Жүйелі пайдалансаң — досың, жүйесіз пайдалансаң — қасың
Журналымыздың өткен санында әңгімелегеніміздей, компьютер адамзат үшін қазіргі таңдағы ең маңызды құралдардың бірі де бірегейі. Өйткені, оның атқаратын рөлі ұшан-теңіз. Мұны саған тәптіштеп жеткізбесек те, өзің бес саусақтай білесің. Соған қарамастан, жас дос, саған айтарымыз бар. Мұны мұқият оқып, жадыңнан шығармағайсың.
Иә, досым, сен компьютерді шамадан тыс пайдаланасың. Сен айтпасаң да, біз оны жақсы білеміз. Тылсым техниканың жетегінде кетіп, пайдасынан зиянын көбірек көріп жүргеніңді аңғарасың ба? Компьютердің көмегімен сабаққа, өздеріңе керекті мәліметтер алумен қатар әр түрлі ойындар ойнап, ғаламторды пайдаланасыңдар. Содан алатын мәліметтер мен ойындардың ішінде өздеріңе қажеттісін және қажетсізін тандай аласың ба?
Міне, мәселені осы жерден бастасақ деймін. Әсіресе ойын ойнаған кезде, өздеріңе ешқандай тәлім-тәрбие бермейтін, бастан аяқ атыс-шабыс, жауыздыққа толы, ұсқынсыз, табиғатқа жат бет-бейнесі бар ойындарға кірісіп, өзіңді сол ортада болғандай күйге түсесің. Бұл ойындар сенің алтын уақытыңды алып, сені өзіне ұзақ уақыт матап алады. Әрі жүрегіңе қатыгездік пен мейірімсіздік, жауыздықты ұялатып, болмысыңдағы адами қасиеттеріңді улап тастайды. Бір қарағанда бұл сен үшін өте қызықты әрі өзіңді бір кез керемет жауынгер, батыр сезініп, қарсыластарыңмен аяусыз күрес жүргізесің.
Экрандағы оқиғалармен араласып, өзің ішінде жүргендей, айналаңнан іштей алыстап кетесің. Бұл кезде сен уақыт, сабақ, басқа да маңызды жұмыстарыңды ұмытасың. Адами болмысымызға жат әрекетке «шомып кетіп», жүйкеңді шаршатасың. Бірте-бірте орынсыз ашу-ызаға булығасың. Әрі қатігез қимыл-әрекеттер мен көріністер сенің жандүниеңе әсер етеді.
Ал, балақай! Достарымыз! Ата-анаң табысын
мағынасыз дискілерге жұмсап, адамгершілік құн-дылықтарыңа сызат түсіргенше, алтын уақытыңды: жақындарыңа үй шаруасына көмектесуге, сабақ оқуға, демалуға, уақытында тамақтану мен кітап оқу, достарыңмен хабарласуға жіберсең, қаншама сауапты іс тындырар едің… Сондықтан да, компьютерді тиімді пайдаланып, одан қажетті ақпарат қана ала білсең, ол — сенің көмекшің. Жаныңды сүйсіндірер досыңа айналады. Ал, бала жаныңа жат кез келген мәліметтер алсаң, ол сені білдіртпей іштен құртатын жауыңа айналады. Мақсатың — компьютерге бағыну емес, бағындыру болсын, жас достар. Саған осындай ақыл-кеңесімізді жолдай отырып, ойнауға болатын, болмайтын ойын түрлерін төменде мысалға көрсетіп отырмыз.
Ата-ана назарына! Балаңыздың ой-өрісінің дұрыс қалыптасуы үшін компьютерде қандай ойын ойнайтынын әсіресе, толқымалы кезеңінде тұрақты бақылаңыз!!!
Дайындаған: Серік Өміртай.