Балаңызға сыйлаған зат көңілінен шыға ма?
Әдетте, ата-аналар ұл-қыздарына айтулы мерекеде, туған күнінде сыйлық сыйлайды. Әрі бағалысын алуға тырысады. Алайда, сол зат баланың көңілінен шыға ма? Оған айтарлықтай мән берілмейді. Бастысы, көлемі үлкен, бағасы қымбат болса болды дейді. Сондай сыйлықтардың көбі балаға ұнай бермейді. Мұндайда тек ойыншықпен шектелмеу керектігін педагогтар мен психологтар айтып отырады. Олар балаға бір сәттік нәрсе, мысалы сынатын, тез бұзылатын заттардан гөрі, ұзақ уақытқа шыдамды нәрсе баланың есінде қалады дейді. Мұнымен балаға ойыншық мүлде сыйламау қажет деп айтқымыз келмейді.
Күнделікті өмірден мынадай мысал келтірелік. Туған күнге сыйлаған пультпен басқаратын автокөлікті сындырып қойған балаға қатты ұрысқан анасы:
— Ұқыптап ұстамайсың ба? Не мынау? Мынау қымбат сыйлық қой, — деп нұқып жіберді.
Бұған жаны ауырған бала қатты жылап, өксігін баса алмағаны аздай, анасы тағы дауыс көтерді. Осыдан кішкентай қатты күйзеліске ұшырады. Бұл оқиға оның есінде қалып қояды. Анасымен дүкен аралап жүргенде, ойыншық сататын дүкенді көрсе, жүйкесі жұқарып, ашулана бастайды екен. Сол себепті, ойыншықтар, қуыршақтар, жұмсақ ойыншықтардың барлығы балаларды біруақ жалықтыратынын да ескерген жөн. Өйткені, көз ашқаннан оның білетіні бір ғана ойыншық. Сол себепті, ата-ана балаларына сыйлық сыйлаудың басқа жолдарын қарастыра білсе, артықтығы болмас.
Айталық, уақытыңызды бөліп, балаңызды кітап дүкеніне ертіп барыңыз да, балаларға арналған шығармаларды көрсетіңіз. Және ертегілер, өлең кітаптарын қолыңызға алып, мазмұнын қысқаша айтып беріңіз. Содан Кейін.
— Саған қай кітап көбірек ұнады? — деңіз.
Бала бақша жасынан балаңыздың айналысатын өнерін байқаңыз. Мысалы, сурет салатын болса, еденді немесе қабырғаны бояйсың деп бетін қайтармай, қажетті бояулар мен дәптер, түрлі-түсті қарындаштарды алып беріңіз. Оларды пайдаланып болса, тағы алып беріңіз.
Қалалық жерлерде көбінесе ата-ана балаларын сауда орталықтарындағы ойын-сауық алаңдарына жіберіп қойып, өздері сауда нүктелерін аралайды. Жаз айларында әткеншектерге қоя беріп, орындықтарда демалғанды ұнататын ата-ана да бар. Өздерінің уақыты жоқтыған сылтау етіп, балаға танымал емес туыстарымен ілестіріп жібереді. Міне, осы жағдайларда, ұл да, қыз бала да өзімен-өзі қалады. Балалар бір барған ойын орталығына бірнеше қайтара барады. Бұлар баланы әбден жалықтырады, тағы да айналып келгенде, ірі ойын орталықтарындағы ырғағы жоғары әуен, шу баланың жүйкесіне әсер етеді. Орынсыз жылап, бір нәрсені ата-анасына жеткізе алмай ренжіп, ашулана береді.
Киім аларда да балаңызбен бірге барып, ұнаған киімін кигізіп, алып берген дұрыс. Қазіргі жас ата-ана баласы ұнатқан киімнен гөрі бағасы анағұрлым қымбат киімді ал деп қолқалайды. Бұл киім баласының көңілінен шығып тұр ма?
Жас ерекшелігіне қарап, шахмат, дойбы, пазл тәрізді баланың жүйкесін тынықтыратын ойындарды да ескерген орынды.
Кейде, әсіресе аналардың баласына:
— Саған осы не жетпейді? Ойыншығың үйіліп жатыр. Киім жетеді. Жегің келетін тағамдарды жеп жатырсың, — деп зекіп жатқанын да көріп қаламыз.
Алайда, сол дүниелердің барлығының баланың көңілінен шықпайтыны, жаңаша нәрсені талап ететінін ескермейміз. Мәселе балаға сыйлаған қымбат дүниеде емес. Ең алдымен, баланың көңілінен шығып, сүйсініп ойнайтынында. Қалаған киімі ата-анаға ұнамауы мүмкін, бірақ ол зат бала үшін ең қымбат. Балаларға кинофильмдер, мультфильмдер таңдағанда, отандық өнім, ұлттық нақышқа жақын фильмдердің мазмұнын, маңыздылығын түсіндіре білсек, ол бала өскенде шетелдік дүниелерді жастанып жатпайды. Өзінің туып-өскен топырағынан тараған дүниенің қадірін білетін болады.
Ж.ТҰРЖАНОВА