Сәкеннің саябағы
Сәкеннің есіне осыдан он жыл бұрынғы оқиға түсті. Ағасы үйленетін болып, барлығы үлкен шаһарға келген-ді. Тәуелсіздіктің он жылдығын тойлап жатқан әсем Алматы мерекелік сәнге бөленіпті. Бүкіл тума-туыстарымен бірге қаланы ұзақ аралап, Сәкен де қатты қуанды. «Медеуге» қыдырып барған кезде ағаштың астында төгіліп жатқан саусақтай ұзынша, жып-жылтыр жемістерді көрді. «Бұлар еменнің жаңғағы, — деді атасы. – Ауылға алып кетемін, сендерді».
Сәкен жаңғақтарды салафан қалтаға уыстап сала берді. Жүсіп пен Сүгір емен ағашының жаңғақтарын уыстап біраз таңырқасты.
— Қайдан әкелдің? Бір дорба етіп ерінбей қалай теріп алғансың? Қашан егесің? Біздің жерге Алматының емені өсер ме екен?
— Мұндай төзімді ағаштар сазды топырақта да жайқалып, бой көтереді. Жалпы, емен ағаштары 5 мың жыл өмір сүретін көрінеді. Оның 100 түрі бар. Мәселен, Литвада 2 мың жыл жасаған ғажайып емен ағашы өсіп тұр.
— Мәссаған! — Сүгір тісін жарқырата көрсетіп, таңдана басын шайқады.
— Күтім және жүрек жылуы, аялы алақан керек. Осылар болса, не нәрсе де жайқала түспек.
Сәкен ол кезде бар болғаны 7 жаста болатын.
Қыс бойы жылтыр қалтада, ағын судың астында жатқан «жаңғақтарды» Сәкен көктемде үйінің алдындағы топыраққа көміп, атасы екеуі тамырдың жандануын тағатсыздана күтіп жүрді. Кейінірек өркен жайып сабақтану, түптену кезеңдерін қырағы бақылады. Алғашқы өскіндері жапырақ жая бастағандағы оның қуанышын көрсеңіз.
Бала және ағаш. Жылдар жылжыса да екеуінің арасындағы байланыс үзілмеді. Бірінші сыныпқа баратын жылы еккен жаңғақтары бірте-бірте шыбық болып қылтиды, онымен бірге Сәкеннің бойы да, ойы да өсті.
Тәуелсіздік мерекесі келгенде, жыл сайын Сәкеннің көкірегін ерекше бір сезім билейді. Өйткені, Қазақстанды әлем таныды. Елдің жыл-дан-жылға еңсесі көтеріліп, әл-ауқаты жақсарып келеді. Мемлекетіміз алып бәйтерек сияқтанып уақытпен бірге бұтағын кең жайып, тамырын нық бекітуде. Сәкеннің емені де жылдан-жылға жапырақ жайып, бұтақтары жуандап, толыса түсті.
Қазір Батыс Қазақстандағы «Қырғауылды» ауылында емен ағаштары әуелеп бой көтеріп қалды. Барлық мейірімін төгіп, баптап күткен 30 түп дарақтарын ауылдастары «Сә-кеннің саябағы» деп атайды.
— Емен ағашы жерді бекітеді, өзге дарақтарды қорғайды. Ауылды көркейтеді.
Ауаны жақсар-тады. Әсіресе, еменді мықтылығы үшін ерекше ұнатамын, — дейді биыл 11-сыныпта оқып жүрген Сәкен Естемісов.
Сәкеннің бағы жыл санап көркейе түсуде. Көк байрақты қазақ елі секілді небір қиындықты, ыстықты, суықты бастан өткізді. Бірақ, мойымайды, тамырын тереңге жіберді, өсіп, өркендеп келеді.
Емен және Сәкен. Екеуінің арасында тылсым күш бар секілді. Жүрген жерінің бәрін жасыл желекке, гүлге айналдырғысы келетін Сәкен болашақта агроном боламын деп, жоғары оқу орнына түсуге әзірленіп жүр.
— Қайткенде де тәуелсіз елімнің гүлденуіне үлес қосуға тиіспін, — дейді ол оңашада өзіне-өзі.
Несі бар, Сәкен сияқты елін, жерін сүйетін жасөспірімдердің жанашырлық сезіміне, көркем мінезіне, ақыл кенішіне табиғат қана емес, көк байрақты қазақ елі де сусап отыр емес пе?
Нұрлан ҚҰМАР.
Алматы қаласы.