Абай ҚҰНАНБАЕВ: “Қара сөздер” «Отыз бесінші сөз»

Махшарға* барғанда Құдайтағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт — соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат* үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шәйіт* болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола бір ғана Құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзаеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгілі, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» — деп.
Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір Құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат* қылыңдар!» — деп айтар дейді.

* Махшар (арабша) — о дүниеде адам баласының күнәсі тексерілетін орын.
* Ғиззат-құрмет (арабша) — атақ, абырой, даңқ,құрмет.
* Шәйіт — дін жолында өлген адам (жалпы соғыста өлген адам).
* Шафағат (арабша) — көмектесу, сөзін сөйлеу, араша түсу.

ПІКІР ЖАЗУ