Жол садақасы болсын
Анамның қызметіне байланысты іссапарда жиі жүреді. Есейгелі мені де бірге ала жүреді. Бүгінде баратын жеріңе алыс-жақындығына қарамастан көбіне таксимен барасың. Әсіресе, облыстардың аудандарын аралаған шақтарда. Кейбір жолаушылар бір адамға ақша төлегеніне қарамастан, көлікте керіліп отырып алады. Заттарын қасына қойып, басқаларға таршылық туғызады. Анам жүргізушіге айтады. Бірақ, қырсық апайлар оны да тыңдамайды. Мұнысы аздай кейбіреуі жүргізушіге:
– Жылдам жүр. Мен асығып тұрмын, — деп дікеңдей бастайды.
Жүргізуші оны сабырға шақырудың орнына ерегесіп жылдамдыққа басады. Мұндайда анам жердің алыс-жақынан қарамай, жүргізушіге түсіп қалатынын айтады.
— Мен сіздің ақшаңызды жартысын қайтармаймын, — деп күңкілдей бастайды.
Анам болса:
— Айналайын маған қажеттісі ақша емес. Мен қайтар деп сұрап та тұрғаным жоқ. Маған жол амандығы қажет. Мен түсіп қаламын, — деп айтқанына көндіреді.
— Анашым, мұныңыз не? Қараңғыда айдалада қалдық қой, — деймін ренжіп.
— Балам, Аллатағалам жар болсын. Далада қал-
маймыз. Бірақ, жаңағыдай кесір, өзімшіл адамдар-мен бірге жүргенше, жаяу барғанымыз артық. Есің-
де болсын, балам, жүргізуші жылдамдықты қатты көтергенде, көзі алды сағымданып кетеді. Көзі бұлдырап кеткен соң, рульге ие бола алмай қалуы әбден мүмкін. Жаңағы жолаушы өзі асығамын деп, қасындағы адамдарға қауіп төндіріп тұрғанын ойлап та тұрған жоқ. Қалған ақшамыз жол садақысы болсын, балам. Алла жол амандығын бергей деп тілейік, — дейді.
Сол арада жөні түзу адамдар келіп, тоқ-тайды.Таксиге мінген үлкендер Құдайын таныса екен, олардың қателіктерін бала-лары қайталамаса екен деген ниетпен ойларымды ортаға салдым.
А. Кучуков