Қарттар үйі көбеюде

Қазіргі кезде қарттар үйінің саны көбеюде. Оған не себеп? Оған себеп: қазіргі отбасында әкесіне, анасына бір кісілік орынның болмауы. Алақанына салып аялаған ұл-қыздың жүрегінде иман мен мейірімнің болмауы.
Неге адамдар жауапкершіліктен алыстап бара жатыр? Ата-анасы қартайғанда, үйлерінің бір бұрышына сыймағаны ма? Өзінің жеті-сегіз баласы сияды да, бір анасы мен әкесіне аядай орынның табылмағаны өкінішті.
«Қариясы бар үйдің, қазынасы бар», «Ата-ана разы, Алла разы» — дейді дана халқымыз. Ата-аналарын қарттар үйіне апарып тастап, сол қарттардың зейнетақысын ай сайын алып тұратын безбүйрек ұл-қыздардың барын арнайы хабарда сөйлеген адамдардан естідім. Несие алып, оған көлік мініп, мал, дүние-мүлік сатып алған. Банкке берешегін қарттар үйіндегі ата-анасының зейнетақысын алып төлеп жүр. Сол несиеге кеткен ақшаға дәрі-дәрмек алып, шипажайларға жіберіп, көңіл-күйлерін көтеріп, қуантатын сәттер сыйласа болмас па еді? Бір күн болса да, соларды қуантсақ болмас па еді? Бізді туылғаннан есейгенше бағып, жақсылыққа жетелейді. Бала кезімізде жасаған қамқорлығын, оларға қартайғанда қайтарсақ, игі еді. Қартайған шағында немере, шөберелерінің маңдайынан иіскеп, солардың балдай тәтті тіліне сүйсініп отыруы олар үшін бақыт, жүректің тыныштығы емес пе?
Ата-аналарымыздың қадірін бар кезінде білейік. Өзіміз де соларға ұқсап қартаямыз. Ертең кеш болып жүрмесін. Өкініп қалмайық!

Шұғыла ЖАРЫЛҚАСЫМ,
А.Асанов атындағы
№ 41 ЖОБМ 6-сынып оқушысы,
ОҚО, Сарыағаш ауданы.

ПІКІР ЖАЗУ