Демокрит

Ежелгі грек топырағынан төрткіл дүниені тамсандырған дара бітімді даналар шыққаны мәлім. Солардың бірі — Демокрит. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 463-360 жылдар аралығында өмір сүрген. Абдера шаһарында дүниеге келген, әкесі әлеуетті бай адам болған екен. Бірақ Демокрит рахат-байлықтан бас тартып, бүкіл ғұмырын дүниенің сырын танып, даналықты меңгеруге арнайды. Әке мұрасынан үлесіне тиген азын-аулақ қаржымен ғылым іздеп сапарға аттанады. Дүниенің төрт бұрышын шарлап Мысырға барады, ғұлама-абыздардың дәрісін тыңдап, геометрияны меңгереді, парсы еліне, Үндістанға, Эфиопияға барады.

Демокриттің елуге тарта ғылыми трактат жазғаны мәлім. Ол атақты философ болған Протагордің жас кезінде отын әкеле жатқанын көреді. Баланың отынды еш жаққа аумайтындай етіп геометриялық соншалық дәлдікпен буғанын байқап, өзіне шәкірт етіп алған екен.
Демокрит дабыра-даңқты сүймеген, барынша сыпайы, елеусіз болуға тырысқан. Мысалы, Афинаға барғанда ешкім оны танымаған. Сократ екеуі философия туралы әңгіме-дүкен құрғанда, Сократ кіммен сөйлесіп отырғанын білмеген. Ол шынында да ғылымның бесаспап білгірі болды. Математика, физика, этика, өнер саласында онымен бой теңестірер адам кемде-кем еді. Демокрит Пифагордың баласы Аримпестен тәлім алған, жалпы ол пифагоршылардың ілімін жақтап, ізін қуған. Геометриялық денелерді көп зерттеп, осы салада үлкен жаңалықтар ашқан. Мәселен, ол табаны мен биіктігі бірдей болған жағдайда, конустың көлемі цилиндрдің көлемінің үштен біріне, ал сондай жағдайдағы пирамиданың көлемі де призма көлемінің үштен біріне тең болатынын тұңғыш рет дәлелдейді. Сондай-ақ конусқа байланысты шешуі қиын мынадай сауалды алдымызға көлденең тартады: егер конусты оның табанына параллель жазықтық бойымен бірнеше қайтара қисақ, қиындының бетін қалай елестетеміз: олар бір-бірімен тең бола ма, жоқ па? Егер тең емес болса, конустың бүйірі тегіс емес, сатылы сияқты болғаны. Ал бір-бірімен тең болса, тұйыққа тірелеміз. Ондай жағдайда бұл геометриялық дене конус емес, цилиндр болып шығар еді. Демокрит ашқан бұл қызық құбылыс әлі күнге дейін «Конус парадоксі» деп аталады.
Ел аузында Демокриттің әулиелігі жайлы да аңызға бергісіз әңгімелер болған екен. Соның бірі — бір күні Демокрит Гиппократқа қонаққа келеді. Үй иесі ыдысқа құйып сүт ұсынады. Демокрит сүтке қарап: «Бірінші рет лақтаған қара ешкінің сүті екен», — депті. Гиппократ оның сәуегейлігіне таң қалыпты. Демокриттің ажалы да таң қаларлық. Өмірінің соңына қарай қарындасының қолында болады. Әбден қартайып, дерт меңдеп, әл үстінде жатқанын көрген қарындасы үш күндік мейрам кезінде өліп қала ма деп қауіптеніпті. Сол кезде ғұлама: «Жарайды, өлмей тұра тұрайын, маған күнде ыстық нан әкеп бер», — дейді. Жаңа піскен ыстық нанды иіскеп мейрам өткенше үш күн шыдап, содан кейін барып еш қиналыссыз көз жұмыпты.

 

ПІКІР ЖАЗУ