Қуаныш Жұмабек: Бір тілді жетік меңгерген адам басқа тілді жылдам үйрене алады

   Заманның талабына қарай бүгінгі жастар «білектің емес, білімнің күшіне» сенетін болды. Елімізде көп тіл білетіндердің, IT технологияларды меңгергендердің, түрлі салада жаңалық ашып жатқандардың санының артуы – жастардың ғылымға бетбұрысын көрсетеді. Көбіміз екі-үш тіл білгенімізге қуанып жатамыз. Ал одан да көп тілді қалай меңгеруге болады? Тіл білу арқылы қазақ әдебиетін қанша мемлекетке таныстыра аламыз? Бұл сұрағымызға ғалым, аудармашы, полиглот Қуаныш Жұмабек жауап береді.

– Қуаныш аға, әдебиетке деген қызығушылығыңыз қай жасыңыздан басталды?
– Ата-анамның мамандықтары басқа болса да, әдебиетке өте жақын адамдар. Екеуі де кітапты көп оқиды. Сол оқыған әңгіме, хикая, роман болсын, бәрін бізге айтып отырады. Отбасында екі ағайындымыз. Бір ғана туған ағам бар. Кішкентай кезімізде ұйықтар алдында міндетті түрде ертегі мен жыр-дастандарды оқып беретін. Арасында өздері құрап айтатын. Фольклор біздің әдебиетке қызығушылығымызды ғана тудырған жоқ, өзімізді соның бір бөлшегіндей сезінетінбіз. Әке-шешем орта мектептен бөлек, ШҚО Үржар ауданындағы Е.Рахмадиев атындағы 5 жылдық балалар музыка мектебінің «домбыра-тенор» мамандығында оқытты. Бала кезден Абай, Шәкәрім, Мұқағали, Оралхан Бөкей оқуларына, Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналған жарыстарға қатысып, көптеген шығармаларды жаттадық. Жыр мүшайра, айтыстарда да талай бақ сынадық. Әйтеуір, бас жүлде, 1, 2, не 3-ші орынды алмай қайтпайтынбыз. Спортпен де шұғылдандық. Мұны айтып отырғаным, ата-анамыз ақыл-кеңесін беріп, соған жағдай жасады. Ол кісілерге көп рақмет! Әйтпесе, басқа салада жүрер едік.
– Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілін жетік меңгергенсіз. Бұдан бөлек бірнеше тілде сөйлей аласыз. Мұның өзі қаншама еңбекті талап етеді. Тіл үйренем деген мақсатыңызға қалай жеттіңіз?
– Бірінші қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алдым. Бір тілді жетік меңгерген адам басқа тілді жылдам үйрене алады. Сосын, «еңбек пен бақыт егіз ұғым»- деген сөз бар. Қай сала болсын 100 % көңіл бөліп, қолға алсаң еңбегіңнің жемісін көресің!


– Біліміңізді жетілдіруде мемлекет тарапынан қандай бағдарламаларды пайдаландыңыз?
– Мектеп оқып жүргенде «Әуезов және әлемдік мәдениет» деген ШҚО бойынша шамамен жүз шақты мектеп оқушылары мен коледж студенттері қатысқан үлкен сайыс өтіп, Мұхтар Әуезовтің 20 томын жатқа айтып, басқа да тест, ауызша сұрақтарға толық жауап бергенім үшін ф.ғ.д. профессор Арап Еспенбетов, Бауыржан Ердембеков, Жандос Мағазбекұлы бастаған ғалымдар М.Әуезов атындағы Семей университетінің грантын берген еді. 11 сынып бітіргенде ҰБТ тапсырып, тағы оқу грантын ұтып алдым. Сөйтіп, Семей мемлекеттік педагогикалық институтында оқыдым. Кейін Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы UCTİ университетінде білім алдым. Алматыдағы Қайнар университетін «шет тілі: екі шет тілі (ағылшын-түрік)» мамандығы бойынша тәмамдағам. Одан кейін Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде оқып, «шет тілі: екі шет тілі (ағылшын-түрік)» мамандығы бойынша ғылым магистрі дәрежесін алғам. Семейдегі Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде құқықтану мамандығында да оқығам. Қазір Түркия Республикасы, Өмер Халисдемир университетінің докторантымын. Бұйырса, биыл бітіремін.


– Қуаныш аға, былтыр ғана тұсауы кесілген қазақ жастарына ағылшын тілін үйрену үшін әзірлеген кітабыңыз жайлы айтып беріңізші.
– Иә, Анкарадағы «Bizim Büro» баспасынан ағылшын тілінде «Let’s Learn to Speak English» атты кітап жарық көрген. 3 бөлімнен тұрады. Ағылшын грамматикасын тек қазақ тілінде түсіндіретін алғашқы оқу құралы және бұрын аударылмаған қазақ ертегілерінің ағылшын тілінде ұсынылуы. Сонымен қатар, кітапта американдық ағылшын тілінің сөздігі бар. Еңбектің жазылу тарихы, Малайзияда оқып жүргенімде ағылшын тілі грамматикасын тек қазақ тілінде түсіндіретін оқулық жазуды міндетім деп білдім. Себебі, ол кезде Қазақстанда ағылшынша үйрететін оқулықтар орыс тілінде еді. Қазақша болғанның өзінде мысалдар, жер-су аттары ағылшындықтарға қатысты болатын. Мен оқулығымда сондай дүниелерді өз елімізге қатысты етіп бердім. Одан бөлек бізде жоқ көптеген материалдарды кіргіздім. Оның бәрін Англиядан алдырдым. Ағылшын тілін тез үйренгісі келетін қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтіндерге ыңғайлы болсын деп жаздым. Бұл еңбек ағылшынды енді үйренушілерге де, аdvanced деңгейіндегілерге де өте қажет құрал.
– Кітапқа қазақ халқының қандай ертегілері енді?


– Қазақ халқының қиял-ғажайып, хайуанаттар жайындағы, және салт-дәстүр ертегілерін қазақ және ағылшын тілдерінде ұсындым. Тіл үйренуші әуелі ертегі оқығаны дұрыс. Осылайша ұлтымызды басқа елдерге танытқым келді. Біздің ертегілер Голливудтың киноларынан еш кем түспейді. Мысалы, «Алтын сақаның» тәрбиелік мәні өз алдына, Жалмауыз кемпір бір тісін жұлып алып, атып жібергенде жылқының бір аяғын жұлып түсіреді. Одан соң тағы бір аяғын қиып тастайды. Қандай көрініс?! Қандай ерекшелік?! Аяз би ертегісі ше?! Ол да ғаламат дүние! Айта берсем, көп. Осындай жауһарларымызды шет тілдерде сөйлетуіміз керек. Жалпы, қазақ әдебиетінің тамыры тым тереңде жатыр. Соны әлемге танытуымыз керек!
– Қазақ әдебиетін шетелдік аудиторияға таныту үшін не істеуіміз керек? Болашақта қандай армандарыңызды жүзеге асырғыңыз келеді?
– Аударма жан-жақтылықты қажет ететін күрделі сала. Көркем аудармаға келген әр адам міндетті түрде ақын не жазушы болуы керек. Сосын аударма барысында пайдаланатын екі тілді жетік білу жеткіліксіз. Сол екі ұлттың дүние танымын білу керек. Ал, қазақ әдебиетін шетелдік аудиторияғы таныту үшін әдеби аудармаға мемлекет тарапынан тікелей қаржы бөлініп жатса да, әр қаламгер қолынан келгенше өз үлесін қосу керек деп ойламын. Осы орайда айта кеткім кеп тұр. «Серпер» сыйлығының иегері, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ержан Жұмабек деген ақынның 2012 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Шексіздік Шұғыласы» атты кітабын түрік тіліне аудардым. Түркия Республикасы «Medeniyetin Burçları» ұйымы қолдап, «Sonsuzluk Şûlesi» деген атпен Ыстамбұл қаласы, «Ezgi», баспасында 2017 жылы басылып шықты. Түріктер қазақ ақыны Ержанды арнайы шақырып, Кайсери қаласында кітаптың тұсаукесерін, яғни, кешін жасап берді. Одан бөлек, ақын, жазушы Құл-Керім Елеместің «Шырағым-ай» кітабын ағылшын тіліне аудардым. Кітапты «Өнер» баспасы өзіміз шығарамыз деген. Соны күтудеміз. 2017 жылы түрік драматургі Нежіп Фазыл Кысакүректің «Рейс мырза» атты кітабын қазақ тіліне аудардым. Ол да алдағы уақытта Ыстамбұлдағы «Ezgi» баспасынан шығады. Басқа да дайын тұрған еңбектерім бар. Жақсы жаңалықтарымды жақын арада естисіздер! Арманым – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының ұлттық бояуын сақтай отырып, ағылшын тіліне аударып шығу!
– Арманыңызға жетіңіз! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлім ЕРКІНБЕК

ПІКІР ЖАЗУ