Математиканың атасы

4bet_f110Хорезмидің басты еңбектері:
«Әл-джебр мен вал-мукабалды есептеудің қысқаша курстары», «Үнділік әдіспен көбейту және бөлу кітабы», «Жерді суреттеу туралы кітабы», «Астрономиялық таблицалар».
Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми әл Мәжуси 780 жылы Хивада туылып, 850 жылдың мөлшерінде Бағдатта қайтыс болады.
Хорезми жазу, оқу және санауды жергілікті діни мектеп-медреседен үйренеді. Өзінің туған тілімен бірге ол парсы, араб және Үндінің әдеби тілі – санскритті меңгереді.
Білім-ілімге деген ұмты-лысы Мұхаммед Хорезмиді жиырма жасында Бағдаттан бір-ақ шығарады. Дарынды да еңбекқор Хорезми Бағдадта білімін тереңдетіп, ғылыми ізденіс-
термен айналысады. Ежелгі грек тілін үйреніп, Евклид, Архимед, Апполонияның еңбектерін зерттеп оқиды. Ол математик, географ, астроном, тарихшы, дәрігер болумен бірге, Орта Шығыста жетекші ғалым дәрежесіне көтеріледі. 35 жасар Хорезмиге кітапхана, обсерватория жетекшілігі, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру жүктеледі.
Хорезми обсерваторияда көптеген жұлдыздардың қозғалысын зерттейді. Сол зерттеулердің қорытындысы ретінде өзінің әйгілі «Астрономиялық таблицалар» атты еңбегін жарыққа шығарады. Бірақ бұл еңбектің түп нұсқасы қолымызға тимегенімен, испандық араб Әбу әл-Қасым әл-Маджритидің  Х ғасырда жариялаған варианты негізінде латын тіліне аударылған нұсқасы бүгінге жетеді. Бұл кітап бүкіл Еуропада астрономиядан жетекші кітапқа айналады. Кітапта жер шары мередианы доғасының ұзындығы 111 815 метр деп көрсетілген. Ал қазіргі заман өлшемі бойынша, бұл доғаның ұзындығы – 110 938 метр. Хорезми өлшемімен бір пайыздан да аз айырмашылық бар. Бұл – сол уақыт бойынша өте үлкен дәлдік.
Хорезми – ұлы географ. «Жерді суретту туралы кітабы» («Китаб сурат ал-ард») араб тіліндегі жетекші кітаптардың бірінен саналады. Бір мәліметтер бойынша, Хорезмидің жетекшілігімен 70 географ бірігіп дүние жүзі атласын құрастырумен айналысқан дейді.
Хорезмиді дүниежүзіне әйгілеген оның математикалық еңбектері. Солардың ішінде бүгінгі күнге жеткендері: «Үнділік әдіспен көбейту және бөлу кітабы» мен «Әл-джабр мен вал-мукабалды есептеудің қысқаша курстары».  Біріншісінде арифметика туралы баяндалса, екіншісі алгебраға арналған.
Хорезмидің латын тіліне аударылған арифметикалық трактаты ХІV ғасырда табылған. Бүгінде Кембридж университетінің (Ұлыбритания) кітапханасында сақтаулы. Кітап «Алгоритм айтады…» деген сөздермен басталады.
«Үнділік тәсіл» арифметика негіздеріне бекерден-бекер қабылданбаған. Үнділіктер ашқан есептеудің ондық позициялық жүйесі адамзат тарихындағы ұлы жетістіктердің бірінен саналады. Хорезмиге дейін математикада римдік сандарды қолданып келген еді. Бұл сандар арифметикалық есептеулерде көптеген қолайсыздықтар тудыратын. Мәселен, үнділік тәсілмен жазылған 3834 санын римдік жазумен МММДСССХХХІҮ деп 12 белгімен түсіндіретін. Сондықтан орта ғасырларда қарапайым арифметиканың өзін 15 жылға жуық оқытатын. Арифметиканың төрт амалын тек математика профессорлары ғана игеріп шығатын. Ал Хорезми математикаға он белгіден тұратын 1,2,3,4,5,6,7,8,9 және 0 сандарын енгізгеннен кейін арифметикалық есептерді түсініп оқу оңтайланып шыға келді.
Хорезми шығармашылығын шыңға шығарған кітап «Әл-джебри мен вал-мукабал», мұнда алгебра негіздері қамтылған. Бізге оның 1342 жылғы араб
тіліндегі көшірмесі ғана жетті. Ол Оксфорд университетінің кітапханасында сақтаулы. Хорезмидің «Алгебра мен валмукабалы» (кітаптың аты латын тілінде «алгебра» деп қате жазылып, содан бері математиканың бұл саласы «алгебра» деп аталып кетті) 830 жылы жазылған кітап үш бөлімнен тұрады: 1. Теңдеуді шешу жолдары;
2. Геометриялық тапсырмаларды өлшеу және шешу; 3. Мұрагерлікке байланысты тапсырмаларды шешу.
Негіздерін Хорезми салған алгебра кең ауқымды ғылымға айналып кетті, бүгінде онымен айналыспайтын ел, ғылым саласы жоқ. Күллі түркі халықтары ұлы ғылым Мұхаммед Хорезмиді мақтаныш тұтады.
Дайындаған: Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ