Ақтау

Ақтау — Қазақстанның оңтүстік-батысындағы қала, Маңғыстау облысының орталығы. Қазіргі уақытта 200 мыңнан асатын халқы бар қала 1964 жылдан 1991 жылға дейін украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко аталған. Қала Каспий теңізінің шығыс жағында орналасқан.
Қаланың пайда болуына Кеңес Одағының машина жасау министрі Е.П.Славскийдің елдің ядролық қалқанын жасау туралы шешімі әсер етті. Нәтижесінде уран кенін өндіру, оны өңдеу және байыту сияқты амалдарды орындай алатын ерекше кешен құрылған. Бара-бара су тапшы жағдайда тіршілік етуге қажетті инфрақұрылым пайда болып, адамдардың қалада өмір сүруіне жағдай жасалды. Қаланың бас жоспары 1968 жылы бекітілген. Жобалау және құрылыс істерінің архитекторы А.В.Коротковтың басшылығымен жүргізілген. Ақтаудың архитектуралық ансамблін жасаушы сәулетшілер, конструкторлар мен құрылысшылар тобына Лениндік сыйлық, КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Ақтауда Ш.Есенов атындағы университет, Абай атындағы мәдениет сарайы, Н.Жантөрин атындағы драма театры бар. Теңіз жағасында ойын-сауық орталықтары, спорт және мәдениет кешендері, демалыс орындары көп. Қала сыртындағы демалыс лагерьлері мен мәдени, тарихи орындар халықтың демалысы мен уақытының жақсы өтуіне әсер етеді.
Ақтау қаласы еліміздегі басқа қалалардан өз тазалығы, көшелерімен ерекшеленеді. Бұл қалада көше атаулары жоқ. Ақтау көшелері шағын аудандарға бөлінген. Қалалық мекен-жайлар телефон нөмірлерімен ұқсас болып келеді. Мысалы мекен-жай атауын қысқаша 19-11-41 деп атайды. Яғни, 19-шағын аудан, 11-үй, 41-пәтер.
Маңғыстау өлкесінде көптеген тарихи мекендер бар. Төңкерілген кесеге, бір жағынан киіз үйге ұқсайтын Шерқаланы көп жандар көргісі келеді. Тереңдігі 132 метр, ұзындығы 50 шақырым болатын Қарақия ойпаты да көрген адамға ерекше әсер береді. Саура көлі, Үстірт, Шар алқаптары таңғажайып әсерге бөлейді. Маңғыстау жері — ежелгі өркениет елі. 11 мың тарихи ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған археологиялық қорық, ашық аспан астындағы мұражай, мыңдаған тасқа салынған сурет-дастандардың елі. Бекет-Ата, Шақпақ-Ата, Шопан-Ата, Масат-Ата сияқты тарихи жерлерге Әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келуде.
2007 жылы ашылған ОТПАНТАУ тарихи-мәдени кешені де Маңғыстау өңірінің атын асқақтата түсті. Халық жыл сайын 13-14 наурыз күндерінде Отпантау басына жиналып, Амал — көрісу мерекесін сән-салтанатпен атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ондағы мақсат — алыс-жақын ағайын мен туысқандықтың арасын жалғау, Тәуелсіздігіміздің нығаюына, еліміз бен жерімізге ырыс, береке-бірлік тілеу. Отпантау басында құшақтаса көрісіп, бір-бірін Амал мерекесімен құттықтаған халық ән мен күй, жырдан шашу шашып, ата салтын ардақтайды.
Саяхаттың жолбасшысы —
Саят Қамшыгер.

ПІКІР ЖАЗУ