Достық
Әйгерім 6-сыныпта оқиды. Оқуы жақсы, мінезі де биязы, әйбат бала. Сол үшін де оны бүкіл сынып жақсы көреді. Оқу жылының басында сыныпқа жаңа оқушы келді. Аты – Жансая екен. Оны ешкім жатырқамады. Әйгерім болса келесі күні-ақ онымен достасып кетті. Жансая қаншама жайдары болғанымен, көзінде бір айықпас мұң бар еді. Кейде үй тапсырмасын орындамай келетін, кейде сабақ үстінде өз-өзінен қыстығып, жылап та алатын. Оны Әйгерім сезді, сөйтті де оны бақылап жүрді.
— Жан құрбым-ау, саған не болып жүр өзі, айтшы мәнісін? – деді бір күні оған Әйгерім.
Жансая ештеме болмады дегендей басын шайқады. Сөйтті де өксіп жылап жіберді. Көп кешікпей Әйгерім оның сырын да ұқты. Сөйтсе, Жансая әкесіз жетім қыз екен. Шешесі болса сырқат көрінеді. Жансаяның сабаққа үлгіре алмай жүргенін Әйгерім енді түсінді. Өкініштен жүрегі сыздап қоя берді. Қызының Әйгерімдей дос тапқанына сырқат ана қатты қуанды. «Шіркін, достың бәрі Әйгерімдей болса ғой» деп толқыды іштей. Оқу күндерінің бірі еді.Үзілісте Әйгерім қасына таяп келген досын құшақтай алды. Екі құшақ айқаса кетті. Аздан соң екі құрбы аяқтарын нық басып, дәліз бойымен аяңдап келе жатты.
Іңкәр МҰХТАР.
Райымбек ауданы, Сарыбастау ауылы.