Жолбарыстың өкініші
Батыр арыстан орманның ең мықты патшасы еді. Орманда оны танымайтын ешкім жоқ және бәрі оны қатты құрметтепті. Алайда жолбарыс оны көре алмайды екен. Ол да арыстан сияқты мықты әрі құрметті болуды қалапты. Сол себептен бүкіл орман халқына өзінің батыр арыстаннан да мықты екендігін көрсетуді жоспарлапты.
Күндердің күнінде батыр арыстан күн шуағында таранып отырғанда жолбарыс оның жанына келіпті. Сөйтіпті де: «Батыр арыстан, батыр арыстан, керіктің аяғы шұңқырға қыстырылып, шыға алмай жатыр. Орманда өзіңізден басқа мықты ешкім жоқ. Оған қол ұшын бере аласыз ба?» — депті.
Батыр арыстан: «Ғаааааааффф! Әрине көмектесемін. Қане, оның жанына апар», — депті.
Жолбарыс ыңғайсызданып: «Не ғой… Мен әуелі ертерек барып, керікке бұл туралы хабарлайын. Содан кейін ормандағы барлық хайуан біткенді де жинайын, олар да көрсін сенің күшіңнің қаншалықты екенін», — депті де, зымырай жөнеліпті.
Жолбарыс дереу керікті іздеп табуға асықты. Неше түрлі айла-әрекетпен керікті арыстанның алдында көрініс қоюға көндіріпті. Сөйтіпті де тырнақтарымен шұңқыр да қазып үлгеріпті. Керіктің аяғын шұңқырға орналастырып: «Мен қазір батыр арыстанды сені құтқару үшін алып келемін. Ол қанша тырысса да, сен аяғыңды шұңқырдан шығарушы болма» , — деп пысықтапты. Сосын қайтадан: «Одан кейін мен сені тартамын. Сол кезде барып сен аяғыңды шұңқырдан шығар. Бәрі көрсін оның қаншалықты әлсіз, ал менің қаншалықты мықты екенімді!..» деп әбден үйретіпті.
Біраз уақыттан кейін арыстан мен жолбарыс керіктің жанына келіпті. Орманның барлық тұрғыны да оларды қызықтауға келген-ді. Батыр арыстан керікті құтқаруға қанша тырысса да, неге екені, еш нәтиже болмады. Ақыры шаршағаны сондай: «Менің бұдан ары күшім жетпейді» , — депті.
Орман халқы сілтідей тыныпты. Жануар біткен сасқандарынан бір-бірлеріне аңтарылысыпты. Барлығы бір ауыздан: «Мүмкін емес!..» десіпті. Сол кезде жолбарыс: «Мен де өзімді сынап көрейін…» — деп, білек сыбаныпты.
Осылай деген жолбарыс керіктің аяғынан ұстап, бар күшімен тартыныпты. Алдын-ала келіскендеріндей, керік те шұңқырдан аяғын жылдам шығарып алыпты. Алайда жолбарыс керікті бар күшімен тартқаны сондай, ол тепе-теңдігін сақтай алмай, бар салмағымен жолбарыстың үстіне құлайды. Жолбарыстың аяғы «пырт» ете қалады. Керіктің астында қалған жолбарыс «Бааққ! баққ!» деп бақырыпты. Орман халқы аң-таң күйде тұрып қалыпты. Батыр арыстан дереу жолбарысқа көмекке ұмтылыпты. Керікті жолбарыстың үстінен көтеріп алыпты. Бұл кезде жолбарыстың жаны шырқырап ауырып жатқан-ды.
Батыр арыстан: «Мен орманның ең білікті дәрігерін танимын. Ол саған көмектеседі. Бірнеше айдан кейін аттай шауып кетесің әлі». Арыстан осыларды айтып отырғанда, керіктің «құлаған» шұңқырына көзі түсіпті. Шұңқыр өте кішкентай еді. Керікке бұрылып: «Аяғыңның қыстырылып қалған шұңқыры осы ма?» депті. Керік пен жолбарыс ұялғандарынан төмен қарасыпты. Жолбарыс: «Барлығы менің кінәм…» , — депті де, о бастан жасаған жоспарларын баяндапты. Екеуі батыр арыстаннан кешірім сұрапты. Батыр арыстан: «Ғааффф! – деп күркірепті. – Мені қатты ашуландырдыңдар, алайда бұл жолы сендерге кешірім жасаймын. Ендігәрі ешкімді де алдаушы болмаңдар! ».
Бүкіл орман халқы батыр арыстанның бұл сөзін қол шапалақтап қоштады. Бұл жәйт жолбарысқа үлкен сабақ болды…
Дерек көзі:
«Uyku Мasallаri»
Аударған: Нұргүл МАМЫРБАЕВА.