Ибраһим пайғамбар

Хақ Тағала Ибраһимді(а.с.) «Халилім» (досым) деп бағалаған. Сондықтан ол «Халилуррахман» деген қастерлі есіммен де аталады. Оған Алла Тағаланың сәлемі жазылған он парақ түскен еді. Ибраһим негізінде Кәлдани қауымына жіберілген пайғамбар болатын. Және құрметі жөнінен Мұхаммедтен (с.а.у.) кейінгі  Алла елшілерінің ең абзалы. Әрі  «пайғамбарлардың атасы» деген сыйлы атағы бар. Себебі, оның ұлы Исмайл (а.с.) Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) ата-бабасы еді. Кәлдани тайпасының патшасы Нәмрудтың қауымы жұлдыздар мен пұтқа табынатын. Кейін сән-салтанаты артып, мәртебесі аспандаған кезде «Мен де тәңірмін, маған табыныңдар!» деп, тәкаппарлықтың шегіне шығады. Бұл туралы Құран Кәрімде баяндалған. Аңыз бойынша, Нәмруд патша түсінде бір өткір нұрдың күн мен айды сөндіргенін, өзін бір адамның тақтан құлатқанын көреді. Түс жорушылар: «Жаңа дін келіп, сені тақтан тайдырады екен, алдын ала сақтан!» деп жориды. Содан кейін Нәмруд тағын сақтау үшін асқан қатігездікпен жаңа туған жүз мың сәби ұлды өлтірткізіп отырған. Осы кезде Ибраһимнің анасы күні таяған жүкті еді. Ол күйеуіне барып, пұтханаға дұға етуін, ұл тапса, оны өз қолымен Нәмрудке апарып бедел алуын өтінеді. Себебі, Ибраһимнің әкесі Азер пұтқа табынушы болатын. Азер кете бере Ибраһим(а.с.) туды. Анасы оны бір үңгірге апарып жасырады. Содан жасырын барып емізіп тұрады. Анасы жоқта сәби өз саусағын еметін, Жәбірейіл періште оның аузына май мен бал қыстыратын.
Сөйтіп, Ибраһимнің балалық шағы үңгірде өтті. Ол бәлиғат жасқа толмай-ақ жақсы мен жаманды айыратын көркем мінезге ие болған-ды. Айналасындағы көрініске ақыл көзімен қарап, оның жаратушысын іздеді. Осылайша, Алланың қалауымен әу баста хақ жолды таңдап, бір Құдайға сенуге үндеді. Ең әуелі, бір Құдайға сенуді әкесі Азерге жылы сөзбен түсіндірді. Бірақ, ол ұлына ашумен қарсы келді. Ибраһим(а.с.) сонда да әкесі үшін Жаратушы иесінен кешірім тілейтінін мәлім етті. Дегенімен әкесі Алланың дұшпаны болғандықтан, дұғасы қабыл болмады. Азер пұт жасап сататын, Ибраһим (а.с.) өзіне сатуға берген пұтты мазақ етіп жерге сүйрейтін. Бір мейрам күні Ибраһим(а.с.) иен қалған пұтханаға кіріп, ұсақ пұттарды балталап сындырып, алтыннан жасалған үлкен пұттың мойнына балтаны іліп қояды. Пұтқа табынушылар Ибраһимді (а.с.) сұраққа алғанда, «Пұттың өзінен сұраңдар!» деді. Олар: «Пұттар сөйлемейді» дегенде, «Ендеше, сөйлемейтін, өзін қорғай алмайтын қуыршақ сендерді қалай қорғайды?» деп, оларды сөзімен жықты. Бірақ, надан тобыр Ибраһимді өртеп, кегін алмақ болған-ды. Ұшқан құстың қанаты күйетін таудай алау дайындады. Оған Ибраһимді сақпанмен атпақ болды. Періштелер Алладан рұқсат алып, кезек-кезегімен байлаудағы Ибраһимге(а.с.) көмектеспекке келді. Бірақ, Ибраһим(а.с.) оларға: «Дос пен достың арасына кірмеңдер! Жаратушым маған не қаласа, соған разымын» дейді. Міне, Ибраһимнің осы сенімі үшін Алла Тағала ол отқа түскенге дейін «Ей, от, Ибраһимге салқын бол!» деп бұйырады.
Ибраһим (а.с.) отқа лақтырылған сәтте алау іші салқын бір гүл бағына айналады. Нәмруд от ішіндегі сап-сау Ибраһимді көргенде, таңғалып, жеңілгені үшін төрт мың сиырды құрбанға шалады. Бірақ, такаппарлықтан Ибраһимнің дініне мойын сұнбайды, ал сондағы көп қауым бұл мұғжизадан кейін иман етеді.
Ал, бұл оқиғадан кейін Ибраһим өзіне ергендермен бірге Вавилонға көшті. Кешікпей Кәлдани тайпасына бұлт секілді қалың маса келді. Ол пұтқа табынушылардың қанын сорғанда, аз уақытта  қураған шөптей бәрі де қырылып қалды. Тәкаппар Нәмруд пат-шаның мұрнына  бір маса кіріп, соның ызыңынан ол өз басын өзі тоқпақтап өлді.
 Абай
МАУҚАРАҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ