Адам жанының тазалығы

Қызының көзінде мұң барын анасы көптен байқап жүрді. Мұның  мәнісін білуге тырысқан анасына қызы:
— Маған алаңдамаңыз. Сабаққа ұзақ отырып, дайындалғандықтан шығар, — деді  көңілсіз қалпын өзгертпей. Анасы бұған сенді. Бірақ, жетінші сыныпта тапсырма соншалықты ауыр емес еді ғой, деді де қойды. Тоқсан аяқталғанда, ата-аналар жиналысында озат оқушы деген қызының сабағы нашарлап кеткенін  естіген анасының үстінен жай түскендей болды.
— Қызыңызды дәрігерге көрсетіп алыңыз, байқаймын азып бара жатқан сияқты, — деді сынып жетекшісі.
Анасының салы суға кетіп, үйге келді. Ертеңінде қызын дәрігерге барамыз деп ертіп алып шықты. Барлық маманнан өтті. Ешқандай ауру белгісі табылмады.
— Қыздардың бұл жасында психологиясында  көптеген өзгерістер болады. Сондықтан, артық сөйлеп ашуландырып алмаңыздар, — деп ескертті психотерапевт. Қызының күлкіден де, сабақтан да қалғаны былай тұрсын, ата-анасын елеусіз, назардан тыс қалдырғандай сезінуі анасының жанын жеді. Болған жайды сынып жетекшісіне айтып еді:
— Мен қыздармен сөйлесейін, Сіз құрбысының анасымен ақылдасып көріңіз, — деді. Осы уақыт аралығында әлгі қыздың анасы базардағы жұмысын тастады. Әкесі таңертең үйден шыққанымен «Қызымды уайымға батырған не нәрсе?» деп оның да жұмысы өнбей қойды. Қыздың үлкені, тұңғышы ішіндегісін айтпайды. Әке санасына небір сұмдық ойлар ұялады. Балалардың қалғаны кішкентай, олар әпкелерінің жайын қайдан түсінсін?..
Анасы құрбысының анасымен сөйлескенде ғана, қызын сарыуайымға батырып, жанына маза бермеген «аурудың» не екенін білді.
— Мынау сұмдықты қойсаңшы. Сыныптағы балалар «бай», «кедей» болып бөлінетінді шығарыпты. Менің қызым кедей болғандықтан, өзге қыздар оны бөлектеп, қатардан шығарып жіберген. Тіпті, оны көрсе сөйлеспей, теріс айналады екен.  Үзілісте жанына келе қалса, бәрі мысқылдай күліп, жақтырмай қарайтынын қайтерсің? Бұл қайдан шыққан әдет? Жарайды, кедей болсақ та, қотыр емеспіз ғой. Біздің жұмыссыз қалып, ауылдағы үйді тастап, «Қалқаманға»  көшіп келгеніміз айып па? Мұнда да жетісіп жатқан жоқпыз. Пәтер жалдап тұрамыз. Қызымыздың киімі бүтін. Жанұяда төрт бала, туысқандармен өзімізді қосқанда 9 адамбыз. Соның ішінде жұмыс істейтін күйеуіміз екеуміз ғана. Үшеуі – студент. Қызымызға басқаның қызындай  қымбат киім, алтын сырға, сақина алып бере алмағанымызбен жанымыз жайсаң, ниетіміз түзу…
Ашынған ана өзін-өзі ұстай алмады. Қызын бөлектеген құрбылары дастарқандағы бір жапырақ нан қандай бейнетпен келетінін білсе ғой… Осыдан кейін анасы да ойға батумен болды. Анасының сынық жүзін көрген қызы, дереу серпілді.  Әкесімен базарға барып, мектепке қажетті заттарын сатып алды. Оқулығы мен дәптерін қайта қалпына келтірді. Үй шаруасын тыңғылықты тындырып, сабақтан бас алмайтын болды. «Мен елімнің болашағымын» деген тақырыпта  жазған шығармасын дастарқан басында оқып бергенде, ата-анасы «Құдай тілеуіңді берсін, балам» деп батасын берді.  Өзінен кейінгі кішкентайлар көп нәрсені түсінбесе де, алақайлап кетті… Өйткені, оқушы-қыз адам жанының байлығы – дүние емес, білім екенін түсінді.
Ж. КУЧУКОВА.

ПІКІР ЖАЗУ