Мерует неге жылады?

Сынып іші у-да шу. Мұғалім сыртқа шығып кеткен. Әр жерден дауыстар естіледі.
— «Сағат», тықылдамай қоя тұршы!
— Кетші ей, «Күрек»!
— Шашым!.. Сенімен екінші ойнамаймын, «Күзем»!
«Сағат», «Күрек», «Күзем» — бұлар балалардың лақап аттары. Бұл сыныпта лақап аттарды олардың аты-жөндеріне қарап қояды. Мысалы, «Сағат» — Сағатбаев, «Күрек» — Күрекбаев, тағы басқалар. Бір кезде қып-қызыл ұрыс басталды да кетті.
— Әй, «Қайың»! Қашан көрсең қайыңша майысып, сызылып тұрғаның! – деп сықылықтап ала жөнелді Меруерт.
— Түріңе қарап алшы, «Керуен»! Кеше таңертең итің, мысығыңмен керуен құрып аяңдап, сабаққа келе жатыр едің ғой. Ал бұл кезде сабақ та басталып кеткен, сен «маймаңдап» жетіп болғанша! Мүмкін кейін «Жібек жолы» сияқты сенің «керуенің» «Меруерт жолы» аталар, а?! – деп ішін басып күліп отырған Мараттың арқасынан ызаланған Меруерт жұдырығымен бірді перді. Марат жауап ретінде оның қолын қайырып алды. Ол жан даусы шығып, бақырып қоя берді.
Айқай-шуды естіген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары кіріп келді.
— Бұл не шу? Не болды сендерге? Меруерт, неге жылап отырсың? – деді ағай.
Меруерт пен Маратты кабинетіне шақырып алып оңаша сөйлесті. Екеуі асығып-аптығып, болған оқиғаны жарыса баяндап берді. Істің мән-жайына қаныққан ағай ішек-сілесі қата күлді.
— Баламысың деген. Осыған да ренжи ме екен? Қоя ғой, Меруерт. Ал Марат, Меруерттің қолын ауыртқаның жігіттікке жатпайды. Қызды екінші рет жәбірлеуші болма! Кешірім сұра, — деді ағай.
Марат бұртия Меруерттен кешірім сұрады.
— Марат, сен де Меруертке ренжіме. Қайыңда тұрған не бар екен? Ол ең әсем де кербез ағаштың түрі. «Мың бұралған биші қайыңдар» деп ақын Сәкен Сейфуллин жырламап па еді? Ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың қайыңдар жайлы өлеңіне құлақ түріп көрші:
…Жапырақ жүрек жас қайың!
Жүрегімді айырбастайын.
Сен қайың бола бастасаң,
Мен адам бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?!.
Ағай өлеңді аяғына дейін толқи отырып оқып берді. Мараттың жүрегіне бұл өлең қатты әсер етті. Осыдан бастап оның поэзияға деген қызығушылығы күрт өсті.
Бір айдан кейін мектепте оқушылар арасында поэзия кеші өтті. Залға кіріп келген ағайдың көзіне сахна төрінде үлкен тебіреніспен өлең оқып тұрған Марат бірден түсті. Ағайдың ойына ана кездегі оқиға орала кетіп, жылы жымиды. Кештің қорытындысы бойынша, Марат бірінші орынды иеленіпті. Бұдан кейін де Марат биік-биік белестерден көрініп, өзі де өлең жаза бастады. Маратқа поззияның даңғыл жолын ашып берген ағайы еді…
Ақбота ОРЫНБАЙ.
Алматы қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ