Әке мен бала

Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманда бір тақуа адам өмір сүріпті. Оның отбасы үлкен, үбірлі-шүбірлі болыпты. Үлкендері есейіп, есі кірген шағында тақуа адам балаларын ертіп, шаһарға жол тартады. Ұзақ жол жүріп, арбакешке отырып шаһарға жетеді.
— Адам қандай көп! — деп таң қалады балалар.
Қаланың сәулетіне таңырқаған балалар жан-жаққа қарап,үлгерер емес.
Әкесі:
— Балалар, мұнда келіңдер, — деп шақырды.
Жүгіре-жүгіре барған балалар «Балалар әлеміне» топ етті. Әкесі үйге, балаларға, ұл-қызының анасы, өзінің анасына заттар алып жүрді. Ығы-жығы адамдар ерсілі-қарсылы жүруде. Арасында жүгіріп өте шыққандары да бар. Мыңдаған жандар жүрген шаһарда неше түрлі адамдар кездеседі. Бір кезде топтың арасынан қол-аяғы дірілдеп, тілі сөзге келмеген адамдарға кезікті.
— Әке, мына адамдар неге…
— Балам, бұл адамдардың неге осылай күй кешкенін бір Жаратқан Ием біледі. Әйтседе, бұрынғыдан қалған бір тағылым бар. Алдында жатқан затты еңкейіп, көтеріп алудың орнына аяғымен итеріп тастаған, аттап кеткен, үй жануарларын тепкен жандардың кейін аяғы баса алмай қалады деп айтатын. Құстарға тұзақ құрып, торға түскендерінің қанатын қайырған, жұлған балалардың қолы дірілдеп, ешнәрсе ұстай алмайды, — дейтін. Міне, бүгін осы ақылды мен де сендерге айтамын.
— Әке, анау кісілерді қараңыз.
— Балалар, денсаулығы жоқ адамды ешуақытта қолдарыңмен нұсқап, көрсетпеңдер. Олардың да себебі бар. Ата-анасын бала кезде тыңдамаған, сөз қайтарған балалар осындай күйге түседі. Тілі көгеріп, сөйлей алмайды. Сөйлесе де, оның сөзін ешкім түсінбейді, — дейтін.
— Мына адам неге жылай береді? Шынында, дауыстап жылап отырған адамның жанына барып, халін сұраған әкесі көп жағдайды білді.
— … балалар, ол адам жас кезінде ата-анасына қарамай кетіпті. Қарттар баласын күте-күте мына жарық дүниеден өткен екен. Енді ата-анасының қиналған сәттері елес болып, баласының жанын жеп жатыр. Жанына батқан ауыр азапқа шыдай алмай, өксіп отыр, — деп түсіндіреді адам балаларына ұзақ үнсіздіктен кейін.
Қажетті заттарын алып, ауылына қайтуға базардан шыққан әлгі адам үйге керуен басын іздеп кетеді. Әкесі келгенше балалар тағы бір көріністің куәсі болады. Әншейін кетіп бара жатқан бір адамға көпшілік ұрсып, артынан сөйлеп барады. Әкелеріне осы жайтты үйге кетіп бара жатқанда айтып еді:
— Иә, балапандарым, ол адам менің де жанымнан өте шықты. Көпшіліктің кейпіне қарағанда, жаңағы адам бала кезінде бірге ойнаған ұл-қыздарға әбден қиянат жасапты. Ойыншығын сындырған, жала жапқан, өтірік айтқан, өзінен кішкентай балаларды ренжіткен, тіпті ұрлық жасаған екен. Жәбір көрген адамдардың айтқанын ол сезбейді. Өйткені, құлағы керең, тілі сөйлей алмайды. Құр сүлдері ғана.
Бір күнде кездескен жайттардан көп сабақ алған балалар ешуақытта дәл өздері көрген адамдардай Алла тағаланың қаһарына ұшырамай, мейіріміне бөленетін іс істеуге бекінді.
Ж.Кучукова

ПІКІР ЖАЗУ