Ұлттың ұйытқысы болған ҚОЖАНОВ
Сұлтанбек Қожанов
1921 жылы Халық ағарту комиссары болған кезде
оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті ұлт тілінде жүргізу мәселесін көтеріп,
ана тілінде білім беретін мектептерді көбейтуді талап етті.
Жуырда ҚР Білім және ғылым министр-лігінің Республикалық ғылыми-педаго-гикалық кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, ұстаз, қарымды қаламгер Сұлтанбек Қожановтың туғанына 115 жыл толуына орай «Өмірі өнегелі өр тұлға» атты еске алу кеші өтті. Кештің құрметті қонақтары, ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Жомарт Құдайбердіұлы, Мәрзия Жылысбайқызы кітапхана оқырмандарына С.Қожанов туралы тың деректі, тағылымды да, терең мазмұнды әңгімелер айтып берді.
Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы ескіше Түркістан уезінде, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келді. Оның қысқа да ауыр балалық шағы Қаратау баурайындағы Қожан Қаңқаұлының отбасында өтеді. Көп балалы Қожанның ұлдарының үлкені Сұлтанбек еді. Еті тірі, пысық болып өскен Сұлтанбек алдымен ауыл молдасынан хат танып шығады. 1910 жылы әкесі оны Түркістанға әкеліп, танысының үйіне орналастырып, 4 сыныптық орыс-түзем бас-тауыш мектебіне береді. Бір ауыз орысша сөз білмей келген Сұлтанбек бұл оқуды тез игеріп, әке-шешесіне ауырлық түсірмеу үшін етікшінің жәрдемшісі болып жұмыс істейді. Зерек бала орысшаға тез төселіп, орыс-түзем мектебінен кейін үш сыныптық қалалық училищені бітірген соң, білім қуып, Ташкентке келеді. Ташкендегі үш жылдық мұғалімдер семинариясын үздік аяқтаған оны Әндижан уезіндегі орыс-түзем мектебіне мұғалімдікке жібереді. Онда бір жыл істегеннен кейін туған жеріне оралып, ауыл мектебінде бала оқытуға кіріседі. С.Қожановтың қоғамдық-саяси жұмысқа белсенді түрде араласуы Ташкенде мұғалімдер институтында жүргенде Ақпан төңкерісінен кейін өрістейді. 1917 жылы шілдеде өткен І-жалпықазақ сьезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. 1918-19 жылдары Түркістан өлкелік аштықпен күресу комиссиясының мүшесі, 1920 жылы Түркістан уездік атқару комитетінің төрағасы, Түркістан республикасы Ішкі істер комиссариятының комиссары, Халық ағарту комиссариятының комиссары, «Ақ жол» газетінің редакторы, Түркістан Орталық атқару комитетінің орынбасары, Қазақ өлкелік БК(б)п ұйымының жауапты хатшысы, КСРО Бақылау комиссиясының Өзбекстандағы өкілі қызметтерін атқарады. Жалпыға бірдей ұлт мектептерін ашып алған соң, ол шаруа ғылымын үйрететін, тұрмыс-тіршілікке жаттықтыратын, яғни, әрі оқытатын, әрі баулитын кәсіптік еңбек мектептерін ашуды, оларда да оқуды ана тілінде жүргізуді міндет етіп қойды. Сондай-ақ ол республикада баспасөз бен ұлттық театрлардың құрылып, өркендеуіне, мәдени-ағарту саласындағы күрделі жүйелердің жанданып, халық үшін қызмет жасауына өз ықпалын тигізіп отырды. С.Қожанов мемлекет қайраткері ретінде еліміздің ұлттық-аумақтық шекарасын межелеу кезінде айрықша еңбектенді. Сол кезде саны 6 миллионға жеткен қазақты мысалға ала отырып, «Орта Азиядан енші алыста ақы иесі екеу болса, бірі, санға кіретіннің ең үлкені болуы керек. Олай болмағанда, ұлт шегін ажырату тура жолмен жүргізілмегені болады», — деп мәселені ашық қойды. С.Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І сьезінде қазақ халқы тарихи атауын қалпына келтіріп, «киргиз» деген атты төл атауы «қазаққа» түзетті. Сол кездегі астананы Ақмешітке көшіргенде, оны Қызылорда деп өзгертті.
Сұлтанбек Қожанов аса көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, педагог, публицист ретінде танылып, небәрі 44 жасында сталиндік нәубеттің құрбаны болды. 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды.
К. КӨКТЕМҰЛЫ.