Жасымызды жасырып, майданға аттандық

Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Отан» орденінің иегері Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар ағаға жолығып, сұхбаттасқанда осылай деді. Жеңістің 64 жылдығы қарсаңында Әбдуәлі ағаға телефон шалған едік, әдебиет институтына келуімізді өтінді. Әңгімеміз сонда өрбіді.
— Айта берсем, менің Отан алдындағы қызметімді әңгімелеуге екі-үш күн кететін шығар (күлді). Одан да мен оқырмандарыңызға балалық шағым жайлы айтайын. Сонымен бірге библиографиямды ұсынайын, — деді.
Ә. Қайдари 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Талдыбұлақ ауылында туған. 1942 жылы мамырда қазақ орта мектебінің 9-сыныбы мен он айлық педагогтік курсты бітіріп, майданға аттанады. 1946 жылы майданнан аман-есен туған жерге оралады. ҚазМҰУ-нің филология факультетін бітіргеннен бергі 63 жылдық ғылым жолындағы еңбектің қайтарымын жоғарыдағы лауазым мәліметтері паш етіп тұр.       
                            Қиындыққа мойымадық

—  Бала кезде алға ұмтылдық. Алғашқы үздіктер қатарынан көрінуге тырыстық. Біздің бала шағымыз туралы айтсақ, бүгінгі жастар ертегі тыңдағандай әсер алады. Суыққа да тоңдық. Аш та жүрдік. Бірақ, қиындыққа мойымадық. Біздің өткен өміріміз – ұрпағымызға өнеге, тағылым болып қалады. Кейінгі жастар сонытүсіне  білсе болғаны, — дейді Әбдуәли аға.
 
                               Жат әдетті жаныма жолатпадым

          — Аға, темекі мен араққа әуес болдыңыз ба?
          —  Өзің айтқандай, өтпелі жаста балалар әртүрлі нәрсеге еліктегіш, қызыққыш келеді. Соның ішінен жақсыны таңдап, саралау өте қиын.  Менің бала кезімде де темекі тартып бастаған ұлдар болды. Тіпті, «шылым шекпесең, арақ ішпесең жігіт болмайсың» деп, арақ ішкізгісі келгендері де болмады деп айта алмаймын. Ебін тауып, ондай ұлдардан аулақ жүруге тырыстым. Адамның өзі ниеттенбесе, күштеп ешкім жаман әдетке үйретпейді. Міне, күні бүгінгі дейін жат әдетті жаныма жолатпауым содан.
— Бос уақытыңызды қалай өткізуші едіңіз?
— Бізде бос уақыт болды ма? Соған қарамастан, бос уақыт тауып сурет салатынмын. Соғыстан кейін, білім алған мектебіме барсам, менің көрмеге қойған суреттерім әлі ілулі тұр екен. Балалығым қайта оралғандай болды. Сөйтіп, 1947 жылы, орта мектепті бітіріп, Университетте оқуымды жалғастырдым.
— Ізіңізден еріп келе жатқан жастарға деген тілек-батаңызды алсақ деп едік.
— «Батамен ер көгерер» деген даналық бар ғой. Жастардың алға ұмтылған әр ісіне сүйсініп айтқан тілегіміз, ризашылығымыз, берген батамыз Алланың нұрындай болып жандүниесіне дарысын демекпін. Қыздар мен жігіттеріміздің жасы үлкен аталары мен апаларын сыйлап өссе, Аллатағала оларға біздің жолымызды берсін деп тілеймін.
— Әңгімеңізге рахмет! Алланың шапағатына бөленіп, жасыңыз жүзге жетсін!

Сұхбаттасқан: Ж. КУЧУКОВА.

ПІКІР ЖАЗУ