Алаштың арысы

4bet_f11Шоқайұлы Мұстафа – отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демокртиялық Еуропаның ортасында Түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы.
Туған жері – бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылында туған. Атасы Торғай Сыр қазақтары орыс патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының датқасы (уәлаят басшысы, уәлиі) болған. Әкесі Шоқай дала қазақтары арасында ерекше мәдениетті, елге беделді би болған. Отаршылдықтың өктемдігін, қиянатшыл әділетсіздігін Мұстафа жас-тайынан көріп өседі. Өз басы отаршылдықтың өрескел кеудемсоқтығымен Ташкентте, «өте жақсы» деген бағамен гимназияны аяқтаған кезде бетпе-бет кездеседі. Гимназияда оған берілмекші болған алтын медальді генерал Самсонов бергізбей, одан төмен оқитын орыс баласына жазады. Бұған күміс медальді ұсынады. Бірақ Мұстафа медаль алудан мүлде бас тартады. Мұстафаның терең білім алып, саяси көзқарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа, халқының азаттығы үшін күреске қатысып шыңдалуы Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінен басталады.
Мұстафаның алғашқы қоғамдық жұмысы – оның 1914 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен IV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Бұл оның Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуына, іс жүзінде жалпымұсылмандық, жалпытүркістандық идеяларды қолдауына алып келеді. 1917 жылғы Ақпан төңкерісін Мұстафа Петерборда пікірлес достарымен бірге қуана қарсы алады, патша үкіметінің құлауы – оларға бостандыққа жетуге жол ашқандай болады. Ол Әлихан Бөкейханов секілді отандастарымен бірігіп, іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты тұлғаларының біріне айналады.
Уақыт туғызған мүмкіндікті пайдаланып, еркіндікке қол жеткізер кезде Түркістан мұсылмандары бірлік таныта алмай, екі топқа бөлініп: бірі – консервативті бағытты, екіншісі – прогресшіл бағытты ұстанады. Екінші бағыттың басында тұрған Мұстафа Шоқай осы кезде құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі, Мұхаметжан Тынышпаев оставкаға кеткен соң, оның орнына Бас министр қызметін атқарады. Бұл кезде ол өлкелік Қазақ кеңесінің төрағасы болатын. Оған қоса 1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен І Бүкілқазақтық құрылтайдан соң құрылған «Алаш» партиясына мүше еді.
Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі өзін бірден бір билік иесімін деп есептеп, Қоқандағы мұсылман автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырады. Қоқандағы большевиктер ойранынан зорға қашып құтылған Мұстафа Иргаш құрбашының бандыларының қолына түседі. Өліммен бірнеше рет бетпе-бет келіп, әйтеуір аман қалады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Жат жерде қаржы-қаражатсыз жүргеніне қарамай, тынымсыз саяси-ғылыми-баспагерлік жұмыстармен айналысады. Бұл – Мұстафа Шоқайұлының өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен жылдары еді.
Ол Германияның билік орындарына жолдаған хатында: «…Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде, Мұстафа: «Егер сіздер осыған байланысты маған ату не асу жазасын берсеңіздер – қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Ол 1941 жылы Бер-линдегі «Виктория» ауруханасында құпияға толы жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.
Дайындаған: Ж.КУЧУКОВА.

ПІКІР ЖАЗУ