Саққұлақ пен Шоқан
Саққұлақ шешеннің шын аты Сәбден болған екен. Оның шешендігіне, сөз таба білетін алғырлығына таң қалған Байдалы би бала Сәбденге «Саққұлақ» деп ат қойыпты.
Саққұлақ шешеннің өзге шешен, билерден бір өзгешелігі — ол сауатты, білімді болған. Өзі айтқан билік сөздер мен өзге билер айтқан аталы, бағалы ойларды үнемі қағазға түсіріп жүрген. Шоқан Уәлиханов оны бірнеше рет арнайы іздеп барып, әңгімелесіп, асыл мұраларын жинап отырған.
Бірде ауылына демалысқа келіп жатқан Шоқан Саққұлақ шешенді қонаққа шақырып, бірнеше күн оның тағлымды әңгімелерін тыңдайды. Дидарласу кезінде жас Шоқан қонаққа тосын сұрау қойып:
— Ақсақал біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды? – дейді.
— Шырағым, көнеден сұрайды, – дейді шешен.
— Көне адасса, кімнен сұрайды?
— Көне адасса, көргендіден сұрайды.
— Көргенді адасса, кімнен сұрайды?
— Көргенді адасса, көптен сұрайды.
— Көп адасса, кімнен сұрайды?
— Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды. Көп оқыған неге адассын! Әлгіде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де менен сұрап анықтап алған жоқпысың? – дейді шешен.
Содан соң:
— Асылы, ақыл — адамды аздырмайтын ем.
Білім — таусылмайтын кен.
Адамның басшысы — ақыл.
Жетекшісі — талап.
Шолғыншысы — ой.
Жолдасы — кәсіп.
Қорғаны — сабыр.
Қорғаушысы — мінез, – дейді.
Содан кейін:
— Біліп туған бала екенсің,
Тумысыңнан дана екенсің, – деп
Шоқанның алғырлығына риза болыпты.