«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге – Кенен, су жорға Үмбетәлі қара дөнен»

Үмбетәлі ақынды он үш жасымда тұңғыш рет Үлкенсазда өткен ақындар айтысында көрдім. Жүк машинаның қорабын ашып тастап, үстіне кілем төсеп, сонда Жамбыл ауданының ақындарын отырғызып, айтыс өткізді.
Қақпатастың астында жайлауда отырған қойшы әкем мені әрең жіберді.
– Бүгінгі айтысты – Қазақстанның халық ақыны, Жазушылар одағының мүшесі, Жамбылдың сүйікті шәкірті Үмбетәлі Кәрібаев ашады, – дегенде бүкіл ел дүркіреп қол шапалақтады.
Қақ төрде отырған еңкіш тартқан тарамыстай арық қария орнынан серпіле түрегеліп, берірек келіп, малдасын құрып отырып, қолындағы кішкене ғана қара домбырасын безілдете жөнелді.
– А-а-ау, жамағат! — деп айқай салды.
Дауысы сәл қарлығыңқы шықты.
– Ау, асқар белім – жамағат!
Ел-жұртым тұр қаумалап.
Жырдан нөсер төгейін
Жәкеңнен қалған аманат.
Тәтемнен сарқыт аманат.
Төгіліп бір кетті дерсің, өзі бір орында отыра алмайды, ары-бері теңселіп, ойнап, даусы мың түрлене ашылып, жайлау төрін кернеп кетті.

* * *
Аудандық газетте істеп жүргенімде редактор Әбілғазы Тоғызбаев деген ағамыз бірде:
– Сен Киров совхозына барып, жүгерішілер звеносының сүрлем салу жөніндегі ісі жайлы репортаж жазып қайт, – деп тапсырма берді.
Сарша тамыз, көбелек қанаты күйген ыстық күннің бірі еді. Звено жетекшісі жайлы деректерді жазып алған соң Киров ауылындағы суырып салма, жез таңдай ақын, арғы-бергіні көп білетін шежіреші көкірегі даңғыл жан Әсімхан Қосбасаров ағаға бардым.
– Онда сен екеуіміз Үмбетәлінің үйіне барып, қара шаңырағына құран оқытып қайтайық. Ой, Үмбекең – түпсіз мұхит қой. Жамбыл атамнан кейінгі ірі ақын сол кісі. Мен Үмбетәліге шәкірт болғанымды мақтан етемін.
– Иә, ол кісі арабша, латынша жақсы хат танитын. Көптеген жазғандарын Ғылым академиясына өткізіп жүретін. Нысанбек Төреқұлов, Сағынғали Сейітов, Рахманқұл Бердібаев және басқа да ақын, ғалымдар талай келіп, қона жатып жазып алып жүрді. Ал Қалижан Бекхожин деген ақын арнайы тапсырмамен келіп, біздің үйде екі ай жатып, Үмбекеңнің барлық білетін жырларын жазып алып кетіп, тапсырдым деген еді, – деп ақын кемпірі де біраз жәйтті есіне алды.

Енді Үмбетәлі ғұмырына саяхат жасап көрейік. Ол кісі 1889 жылы ел жайлауға көшіп жатқан шақта дүниеге келіпті. Сегіз баланың ішінде мұқтаждық зарын көп көріп өскен Үмбетәлі ерте есейеді. Табанына шөңге кіріп, маңдайы күнге қақталып, қаршадайынан жалшылықта болып, қозы бағып, жылқы күзеткен. Әкесі Кәрібай момын ғана шаруа адамы екен де, шешесі Бөпежан той-томалақта өлең құрастырып жіберетін әнші келіншек атаныпты. Үмбетәлі 12 жасында ауыл молдасынан қара біліп, хат танитын халге жетеді. Өзі қолдан домбыра жасап, той-думанда ақынмын деп суырылып өлең айта бастайды. Ауылдың той-томалағы онсыз өтпейді, жиын-сауықтың гүлі болады. Атағы кеңге таралып, Үмбет ақын атанады, жанына қыз-бозбала жиылып, сауық құрып, нөкер ертіп Жетісу өлкесін аралайды. Үмбетәлі Жамбылды 12 жасында көреді де, ақындығына қатты тәнті болады. 18 жасында Майтөбеге ұлы жырауды әдейі іздеп барып тұрып:
Жасыңнан ақын Жамбыл атанғаның,
Атақты Сүйінбайдан бата алғаның.
Шәкірті Сүйінбайдың болғаннан соң,
Үйіңде тыныш қана жата алмадың.
Әдейі ат арылтып інің жетті!
Қолыңды жай, келеді бата алмағым, – дегенде:
– Қара тілге ұста екенсің, қарағым, – деп Жәкең топ адамның көзінше қолын жайып, ақ батасын берген екен.

* * *
Үмбетәлі өлеңдері сан қырлы. Ол – лирик, философ, сатирик. Ақынның мол мұрасы жөнінде жеке-жеке, нақты мысалдармен кеңейтіп әңгімелеу алдағы күннің еншісі. Мәселен, «Беташар» деген өлеңін алып қарайықшы. Осы бір ғана шығармада бүкіл ауылдастарының айнымас портреттері, мінез-құлықтары, іс-әрекеттері қалай ғажайып берілген десеңізші?!
Үмбетәлі – ірі айтыс ақыны. Ол өзі тұстас сөз шеберлерінің бәрімен: Кенен, Саяділ, Қалқа, Есдәулет, Қайып, Өмірзақ, Бармақ, Өтеп, Әбдіғали, Жартыбай, Арғынбай сияқты ақындармен айтысқа түскен. Әсіресе, оның Нұриламен айтысы қазақ айтыстарының ішіндегі асқар шыңдарының бірі. Ақынның қырғыз арасындағы өнер сайысы, ауызекі шешендік сөздері, әзілі өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді. Үмбетәлі Кәрібаевтың өлең-жырлары Қытай елінде көп жарияланған. 1916 жылғы үркіншілікте өрдегі албандар Қытайға ауа көшкенде Ораз Жандосов қасына Үмбетәлі ақынды ертіп алып, арғы беттегі қазақтарды атақонысына қайта алып келуге үгіттеп, елге қайтуына көмектескен.

* * *
«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге – Кенен,
Су жорға Үмбетәлі қара дөнен», – деп Ілияс
Жансүгіров баға берген жыр тұлпары Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына биыл 125 жыл толды.
Туған ел-жұрты абыр-сабыр, осы үлкен мерей-тойды дүркіретіп тойлады. Ақын мұрасын зерттеу, екшелеу, бүгінгі күн тұрғысынан зерде-леу – уақыт талабы. Асқар таулар алыстан айбынданып көрінеді. Үмбетәлі атамның жыр-ларын қайта бір сүзіп оқығанымда ғажап теңеу, небір ой маржандарына кенелдім, ғаламат әсерге бөлендім. Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі сынды біртуар ақындар елінде туғаныма, сол аталарым ғажайып жырларын шығарған өлкеде өмір сүріп, солар басқан топырақты басып жүргеніме мың да бір тәубе етемін!

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы,
Алматы қаласы.

* Естелік қысқартылып, жарияланды

Бақтыбай мен Тезек, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарын, “Мың бір түн”, “Тотынама” дастандарын жатқа айтып, ел арасына таратты. Орынбай, Иса, Кенен Әзірбаев, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай, т.б. белгілі халық ақындарымен айтысқан. Шығыс әдебиетінің мазмұнында “Үш өнерпаз”, “Патша мен ұрылар”, тарихи сюжетке құрылған “Кемпірбай мен Қисық батыр”, бүгінгі өмірге байланысты “Марқа”, “Мәлікбек” дастандарын шығарды.
Үмбетәлі шығармалары “Өлеңдер мен дастандар” (1938), “Өлеңдер” (1951), “Өлеңдер мен толғаулар” (1958) деген атпен жарияланды, 1962 жылы таңдамалы шығармалары жарық көрді.

ПІКІР ЖАЗУ