Екі жүз жылдық соғыстың алғашқы кезеңі

Еңсегей бойлы Ер Есім хан тұсында, Қазақ Ордасы кемеліне келіп тұрған заманда, ойрат, яғни қалмақ жұрты мен алаш жұртының арасындағы ежелгі қайшылық біржола ушығады, бұдан жетпіс-сексен жыл бұрын басталған тынымсыз майдан енді бітіспес кекке ұласады.
Ортағасырлық Азиядағы үстемдік үшін күрескен екі халық арасындағы кенеусіз ұрыстар 1520 жылдары басталып, ара-тұра азғана үзілістермен 1758 жылға дейін (батыстағы қалмақтың соңғы көшіне сілтесек, 1771 жылға дейін), яғни екі ғасырдан астам уақытқа созылады. Бұрынғы-соңғы заманда ешбір халық тарихында болмаған, жауласқан екі жұрт бірін-бірі қырып, түгесуді ғана мұрат тұтқан ғаламат майдан, жүйелі түрде жүргізілген тынымсыз да тыйымсыз кезек шабыс атадан балаға, немереден шөбереге, одан шөпшек, туажатқа ауысады.
Екі елдің дебарлық күш-қуатын жалмаған, экономикалық және рухани дамуын тежеп, тікелей ұрыстарда жүз мыңдаған адамның қанын төгіп, халықтардың табиғи өсімін біржола шектеген екі жүз жылдық соғыс нәтижесінде ойрат жұрты ажал қақпасынан аттап, жер бетінен мүлде жоғалады, қазақ жұрты құлдық қақпасынан аттап, отарлық кепке түседі.
Түрік қауымы қалмақ деп атаған, қытайлар өлүт деп атаған моңғол текті бұл халықтың өзіндік есімі — ойрат. 1520 жылдарда, Тайыр хан заманында басталған жекелеген қақтығыстар зор майданға ұласады.
Соғыстың әуелгі кезеңі қазақтарға жайлы тимесе керек. Осының алдында ғана біріккен өзбек-моғол шапқынында ауыр шығынға ұшыраған, бұлғақ жайлап, ұжымы азайған Қазақ Ордасы қарбалас күйге түседі.
Сол заманнан жеткен үзік-үзік деректерге қарағанда, 1550-жылдардың бас кезінде — Бұйдаш ханның тұсында үлкен бір соғыста қазақтар жеңіске жетеді, бірақ қайтадан күш топтаған қалмақтар қуа шығып, қазақ шерігін талқандайды. Жарым әскерінен айрылған, жұртын алдырған қазақ ханы Ташкент уәлаятын билеп отырған Наурыз-Ахмет ханнан көмек сұрапты. Түрік тарихшысы Сейфидің айтуынша, Наурыз-Ахмет: «Жалғанды жалмайтын йәжүж деген жұртыңыз — осы; сен екеуміз сияқты он хан бірігіп аттанса да, бұларды тоқтата алмайды», — депті. Сейфи қалмақтардың жаужүректігіне ғана емес, санының көптігіне де назар аударады.
Қасым хан заманындағы қуатынан айрылғанымен, кеудесі басылмаған қазақ қандас, діндес көршілерінен күдер үзіп, тәуекелге бел буғаны, қалған үш тарапта бейбіт келісімдер жасасып, дәл осы кезеңдегі ең қатерлі жау — Ойрат одағына қарсы соғысқа бар күшін жұмылдырғаны байқалады.
Орталық Азия тарихын зерттеген орыс ғалымдары: «Қазақ хандары ойрат тайшыларынан басым шықты»,-деп жазды. Олар қазақтардың қалмақтарды біршама орнығып қалған қоныстарының өзінен бостырып, шығысқа, Көкүнор алабына дейін ығыстырғанын айтады. 1585 жылғы қалмақтармен қанды соғыста да қазақ шерігінің жеңіске жеткені белгілі. Тәуекел хан тұсында соғыстар сәл саябырлаған екен. Есім хан тұсында, 1600 жылдардың бас кезінде ежелгі қайшылық, ескі кек қайта тұтанады, екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысының жаңа кезеңі басталады.

Үзінді Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабынан алынды.

 

ПІКІР ЖАЗУ