Неміс халқы
Жер бетіндегі әр халықтың өздеріне тән ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, тағам түрлері бар. Біздің сүйікті еліміз Қазақстан республикасында түрлі ұлттар мен ұлыстар көп қоныстанған. Ынтымағы жарасқан елімізде сан ұлттардың бір-бірімен араласуы нәтижесінде салт-дәстүрлерінің кейбіреулері біздің дәстүрге ұқсап, өзгеріске ұшыраса, кейбіреулері мүлтіксіз сақталып қалған. Неміс халқының дәстүрлі кәсіптері – егіншілік пен мал шаруашылығы, балық аулау. Қолөнермен де айналысады. Елімізде тұратын неміс халқы арасында ұлттық қолөнер, оның ішінде ұсталық, зергерлік, көзешілік, ағашқа алуан бедер салу, кесте тігу жақсы дамыған.
Немістер қай кезде де аса ұқыпты, іске тиянақты, әр сағатын, тіпті әрбір минутын пайдалы іске жарататын, бос сөзден гөрі нақтылы істі жақсы көретін халық. «Неғұрлым өнімді жұмыс істесек, соғұрлым жақсы демаламыз» деп есептейді. Күн демей, түн демей, талмай, шаршамай еңбек ету, байлықты еңбек арқылы жасау неміс халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі. Неміс ұлтының үй-жайының іші-сырты тап-таза, ауласы – егіс, бау-бақша, шарбағы, қақпасы – әдемі қоршалған, әшекейлі болып көз тартып тұрады. Мұның өзі отбасының еңбекқорлығы мен ұқыптылығын, тазалығын танытады.
Қазақстанда тұратын немістердің өз араларында тойлайтын ұлттық мейрамдары бар. Мысалы, аптаның соңғы күндерінде «ата-аналар күні» деп аталатын мейрамын тойлайды. Қайтыс болған кісілердің аруақтарына бағыштап түрлі тәтті тоқаштар мен бәліштер пісіріп, туыстарына таратады.
Мұсылман елдеріндегі күзде тойланатын «сабан тойына» ұқсас немістерде әр науқан аяқтала келе мереке жасайды. Сондай-ақ, жаңа жыл шыршасын әсемдеуге еліміздегі немістердің балалары да атсалысып, ерекше мән береді. Мейрам барысында үлкен-кіші жайнаған дастарқан басына түгел жиналып, ән айтып, би билеп, ойындар ойнайды, бір-біріне сыйлықтар ұсынады. Бұл балаларды ізгілікке, шеберлікке үйретудің халықтық дәстүрі.
Немістерде балаға ат қою салтында өзгешелік бар. Мысалы, Карлхен – Карл, Рудольф – Руд, Конрад – Курт деп еркелетіп есімдерді толық және кішірейтіп айтады. Неміс халқының мақал-мәтелдері Отанды сүюге, еңбекті бағалауға, төзімді болуға тәрбиелейді.
Атырау қаласында «Видергебурт» неміс этно-мәдени қоғамы бар. Қоғамға аймақтағы неміс ұлты адамдары мүшелікке топтасқан. Олар өз дәстүрлері мен мәдениетін сақтай отырып, «Достық үйінде», мекемелерде арнайы әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырып, кездесулер өткізеді. Қаладағы «Достық үйі» барлық ұлттардың бас қосатын бірлік пен ынтымақ мекені. Мұнда әр ұлт балалары келіп, достасып, неше түрлі үйірмелерге қатысады.
Светлана Муньянова,
Атырау қаласы