Халыққа береке әкелген Қасым хан

Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрған соң, өзбек ұлысының ханы Әбілқайыр дүние салады. Сол кезде өзбектерде алауыздық пайда болғандықтан, біраз халық қазақ хандығына келіп қосылды. Керей хан қайтыс болғаннан кейін хандық таққа оның ұлы Бұрындық хан отырды. Одан кейін таққа Жәнібек ханның баласы Қасым келді. Ол — Жәнібек ханның ортаншы баласы. Шешесі Жаған бегім атақты Махмұт сұлтанның нағашы әпкесі болған.
Қасым хан 1445-1518 жылдары өмір сүрген. Сыр бойы қалаларын қазаққа қаратуда ерекше үлес қосып, Сығанақ, Сауран, Отырар, Сайрам қалалары үшін күрестерде жеңіске жеткен. Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өзіне қаратып алғаны соншалықты, Жошы ханнан кейін ешкім де ол сияқты мұндай билікке қол жеткізген емес. Сол кездерде Сайрам сияқты гүлденген қалалардың кілті қазақтарға тапсырылды.
Қасым хан жауды Сыр бойынан қуып, қазақ-тың өрісін кеңейткен. Осы тұста Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі де қуатты хандыққа айналды. Ханның билік жүргізген аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қаласына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылыпты. Кейбір мәліметтер бойынша, Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының шекарасы Ұлытау қыраттары мен Балқаш жағалаулары, Жайық өзенінің арасына дейін болғаны айтылады.
Бір кездесулерде Қасым хан өзбектің Саид ханына:
«Біз дала халқымыз, бұл жерде қымбат бұйымдар мен тағамдар жоқ. Ең қымбат байлығымыз – жылқы және ең дәмді тамағымыз – оның еті, ең сүйкімді сусынымыз – оның қымызы мен одан дайындалған тағамдар. Біздің өлкемізде бау-бақша мен зәулім үйлер жоқ. Серуендейтін жеріміз – малдың жайлауы, сонда барып бәріміз бой жазып, сайран салып, жылқыларды қызықтаймыз. Ел жылқының күш-қуатына қарай тіршілік етеді,” — деген екен.
Қасым хан тұсында халық саны бір миллионнан асқан. Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейхан:
«Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшіліксүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді. Осы бейбітшіліксүйгіштігімен Қасым хан халықтар арасында ерекше әйгілі болды», — деп жазыпты.
Қасым ханның «қасқа жолы» — халық арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізі. Өмір сүрудің құқықтық жағын сатыға көтерген заңдар жиынтығы. Осы «қасқа жолмен» бірге ел ішіне берекелі өмір келді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың жазбаларында Қасым хан жайлы деректер кездеседі. Тарихшы-лар Қасым ханның мазары Сарайшық қаласы-ның (Атырау облысы) төңірегінде екенін жиі жазып жүр.
Гауһар ҚАСЕН,
Қ.Яссауи атындағы № 123-мектептің оқушысы, Алматы қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ