Қабілет пен батылдық, ұшқыр ой иесі
Журнал оқырмандарына берілген сауалнамада «Қандай мамандықты таңдадың?» деген сұрақ қойылады. Оқырмандарымыздың арасында журналист болуды армандап, халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, жетістігін айтып отыратын мамандықтың қыры мен сыры туралы айтып беруді өтінеді. Осы күнге дейін оқырманымыз болған ұландардың мамандық алып, журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаны қаншама?!
Жас достарымыздың сауалдарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті МЫСАЕВА Қарлыға ханымға жолдаған едік.
— Журналистика қандай мамандық?
— Болашақта журналист болуды армандайтын оқушылар араларыңызда өте көп. Бала кезімде бұл менің де қолым жетпестей көрінетін асқақ армандарымның бірі болған. Ең алдымен, журналист деген кім екенін анықтап алайық. Журналист — бұл дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары, яғни, газет, журнал, телевидение, радио және Онлайн-журналистиканың кез-келген саласында қызмет атқаратын маман. Ол ақпарат тауып оны өзінің оқырманына, көрерменіне немесе тыңдарманына жедел, түсінікті етіп жеткізеді. Журналист бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын мақалаға, репортажға немесе тікелей эфирге ақпаратты тауып қана қоймайды, оны жазады, өңдейді, жариялайды. Ең бастысы, журналистен жазған ақпараттың шынайы болуы талап етіледі. Яғни қатардағы жай ғана журналист емес, нақты өз ісінің шебері, жақсы журналист болу үшін белгілі бір нақты салаға бейімделуі және өзі қызығатын тақырыбы болуы міндетті. Мәселен, спорт, денсаулық, мәдениет, саяси, экономикалық немесе әлеуметтік тақырыптың бірін ғана таңдағаны жөн.
—Болашақ журналистерді қай оқу орындары даярлайды?
— Біздің елімізде журналистика мамандығын 2 факультет және 20-дан астам өңірлік журналистика кафедраларында дайындайды. Алайда, журналистика мектебінің негізі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде 1934 жылы қаланған. 80 жылдан астам осы сала мамандарын дайындаудағы мол тәжірибе журналистика факультетінің алатын орнын айқындап отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде бүгінгі таңда жеті жүзден астам студент “Журналистика”, “Қоғаммен байланыс”, “Халықаралық журналистика”, “Баспа ісі және дизайн” бағыттары бойынша білім алуда.
—Журналистика факультетінің оқу бағдарламасында қандай өзгерістер бар?
Қазіргі кезде журналистика факультетінің оқу бағдарламасы теория мен тәжірибенің сабақтастығына ерекше назар аударады. Факультетімізде университеттің “әл-Фараби атындағы телерадио кешені” жұмыс істейді. Мұнда студенттердің телерадиожурналистиканы тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік мол. Қоғаммен байланыс мамандарының “Баспасөз-орталығы” клубы, сонымен қатар, “Құзіретті баспагер” атты баспа саласындағы мамандарға арналған орталық бар. Халықаралық стандарттарға сай “KLM Кonica Minolta” орталығы баспа өнімдерін 3D форматта шығаруға үйретеді.
— Журналистика факультеті халықаралық стандарттарға сай маман дайындай алады ма?
— ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландырылатын “Академиялық ұтқырлық” атты бағдарлама бойынша шет тілін еркін меңгерген, сабақ үлгерімі өте жақсы студенттеріміз АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің рейтингісі жоғары, беделді университеттерінде бір семестр тегін білім алып келуге мүмкіндіктері бар. Мысалы, біздің факультетіміздің биылғы жылғы 4 түлегі халықаралық Болашақ бағдарламасының стипендианты атанып, шетелдерде білім алуға жолдама алды. Болашақта олардың қатары бұдан бетер көбейеді деп сенеміз.
— Әңгімеңізге рақмет!
«МБ»-ақпарат