыңдаған кешкі аспанға дейін жүйткіп отырған. Келесі күн келгенде Ши Хы екінші ұлымен күйме арбасына отырып, тағы да көк аспанды бойлап серуенге аттанған.
Күндер өтіп, жылдар жылжып, ғасырлар ғасырға жалғасады. Сөйтіп Ши Хының ұлдары мұндай таптаурын өмірден әбден жалығады.
Бір күні бауырлар анасының келуін күтпей, өздері аспанға қашып кетеді. Сол жерде балалар асыр салып ойнап, көкжиекте шапқылап жүреді.
Олар қызыққа батқан сайын, жердегі адамның ахуалы мүшкіл бола бастайды: пана болар көлеңке табылмай, күріш алқаптары өртеніп, астық қурап қалады. Аптап ыстыққа адамдардың қаны қайнап, тыныс алуы қиындайды.
Алаулап жанған ормандар мен суы қайнаған өзендерден қашып шыққан қорқынышты жануарлар жүгенсіз кетіп, адамдарға қайғы-қасірет алып келе бастайды. Мұны білген Аспан әміршісі ұлдарының бейбастақтығын тоқтатуды ойлайды. Ол таңғажайып Хоу И садақшыны шақыртып, қолына қызыл садақ пен он күміс жебе ұстатып, тентек ұлдарының сыбағасын беруді тапсырады.
Әміршінің бұйрығын алған Хоу И әйелі Чаң Ымен бірге жерге жол тартады. Жерге түскен жігіт он күннің аптабына шыдамай, азап шеккен халықты көреді: көбі есінен танған, аяғында тұрғандарының құр сүйегі қалған. Мұны көрген батырды қайғы басады.
Мерген жігіт И дереу сиқырлы садағын қолына алып, сиқырлы жебесін салады да, күндердің бірін дәлдеп, тартып жібергені сол еді – зыр-р еткен дыбыс қана шығады. Әлем бір сәт тым-тырыс бола қалды. Аспан көгінде жоғалған жебе жалындаған дөңгелек күнді тесіп өткені сол еді, ол жарылып, жан-жаққа от ұшқындары шашырайды. Сол кезде аспаннан жерге күн рухының бейнесі – алтын қауырсынды үш аяқты қарға құлап түседі. Осылайша Хоу И он күннің біреуін атып түсіреді…
Қалған тоғыз күн қорыққанынан аспанда ары-бері арпалысып, тығыларға тесік таппай сасады. Алайда қайсар мерген қайта-қайта садақ адырнасын тартып, жебе аспанға
ұшып, көкте жалынды күн дөңгелектері кезекпен жарыла береді. Бірінен соң бірі жерге үш аяқты қарғалар құлай берді.
Енді адамдар қорқа бастады: егер күннің бәрі жоғалса, онда егін шықпайды, аштық келеді! Сөйтіп олар білдірмей Хоу Идің оқшантайынан бір тал жебені шығарып алады. Осылайша аспанда бірінен соң бірі күндер жойылып, ақыры соңғысы аман қалады. Содан бері күн шалқақтықты қойып, жуаc болыпты-мыс. Ол күн сайын белгілі уақытта шығып, адамдарға шұғыласын шашып, өсімдіктердің өсуіне көмектесетін болыпты.

Ертегіні қазақ тіліне аударған – Сәнмира СЕЙІЛХАН,
Суретші – Жаң Шымиң

ПІКІР ЖАЗУ