Қазақ ордасының құрылуы

XIII ғасырдың 40-жылдарында ту көтерген ежелгі түрік жұртының қыпшақ тектес руларын біріктірген ұлы мемлекетіміз Алтын Орданың саяси және әкімшілік құрылымы қарауындағы халықтың шаруашылық жағдайына, жер ыңғайына орай қалыптасқан болатын. Алтайдың сауырынан Дунайдың етегіне дейінгі кең байтақ жерді — жарым дүниені алып жатқан алып мемлекеттің Еуропалық бөлігі — оң қанат, ал Азиялық бөлігі сол қанат деп есептелді. Оң қанат Ақ Орда деп аталады, сол қанат Көк Орда деп аталады. Бұл арада көне түрік тілінде ақ сөзі — батыс, көк сөзі — шығыс дейтін мағына беретінін айта кету керек. Сондықтан кеңес тұсындағы кейбір тарихи еңбектердегідей бұл екі орданың орнын шатастыруға болмайды.
Алтын Орданың Шығыс бөлігі, яғни Көк Орда негізінен қазіргі Қазақстанның аумағын қамтыды. Астанасы — Сыр бойындағы Сығанақ шаһары болды. Кейіннен билікке ұмтылған сұлтандардың әрқайсысы өзінше шағын хандық құруға тырысады. Ақыры солардың ішінде Жошының тағы бір ұлы Шибан әулетінен шыққан Әбілқайыр ханның бағы көтеріледі. Әбілқайыр Орта Азияның отырықшы аймақтарына бейімдік танытады, соған орай елдің тұрмыс жайына да, әдет-салтына да басқа тұрғыдан қараса керек. Ал Әбілқайырға қарсы топ — Орда-Ежен, Тоқай-Темір әулеті ежелгі дәстүрді берік ұстанып, ата салтын бәрінен де жоғары қойған сияқты.
Кеше ғана Көк Ордада тежеусіз билік құрған Орыс ханның ұрпақтары Керей және Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр билігінен бас тартады да, соңына ерген барлық жұртымен түп көтеріле көшіп, Қозы-Басы дейтін байтақ қоныс пен Шу өзенінің бойында дербес хандықтың туын көтереді, бұл жаңа ұлыс Қазақ Ордасы деп аталады. Ортағасырлық атақты тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулаттың куәландыруы бойынша, бұл оқиға 1456 жылы болған.
Керей мен Жәнібектің соңынан ерген, қазақ болып бөлінген жұрттың әуелгі саны — екі жүз мыңдай кісі екен. Сол заман үшін көп халық. Бірақ байтақ ұлыста қалған туыстардың саны бұдан алты-жеті есе артық болатын. Алғаш ту көтергеннен соң арада бір мүшел өтер-өтпесте Керей мен Жәнібек ата жұртына толық ие болады. Қазақ Ордасы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігі Көк Орда жерінде біржола орнығады, ежелден ата мекенінде отырған түрік-қыпшақ рулары енді қазақ деген ұлттық есімге атығады. Қазақ Ордасындағы халықтың ұзын саны бір миллионнан асады. Ол заманда жұрты жарты миллионнан асқан ел әлемде некен-саяқ болатын.
Қазақ Ордасының құрылуы, осының нәтижесінде қазақ аталатын халықтың тарих сахнасына шығуы — бір жұрттың екінші жұртты жаулауының, белгілі бір тайпалардың жаңа қонысқа келіп, жаңа патшалық орнатуының нәтижесінде жүзеге асқан іс емес. Бұл — тілі бір, түрі бір, салт-санасы ортақ туысқан рулардың, яғни, этникалық тұрғыдан алғанда, біршама қалыптасқан қауымның жаңғырған орда құрамында қайтадан топтасуы болатын.
Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы құрметті, бірақ сол, бұрынғы-соңғы тарихта орны бөлек екі адам бар десек, бұлар — Қазақ Ордасының негізін салған әуелгі екі ханымыз — Керей мен Жәнібек. Бұлардың қайсысы басшы, қайсысы қосшы деуге болмайды. Екеуі де дана, екеуі де ер. Алаштың асып туған ұлдары.

Үзінді «Қазақ тарихының әліппесі» (Алматы, 1995 жыл) кітабынан алынды.
Жалғасы бар.

ПІКІР ЖАЗУ