Данышпанның дана ойлары
Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз. Ал белгісіз нәрсені аша білу деген сөз – ол теориялық өнердің барлығына тән, ортақ жайт.
Адамның мінез-құлқын жетілдіретін әрекеттер оның өз денесін жетілдіру үшін жасайтын әрекеттеріне ұқсайды. Адам денесінің жетілуі – денсаулығы: егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денені сауықтыру керек. Денсаулыққа белгілі бір мөлшерде сақтанудың арқасында ғана жететін болғандықтан, мөлшерімен ішіп-жесең – денің сау болатыны, мөлшермен еңбек етсең – күш қосылатыны сияқты, жақсы мінез-құлық мөлшерлі әрекеттер арқылы келеді.
Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат.
Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғырымпаз ақыл иесі…
Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Фараби (870-950жж) – орта ғасырдағы ұлы ойшылдардың бірі. Ол Отырар қаласының маңындағы Уасиди қамалында, Қыпшақ отбасында дүниеге келген.
Отырар ол уақыттарда ежелгі Қазақстандағы ең ірі мәдени орталықтардың бірі болатын. Ал әл-Фарабидің уақытында Отырар кітап қоры жөнінен ежелгі әйгілі Александрия кітапханасынан кейінгі екінші қала болатын. Әл-Фараби алғашқы білімді Отырарда өзінің туған қыпшақ тілінде алады. Бұл тіл ол кезде түркі тілдерінің бір диалектісі болатын.
Әл-Фарабидің өмірі араб мәдениетінің гүлденген дәуіріне тұспа-тұс келген еді. Бағдад оқымыстыларының арасында Орта Азия мен Қазақстан ойшылдары үлкен құрметке ие еді. Бағдадқа әл-Фараби жас кезінде аяқ басады. Бұл кезде ол музыкадан бастап астрономияға дейінгі барлық ғылым салаларын терең меңгерген жан-жақты энциклопедиялық білім иесі еді.
Бәрінен бұрын ол араб, парсы, грек және тағы басқа көптеген тілдерді білетін. Одан басқа латын, санскрит тілдеріндегі әдебиеттерді де еркін оқи беретін, аудармамен көп шұғылданатын. Көп тілді білетін лингвист болумен бірге ақын ретінде өлең, рисалалар жазатын, ғылыми-философиялық рубаилар шығаратын. Сонымен бірге ол жан-жақты музыкант, саз аспаптарын жасайтын шебер, шебер орындаушы, күйші-композитор ретінде де танылды.
Сарай кештерінің бірінде ол осы қабілетін жарқыратып көрсетіп береді. Сонда қатысып отырған сұлтан Әл-
Фарабиден бір ән-күйді орындап беруін өтінеді. Әл-Фараби саз аспапты (ол мүмкін, домбыра, тамбур немесе канон болар) құлақ күйін келтіріп алып, бір көңілді күйді шеберлікпен орындап еді, сол жерде отырғандардың бәрі жайраң қағып күліп, көңілденіп сала берген. Біраз уақыттан кейін оған тағы бір өтініш айтады. Енді бұл жолы ол аспабының құлақ күйін басқаша келтіріп, өте қайғылы, зарлы күйді ыңырантқанда, тыңдаушылары көз жасына ерік береді. Соңында одан үшінші рет тағы өтінеді. Фараби домбыраның құлақ күйін тағы бір ерекше ырғаққа ыңғайлап алып, жүрек қылын шертетін нәзік те майда әуенге сызылта жөнелгенде, тыңдаушылары бастарын төмен сала қалғып, терең ұйқыға кетеді. Мұны байқаған әл-Фараби болса жайымен шығып, үйіне кетеді.
Оның әйгілі көп томдық шығармасы «Китаб әл-Музыка әл-Кабир» («Музыка туралы үлкен трактат») көп тілдерге аударылады. Осы кітаптың араб тіліндегі бір нұсқасы бүгінгі таңда Лейден университетінің (Нидерланды) кітапханасында сақтаулы тұр. Түсініктемесімен берілген тағы бір толық нұсқасы француз тіліне аударылып, 1930-1935 жылдары Парижде басылып шығады.
Бұл еңбегін жазарда ол көп ізденеді, бірақ музыка теориясы жөнінен тұщымды еңбек таппай, музыка теориясын басынан бастап өзі жазып шығады. Музыка туралы еңбектенген одан кейінгі араб оқымыстыларының бәрі саз әлеміне оншалықты жаңалық енгізе алмаған немесе «Кітаб әл-Музыканың»ойларын қайталаған. Сондықтан 1840 жылы ғалым Козегартен де өзінің музыкалық зерттеулерін әл-Фарабидің еңбектері негізінде жазып шығады.
«Музыка туралы үлкен трактат» математика мен физикаға қатысты материалдарға да өте бай. Мәселен, кітаптың көптеген бөлімдерінде дыбыстың физикалық негіздері мен оның таралуы, өлшемі және тағы басқа қасиеттерін қамтиды. Дыбыс интервалдарының орналасуын математикалық қасиеттерімен, арифметикалық, тіпті алгебралық, сызба-геометриялық негіздерге де сүйенеді.
Әл-Фараби сондай-ақ математика, геометрия, астрономия, физика, география, медицина, ғылыми философиялық еңбектерді де көп жазған, Эвклид пен Птолемейдің, Аристотельдің, Платонның және басқа ежелгі ойшылдардың еңбектеріне терең түсініктеме, талдау жасап, «Екінші ұстаз» деген құрметті атты иеленді.
Ойымызды қорытындылай келе айтарымыз, Шығыстың ұлы ойшылдары Ибн Сина (Авиценна), Бируни, Омар Хаям, Жами әл-Фарабиді өздерінің ұстазы әрі тәлімгерлері санайтыны тегін емес.
Сондай-ақ әл-Фарабидің еңбектері Еуропа ғылымының өркендеуіне де үлкен септігін тигізді. Бэкон, Леонардо да Винчи, Коперник, Кеплер, Лейбниц сынды ғалымдары да әл-Фарабиге көптеп қарыздар.
Әл-Фарабидің басты еңбектері:
«Музыка туралы үлкен трактат», «Ғылымдардың шығуы туралы трактат», «Даналықтың інжу-маржаны», «Қаланың қайырымды тұрғындарына көзқарас», «Астрология заңындағы дұрыстықтар мен бұрыстықтар», «Птоломейдің «Алмагестіне түсініктеме», «Философияны игерудің қажетті шарттары», «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарындағы кіріспелердің қиындықтарына түсініктеме» және тағы басқалары.
Дайындаған К. ОРАЗБЕКҰЛЫ.