Бір бөлке нан
Біздің бес-алты үйлі түкпірдегі сиыршы ауылы Бесарық теміржол бекетінен онша қашық та емес еді. Бекеттен өткен пойыздардың даусы мүлгіген таңғы мезгілде, мамыражай тылсым түнде құлаққа ап-анық естілетін. Нақ біздің ауылдан жолдама алып кетіп бара жатқандай болатын.
Әкем осыдан екі жыл бұрын сол бекеттен соғысқа аттанды. Содан бері хат та, хабар да жоқ. Бұл жай апам екеуміздің жанымызға қатты батып жүр. Апам қалай ойлайтынын өзі білер, менің ойымша көкемнің хат жазуға да мұршасы болмай жүрген болар. Хат та қолы бос адамның ермегі ғой. Қасарысқан қалың жаумен күндіз-түні кірпік қақпай соғысып жатқан ержүрек жауынгерлерде уақыт қайдан болсын.
Ауылдың қариялары әр түрлі әңгіме айтады. Жанға түрпідей тиетін кейбір әңгімелерді естіген кезде апамның көзі жастан босамайды. Онысын маған сездірмеген болады. Бірақ, мен бәрін де байқап жүрмін. Қатты сағынып жүр көкемді. Апама жаным ашиды.
Көкем әскерге аттанған ауыл түбіндегі Бесарық бекетіне барғым келеді де тұрады. Әсіресе, шілденің тал түсінде сағымдана жылжыған пойыздардың сол бекет үстімен екпіндей өтіп бара жатқанын көргенде, жанына жетіп-ақ барғым келеді. Ауыл адамдарының айтқандары рас болса, күн сайын сол бекеттен вагон-вагон жаралы солдаттар қайтып жатқан көрінеді. Соларға жолықсам деймін. «Бірлі жарымы, бәлкім, біздің көкемді көрген шығар майданда». Жатсам да, тұрсам да осы ойдан арылмадым. Мен бекетке барған кезде көптен күттірген көкемнің өзі де пойыздан түсіп қалуы ғажап емес қой. Ой, шіркін ай, дәл солай болса ғой…
Көкейіме осы ой келген сайын, жаным байыз таппай-ақ қойды. Осы ойымды айтып, апама қаншама рет жалынып сұрансам да, Бесарыққа жібермеген күйі жүр.
…Қашық та емес екен, әне-міне дегенше, жетіп те келдім. Маған соншалық арман болып жүрген темір жол бекеті үлкен де емес. Бірақ, вокзалын келістіріп-ақ салыпты.
Мен вокзал есігін ашып, ішіне жүрексіне ене бергенде қоңырау соғылды. Бұрын соңды естімеген үрейлі үн. Сыртқа атып шықтым. Қоңырау соққан қызыл шәпкелі бекет кезекшісі екен. Кешікпей бекет алдына арқырап-күркіреп ұзын көк пойыз келіп тоқтады.
Темір жол басы ығы-жығы халыққа толды да кетті. Ауыл адамдары қолдарындағы құртын, майын, сүтін алып, жүгіріп жүр. Вагоннан түскен жаралы солдаттар жандарына ілген құтыларын Бесарықтағы краннан аққан мұздай суға толтыруда. Мен пойыздың бір басынан екінші басына дейін жүгіре басып, екі үш қайтара аралап шықтым. Көкемді де, көкемді танимын деген бірде-бір адамды да кездестірмедім.
Аңырая қарап тұрған менің басыма бір солдат өз плиоткасын кигізе салып, өз тілінде үн қатып, вагонына ырғып мінді.
Түс болды. Шыжғырған күн тас төбеге көтеріліп, көлеңке аяқ астына құлады. Аяңдап жүріп кірекештердің түйемен сексеуіл алып келетін жерін де таптым. Бекеттен тысқарылау жерге орналасыпты. Кірекештер түйеге артып келген сексеуілдерін теміржол жиегіне түсіріп, тақталап жинап, бір бөлмелі шайханаға кірген беті екен.
Шайхананы бір айналып өттім. Ақ алжапқыш байланған орыс әйелі шайханаға бір кіріп, бір шығып жүріп, сыртқа орналасқан пешке тамақ пісіріп жатыр. Үйдің ық жағынан өте бергенімде, ыстық көженің тәтті иісі мұрнымды жарып жібере жаздады. Түскі тамақ ішер уақыт өтіп бара жатқан соң ба, аузымнан сілекейім ағып, ішім шұрқырап кетті. Тамақ пісіруші әйелдің сыртқа шығуын күттім.
Әне, қолына шелегін іліп тағы шығып келеді. Пеш маңына орналасқан төбесі ойық шағын бөшкеге шелегін салды да, қайтып алды. Суы жоқ сияқты. Алақтап жан-жағына қарады. Шаңқай түсте шайхана маңында жалғыздан-жалғыз едірейіп тұрған маған қолын бұлғап, айқай салды.
— Әй, бала, иди суда. – Жан жағыма назар тастасам, менен басқа ешкім байқалмайды. Кібіртіктеп басып қасына келдім.
— Суп хочешь? – деді. Мен түсіне қоймаған соң.
— Тамак ішесін? – деді кайталап.
Мен «иә» дегендей басымды изедім.
— Сен мына ведромен бекеттен су әкел, мен саған борщ дам, — деп шелегін ұсынды. Шелек үлкендеу екен. Бірақ иісі мұрын жарып тұрған ана тамақтан мүмкіндігі болып тұрғанда қалай бас тартасың. Шелекті ала салып, сүйрете-мүйрете, ентіге басып бекетке жүгірдім. Әлгі солдаттар вагоннан түсіп, су алған краннан екі шелекті суға толтырдым. Аяқтарым майыса басып, бетімнің тері моншақ-моншақ тамып, шайханаға қарай тартып келе жатыр едім, жарты жолда алдымнан орыс әйелдің өзі де қарсы шықты.
— Ты молодец! – деді менің басымнан сипап, арқамнан қағып. Менің қиналып көтеріп келе жатқаныма жаны ашып, екі шелекті де өзі алды. Мен оның соңынан ерген күйі жүріп отырдым.
Тамаққа қарным шермиіп, әбден тойып алдым. Орнымнан тұра бергенім сол еді, әлгі орыс әйелі мені тағы шақырды.
— Сен, кім бала? – Мен әлгі солдат берген пилоткамды басыма киіп тұрып, әкемнің атын атадым.
— Ой молодец, ты уже большой солдат. Сен үй қайда?
— Сырда, — деп қолыммен Сырдария жақты нұсқадым. Осы кезде шайхана ішінен басын қылтитқан кірекештердің бірінің көзі маған түсіп:
— Ай, Марусия, я знаю его, он возле Сырдария, сиыр ауылы живет, — деді.
Сөйтті де:
— Әй, бала, сен мұнда не бітіріп жүрсің? – деді.
Мен ол кірекешті танығаным жоқ. Танымаған соң үн қатпастан, төмен қарадым. Аспазшы орыс әйел осы кезде шайханаға кіріп, бір бөлке нан әкеліп маған берді.
— На, возми, тебе спасибо, маленький солдат, — деді арқамнан қағып. Алдым. Өзін жаңа пісірген бе, жып-жылы екен. Бүтін бір бөлке нан қолыма тигенде, әскердегі әкем майданнан аман-есен оралғандай қуандым. Нанды қолтығыма тыққан күйі жан-жағыма алақтап қарап алып,өзім келген соқпақпен ауылға төтелеп тартып отырдым.
Сол ентіккен күйі қуаныштан жүрегім жарыла үйге енсем, апам өзімен бірге сауыншы болып істейтін құрбысы Зәм апаммен отыр екен. Менің тер басқан ұсқынымды, онан соң қолымдағы бір бөлке нанды көргенде, бас-көзге қарамай айқай салды:
— Ол нанды қайдан алдың, хабарсыз әкеңнің қайғысы аз боп жүргендей, енді сен ұрлық жасауды шығардың ба, а? – деп жылап жіберді. Жүгіріп барып апамды құшақтай алдым.
— Ұрлаған жоқпын, апа. Бекетке барып, шайханаға су тасығаныма берді, — деп мен де жылап жібердім. Апам көзінен жасы тамып тұрып, мені бауырына басып, басымнан сипалады. Бөлке нанды қолына ұстап алған Зәм апам шешеме қой-қойлап жатыр:
— Әй, Маржан, сенің құдайдан тілегенің осы емес пе. Мына Қорабайың әлден жігіт болып, адал маңдай терімен нан тауып келді. Мынандай ауыр кезеңде бір бөлке нан табу – бала түгілі, соқталдай деген азаматтың қолынан келетін шаруа емес. Қуанудың орнына, сонша өксіп жылағаны несі-ей!
— Айналайын, айналайын, ізбасар тентегім менің, кішкентай ғана нан тапқышым менің. Әкең байғұс қайда жүр екен? Сенің тапқан алғашқы наныңнан сол татып көргенде ғой…
Апамның мына сөзінен кейін, бүгінгі нан тапқан алғашқы қуанышымды әкем көрмегеніне өзім де қиналдым. «Әке, қайдасың сен? Қай майданда соғысып жүр екенсің, сен? Аман-сау өзің кеткен сиыр ауылға оралсаң етті. Мен де нан табатын, сендерді асырайтын жігіт болып қалдым ғой… Сені қатты сағындым мен… Сағындым мен…»
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ.