Аула сыпырушының балалары (ертегі)


Иә, балалар, біз көп жағдайда, кәсібіне қарай адамдарды бөлеміз. Нағыз адал еңбек етіп, қиыншылықтан қашпай жүрген жандарға үрке қарайтынымыз тағы бар. Біз айтқалы отырған ертегіміз де бағзы замандағы қарапайым отбасы жайлы болмақ.
Баяғы өткен заманда, елді жұмысссыздық жайлаған жылдар болыпты. Ауыл қалаға көшіп, тіршілігін жалғастырыпты. Туған жерінде қалғандары болса, малын бағып жан сақтапты. Солардың ішінде жалқау бір отбасының сіңірі әбден шығып, ашыға бастапты. Қыста суықтан, жазда аптап ыстық түгілі бір үзім нан мен бір жұтым суға зар болған отбасының отағасы:
—Менің қалаға кетіп, пұл тауып отырған азаматтардан нем кем? Шаһарға барып, екі қолға бір жұмыс тапсам… Жеткілікті ақша тауып, бала-шағамды асырасам, олар ешнәрсеге мұқтаж болмаса… Ерінбей күні-түні еңбек етіп, уыс-уыс ақшамен үй салсам, балаларымды шетелге білім алуға жіберсем… Балаларымның анасы әркімге жалданып, бір бөлке нанға жарымай жүрмес еді деген арман арқалап, бала-шағасын асырауды мақсат етіп жолға шықты.
Алғашқыда табыс тауып, ұл-қызының аузы аққа тигенде, ауыл адамдары бұған таң қалды.
—Міне, азамат!- деп атағы жер жара жаздады. Сөйткен балалардың әкесі бір күні зым-зия жоғалды. Анасы шиттей балаларын арқалап, туысқандарына қалдырып, іздемеген жері қалмады. Көрген-білгендер оның тірі екенін, басқа отбасымен өмір сүретінін естігенде, амалы құрыған ана ұл-қызын ертіп, бұл да шаһарға қоныстанды. Жалдап тұратын үй таппай, амалы таусылды. Әйтеуір бір мұсылман баласы табылып, қоныстанды. Өзі аула сыпырушы болып жұмысқа орналасты. Балалары мектепке барды. Бірақ, «аула сыпырушының балалары» деген сөзден арыла алмай-ақ қойды. Соған қарамастан, ананың балалары өте ақылды, алғыр, дарынды болды. Жарыстарда алдына жан салмайтын болып ержете бастады. Мектеп, қала емес, есімдері шетелде аталып жатты.
—Қой-ей, аула сыпырушы баласын шетелге жібермек түгілі, жаңа көйлек сатып алуға ақшасы жоқ,- деп көре алмаушылар сыртынан тон пішті.
Ісіне адал, таза істеген ісімен Алланың рақымына бөленді. Сыпыратын ауласы таң біліне айнадай жарқырап жатты. Оның еңбекқорлығын бағалаған басшылары да еңбекақысын көтере бастады. Балаларының алғырлығынан хабардар болған ұжымы үнемі көмек қолын созып отырды.
Жылдар өтіп жатты. Бала-шағасы ержетіп, аула сыпырушының жағдайы жақсарды. Көрші қолаң, оны білетін адамдардың аңдығаны аула сыпырушы болды.
—Қой, қанша байыса да, сол баяғы ауласын сыпырып жүр ғой,- дегендер қызғана оның күн көрісінің жақсарғанын сөз етіп жатты.
Балаларын жеткізу үшін кеш ұйықтап, ерте тұрды. Ең лас жұмыстан қашпады. Жүрсе-тұрса:
—Я, Аллам, мен аула сыпырсам да, ұл-қыздарым мендей өмір кешпесін. Сана бере гөр,-деп тілейтін. Тұрмысы қанша төмен болса да, тағдырға налып елге қол созбады. Жылап-сықтап, төмендемеді. Ішкілікке салынып, темекіге әуестенбеді. Шыдады. Төзімділік танытты. Тілегі қабыл болды. Жағдайы түзеле жұмысын қойды. Кезінде өзіндей күн кешіп жүрген адамдарға, балаларға көмек бере алатын жағдайға жетті. Бірде балаларын, келіндері мен күйеубалаларын жинап:
—Қымбаттыларым менің! Біздің тірегіміз — ауыл. Ауылға барып келсек, — деген ұсынысын балалары қолдады. Келе ауылын көркейтуге көмектесті. Балалар үшін ойын алаңдары, спорт кешендерін салып берді. Данагөй қариялардан бата алды.
—Ендігі кезек, ұлдарым, әкелеріңді іздеп тауып, ортамызға қайтару,-деп отағасы жайлы мәліметтерді берді.
Жөн білетін ұлдары талмай іздеп, әкелері туралы көп ақпарат тапты. Жастыққа мастанып, екінші отбасын құрған. Шылқыған байдың жұмысын істеген. Кейіннен соның қызына үйленген соң, дүниенің рақаты осы екен деп, отбасын ұмытып кеткен. Жылдар өтіп, жасы келген. Күш-қайратынан айырыла бастап, бұрынғыдай айдағанға көнбеген соң, қуып жіберген. Сүйретіліп бала-шағасын іздеп, ауылға келсе көшіп кеткен. Содан амал жоқ, өзі нанға зар болып, өмірден баз кешіп кеткен жерінен ұлдары тауып алған.
Әкелері ұл-қыздары ғана емес, бүкіл жастарға өз өмірін мысалға келтіре отырып, ақыл айтқысы келгенімен, денсаулығы әбден сыр беріп, сөйлеуге мұрша бермеді. Аналарының ақылымен әкелерін кешірген бала-шаға оның қалған күндерінің бақытты болуына бар ықыласын арнады. «Аула сыпырушы болса да» ұл-қызын қаңғытпай, дұрыс тәрбие беріп, ел қатарына қосқан АНАНЫҢ өнегесі ғасырларға аңыз болып жетуде.

Ж.Кучукова

ПІКІР ЖАЗУ