Тілектес МЕЙРАМОВ, актер, Қазақстанның Халық артисі: МЕНІ САХНАҒА ӘНУАР АҒА ШЫҒАРҒАН…

– Тілектес аға, актерлік мамандыққа қызығатын адам көп. Бірақ, өнер майданында бәріне бірдей жеңіс бұйыра бермейтіні анық нәрсе. Айтыңызшы, сіз бақытты актерсіз бе?
– Иә, мен өнерде бағы жанған актермін. Алғашында, актерлік өнерді таңдағаннан кейін «болашағым қалай болар екен?» деп алаңдағаным рас. Бағыма қарай бәрі мен ойлағаннан да әлдеқайда басқаша болды. Мысалы, кездейсоқ театрға келмесем, Әнуар Молдабаев ағам сахнаға шығармаса, Әзірбайжан Мәмбетовтің актері болмас едім…
– Сонда театрға кездейсоқ келдіңіз бе?
– Әзірбайжан Мәмбетов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымын сахналамас бұрын көркемдік кеңес мүшелеріне «көшеден болса да әдемі қыз-жігіттерді тауып келіңдер» деп тапсырма берген екен. Асқар Тоқпановтың шеберханасының үшінші курсында оқитын мені ұстазым Шолпан Жандарбекова өзі жетектеп театрға кастингке ертіп келді. Ол кезде көркемдік кеңесте Ә.Мәмбетовті айтпағанда, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римовалар болатын. Үміткерлер кезекпен сахнаға шығып жатыр, бір кезде кезек маған жетті. Баяғы әдетімше батылым жетпей қорқып тұрғанмын. Сол кезде артымнан біреу желкеледі де: «Сахнада тек батыл болу керек» деп сахнаға қарай итеріп жіберді. Жаңа ғана сахна сыртында қобалжып тұрған мен өзімді танымастай өзгеріп, көркемдік кеңес мүшелерінің алдында жанымды салып көсілдім.
– Сізді сахнаға итеріп шығарған адам кім екен?
– Әнуар аға Молдабеков екен. Ол кісімен монологты орындап біткен соң таныстым. Әнуар аға менің идеалым еді. Ертесі күні Шолпан апайым Қозының рөлінің маған берілгенін сүйіншілеп қуантты. Сол күннен бастап театрдан шықпайтын болдым. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымының әзірлігі жарты жылдан аса уақыт жүрді. Бір күні «читканың» арасында сыртқа шығып кеттім де, қайта оралсам, Әзекең бәріне ұрысып жатыр екен. Ақырын әйнек сыртынан тыңдап тұрмын. Мына Мейрамовтың ынтасын көрдіңдер ме? Содан үйреніңдер» деп мені мақтап жатыр екен. Қиялыма қанат біткендей болып, бір марқайып қалдым. Алғашқы премьера өтетін күні ас батпады. Мүлік аға Сүртібаев өзінің ақылын айтып, лебізін білдірді. Спектакль алдында режиссер Ә.Мәмбетов келіп қолын жүрегімнің тұсына қойды да, «толқып тұрсың, иә» деді, мен басымды изедім.
– Мен 1979-1986 жылдар аралығында жеті жыл бойы ешқандай рөл сомдамадым. Әр күні бір арманды арқалап, үмітпен жұмысқа келемін. Жалақы жүріп жатқан соң жұмыстан қалмаймын. Күнделікті кешке жүретін спектакльдердегі бұрынғы рөлдерімді ойнаймын, кей күндері көпшілік сахнасына шығамын. Осылайша әр күніме үміт артып жүргенде жеті жыл уақыт өтіп кетеді. Сосын 80-ші жылдардың ортасына қарай – Жәңгір хан, Шыңғыс хан, Еділ патша сияқты рөлдер беріле бастады. Шығармашылығым, өмірім өз арнасына түсті. Бірақ, М.Әуезов атындағы театрында өткен жылдарыма ешқандай өкпем жоқ. Ол жақтан кеткеннен кейін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрында басшылық қызметте болдым, Астана театрларында еңбек етіп жүрмін, сонда да әлі күнге дейін М.Әуезов атындағы қазақ драма театрын, қара шаңырақты «менің театрым» деп айтып жүремін.
—Бала кезіңізде бойыңызға батылдық қасиеттің көп жетіспегенін бірнеше рет айттыңыз. Есейгеннен кейін бұл олқылықтың орны толған шығар?..
– Әлі батыл емеспін. Себебі, мен адамның көңіліне қатты қараймын. Айтатын сөздерімді де тыңдайды-ау деген адамдарға ғана айтамын. Менің бойымда ұдайы екі адамның күресі жүріп жатады. Біреуі «ойыңды айту керек, онікі дұрыс емес» десе, екіншісі «көңілге де қарау керек» деп басып отырады. Қазір, тіпті, студенттеріме екі қоя алмаймын.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Биылғы 70 жас меерйтойыңыз құтты болсын!
Сұхбаттасқан,
Әсем ЧАПАЙҚЫЗЫ,
Өнертану ғылымдарының магистрі, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының баспасөз орталығының жетекшісі

ПІКІР ЖАЗУ