Қайта оралмас шақтар

Сәбит  МҰҚАНОВ:

«Өмір мектебі»

«Жидек шілде айында ғана піседі. Күн көрмей қалың шалғынның арасында өскен оның үлкендігі бармақтың басындай, түсі бозғылт, ал, дәмі?.. Дәмі, мен білетін тәттіліктің бәрінен де тәтті оның! Ауыл адамдары жидекті шелектеп жинап, жегеннен артылғанын қайнатады да, тақтайға жайып кептіреді. Оның аты — «қақ». Ауқатты адамдардың бірен-саранында болмаса, ол кездегі ауылда қант та, заводтан шыққан басқа тәтті де болмайды. Ауылдың тәттісі «қақ» пен қайнатқан сүттен қойылтып жасаған балқаймақ.»

«Міне, ет пісті. Буы бұрқыраған қойдың семіз етін қазаннан үлкен ожаумен сүзіп алған әйелдер, үлкендігі кішігірім науадай ағаш астауларға салып жатыр… астауды жағалай кейі ағаш, кейі жез үлкен табақтар да қойылып қалды. Тағы бір епті жігіттер ет салынған табақтарды қолдарына көтеріп, бірінің артынан бірі тізбектеле, қонақтар отырған үйлерге қарай жөнеле берісті. Әлгі бір кездегі шу бәсеңдей қалды. Жұрттың аузы майлы етте…
Жетімдіктің бір көрінетін жері осындайда. Әкесі, шешесі, ағасы бар балалар мұндайда топтың арасына кіріп кетеді де, майлы еті бар жіліктерді ұстап жей бастайды, жілік берер жақыны жоқ жетімдер әркімге бір жаутаңдайды. Көңілі түскен біреу есіркеп ет бермесе, олар бұл үйден құрауыз шығады.
Майлы ет толған табақтар Ботпайдың үйіне бірінің артынан бірі кіргенде, табақшаларға араласа үйге кірген бір топ баламен араласып, мен де кірдім. Менімен қатар тұрған балалардың әрқайсысына не әке, не шешесі, «әй, пәленшежан, мә» деп жіліктерді ұстатып жатыр. Мен әркімдерге жаутаң-жаутаң қараймын, мені шақырарлық ешкім жоқ сияқты… тұрдым-тұрдым да, әлдекімдердің «мә» деп берген жөнді еті жоқ жауырынын қолыма ұстай, жыламсырап далаға шығып кеттім.»

«Адам деген бір керемет емес пе! Егер тырысса, оның ұқпайтын дүниесі бар ма! Ұмтылса, алмайтын қамалы бар ма!
Дүниежүзіндегі оқудың ең қиыны — қытайдікі деседі. Қытайдың жазуын «иероглиф» дейді ғой. Қытайдың тілінде сөз басы бір «иероглиф» бар деседі. Дыбыс таңбалары деген болмайды деседі. Сөз таңбалары сонша көп болғанмен осы тілде де сауатты болмай ма адам!
Кішкене молданың оқыту әдісі қаншалық ұғымсыз, шалағай болғанмен, оның оқытқан балалары көп азап көре тұра, күн сайын кейін емес, ілгері басады. Күн сайын ұғымсыз оқуды ұға түседі, нысанаға қарай адымдай түседі. Нысана — араб тілінде жазылған сөздердің қарасын да оқу, мағынасын да түсінуге тырысу. Осы нысанаға біртіндеп мен де жақындадым.
Оқуға барған жылдың күзінде мен алғашқы сатылардың бәрін өтіп, «құранға» түстім де, кешікпей сөзіне түсінбегенмен қарасын оқығанда судай ағыздым. Молда бізге кей кезде өліктерге арнап «құран» шығарттырады. Сонда 570 беттік құранды бір бала төрт-бес күнде оқып шығып береді. Мен де сөйттім.»

«Баланың да, әрине, өзінше қиялы болады. Ол да өз ұғымында үлгілі-ау деп ойлаған адамдарына жетуді арман етеді. Менің де балалық шақта бірнеше армандарым болды. Жаманшұбарда Тоғанастың Қанапиясы дейтін балуан болды. Ауылда онымен күресуге жарайтын жігіт жоқ. Естуімше, ол Жаманшұбарда ғана емес, құлақ естір жердегі балуандардың бәрін жығып болған. Дене жағынан ол орта бойлы,бірақ жауырыны кең, төсі шалқақ, бұлшық еттері түйін-түйін. Мен сондай балуан болуды арман етем, бірақ оған жаспын.
Жаманшұбарда көзді қызықтыратын жігіттің бірі — Аткелтір. Қалың қара мұртты, шоқша сақалды, көркем кескінді, ықшам, жеңіл денелі, шағын дәулетті оның кәсібі аңшылық. Жаз айларында ол құс атады, қыс айларында аң қуады. Дәулеті шағын бола тұра, ер-тоқымы әдемі бір жүйрік ат оның астынан кетпейді. Ол мінген ат әрдайым бәйгеден келеді. Киімдері ықшам, таза, сәнді болады. Қанипа атты сұлу кескінді, сұлу тұлғалы әйелі бар. Үй ішінің ыдыс-аяғын Қанипа таза ұстайды, аса дәмді болады. Бақытты бұл семьяны көргенде, менің бір арманым — ер жеткенде Аткелтірге ұқсау.»

«Күрес, әрине, киім жыртатын ойын. Жаз болса біз, тек балағын түрген дамбалмен ғана жалаңаш күресеміз, қыс болса, әрине, киіммен. Әке-шешем тірі кезінде, мен киімнің жыртылғанына қарамайтынмын, талай рет жауырынын жыртып, қолтығымды сөгіп, балағымды айырып келетінмін, бірақ олар ұрыспайтын. Күнім Мұстафаға түскеннен кейін киімімді жыртқан бірер ретте таяқ та жегем. Нұртазаның үйіне келе, мен күресті доғарғам, өйткені, бір рет қолтығымды сөгіп келгенде, Нұртаза: «Өле алмай жүріп, күрес сенің не теңің? Бұдан бұлай күресші, желкеңді үзейін!»-деп қорқытып, қолтығымды әрең тіктіріп берген.»

«Қымызда «айну» деген ауру болады. Айныған қымыздың дәмі ермен татып, жүректі айнытады және өлердей ащы болады. Айнудың себебі, биенің сүті бұзылудан. Қай биенің сүті бұзылғанын әр биенің сүтін жеке қайнатып көріп біледі. Айныған биенің сүті қайнатқанда іриді, айнымаған сүт ірімейді. Биенің сүті айнуын ауыл адамдары ауру шөп оттағаннан деп ойлайды.»

«Тебіндегі жылқыны бұл — менің бірінші көруім. Жылқы деген жануар — мал атаулының ішіндегі қайраттысы екен. Өте бір түтеген боран соғып кетпесе, қандай ызғарлы суықтарда, ешуақытта желге жонын бермей, маңдайын бере қарсы қарап қар тебеді. Сол кезде жел көтерген оның жалы жалаудай желбіреп, көтеріліп кетеді. Құйрығы аспаннан сорғалаған жауындай тарамданып, көсіліп тұрады…
Жылқыларда да аналық мейірім барын сол кезде байқайсың. Соңынан құлыны, тайы ерген мама биелер қар тепкенде әуелі өзі оттамай, балаларына шөп ашып береді де, олар біраз қаужалап алғаннан кейін ғана өзі оттауға кіріседі…»

Үзінділер С.Мұқановтың “Өмір мектебі” шығармасынан алынды

ПІКІР ЖАЗУ