Сенің анаң қоқыс жинаушы ма?

Қызы мектептен үйге оралғанда, анасына осы сұрақты қойды. Анасы ә дегеннен түсінбеді.
—Қоқыс жинаушы адам емес пе? – деді қызы жұлып алғандай. Намыстан жарылайын деп тұр.
—Қызым, оны саған кім айтты?
—Сыныпты тазалап шығып, мектеп ауласындағы қағаздарды жинап, қоқыс жәшігіне тастап келсем, мені күтіп тұрған қыздар осылай деп бәрі қарқылдап күліп тұр.
—Балаларым, сендер сыныптастарыңның сөзіне мән бермеңдер. Қоқыс жинаушы, еден жуушы, аула сыпырушының еңбегін құрметтемеген ұл-қыздардың бұл әрекеті дұрыс емес. Ертең өздерінің дұрыс емес қылығын білгенде, қатты ұялады деп ойлаймын. Адам араласпаса, мына өмірде ешнәрсе орын-орнымен реттелмейді. Қалпына келтірілген дүниелерге ұқыпты қарау әрбір адамның, балалардың міндеті.
Ұл-қыздарына құрбыларының айтқан сөзі неден шықты деп ойға қалды.
Әкесі үнемі ұжымшардың жұмысында жүрді. Ерте кетіп, балалары ұйықтап кеткенде келетін. Өйткені, қыста малға шөп тасиды, көктемгі егіс, егін орағы деп дала жұмыстары бірінен кейін бірі жалғаса беретін. Үйдің бүкіл шаруасын анасы атқаратын. Ұл-қыздары да үйдің жұмысына араласып өсті. Өзі де тұрмыс құрды, көп балалы ана атанды. Балаларының әкесі де өз әкесіндей өте еңбекқор жан. Мемлекеттік жұмыстан қолы босағанда, көлігіне отырып, адам тасиды. Біреудің көлігі бұзылып қалса, дереу жөндеп береді. Тіпті, құрылыс жұмыстарына да араласып кететін бесаспап жан. Өзі болса, үйдің шаруасы былай тұрсын, балалары мектепке барғанда, мұғалімге қолғабыс етіп сыныпта өтетін шараларға бірге араласады. Сабақтан соң, балаларды алып кетуге келгенде, еден жуушыны күтпей-ақ сыныпты жуып тазалап, реттеп кетеді. Тіпті, еден жуған суды сыныпқа қоя салмай, төгетін орынға дейін апарады. Оны көргендер:
—Сен еден жуушы болып алғансың ба?-деп кекете намысына тимек болып сөйлейді.
—Балаларым үшін қажет болса, еден де жуамын, аспаз да боламын. Ұл-қыздарымның кіріп-шығатын дәретханасын жууға әзірмін,-деп шынайы аналық келбетін танытады.
Көшеде шашылып жатқан қоқыс, көлденең жатқан зат, тіпті біреудің аяқ киімінің табаны аспанға қарап жатса, соны ерінбей еңкейіп түзей салады. Сыныптағы оқушылар серуенге шықса, бар жұмысын жинап қойып, балаларымен бірге жүреді. Саябақтарды тамашалағанда, табиғат аясына шыққанда, баласына тамағын бермек түгілі жолының қаражатын төлемейтін аналарды қайтерсің?
Сондай аналар балалары серуеннен келген соң, болған жайды естіп алып, бір-біріне:
—Әй, анау қоқыс жәшігі барыпты, ей.
—Мен балама бір теңге берген жоқпын, анау әйел барлық балалардың тамағын, сусынын беріпті. Оған берген ақшаға өзім сән салонына бармаймын ба?
—Ой, бейшара, ұялмай балалардан қалған тамақты сөмкесіне салып алып кетіпті.
—Білгем оның осындай бейшара екенін, сол әйелді суқаным сүймейді. Жүгіреді де жүреді. Үйінде істейтін ісі жоқ қой…-деп сыртынан ғайбаттап тастады. Біреудің игі ісінен тағылым алудың орнына, «Сол әйел неменеге барлық іс-шараларға жүгіре береді? Біздің одан неміз кем? Сол сыныпта менің де балам оқиды ғой. Мен неге балам үшін жүгірмеймін, ал ол әйел өзінің баласы емес, бүкіл сыныпқа қамқорлық жасайды, соған қарамастан 5-6 жыл бойы бізге бір жасаған жақсылығын айтқан емес»- деп ойлай алмады. Тіпті өздерінің айтқан әңгімелерінің қаншалықты теріс екенін де ойламады. Ойлауға уақыт та бөлмеді.
Теледидарды қосқан ата-ананың бірі өздері «қоқыс таситын әйелдің» кім екенін білгенде, тілін жұтып қоя жаздады. Әйелдер жағы бір-біріне телефон шалып, өз көздеріне өздері сенбеді. Көрген хабары сол жерде қалды да, әйел-аналар бәз баяғы қалпынан айнымады.
—Сыныпты жөндеу жұмыстарына көмектесіңіздер деген сынып жетекшіге:
—Біз ата-анамыз, неге біз жұмысшы боламыз. Ақша бөлініп жатыр, неге жұмысшы жалдамайсыңдар?
—Қой, ей, шаң жұтып, енді бізге жетпегені осы десе, әкелер:
—Ақшасын төлейік, сырттан жұмысшы жалдайық,-деп қашқалақтады. Білек сыбанып шыққан қыздың анасы:
—Мен не істесем де өз балам үшін, балам отырған сынып таза болсын, жүрген жері, басқан ізі таза жердің үсті болса екен деп ойлаймын. Сондықтан, кез келген мектептің жұмысын атқаруға дайынмын. Ертеңнен баста десеңіз, бастаймын,-деді.
Ананың бұл айтқандары басқа ата-ананы шын мәнінде ойландырып тастады…

Ж.Кучукова

ПІКІР ЖАЗУ